27 қаң, 2020 сағат 12:30

Қытаймен шекарадағы өткізу бекеттерінде бақылау күшейтілді

ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Қытаймен шекарадағы өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік бақылауды күшейтті, - деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

Бұл шаралар Қытайдың Ухан қаласындағы коронавирустың өршуіне байланысты қолға алынды. Вирус таралуының алдын алу үшін министрлік Қытайға сапардан уақытша бас тартуға кеңес береді.

«Алтынкөл теміржолы», «Нұр жолы», «Қорғас» ХШЫО бақылау-өткізу бекеттерінде және Үрімжі - Алматы пойыздарында аурудың алдын алу шаралары жүргізілуде.

Еске сала кетейік, «Қорғас» ХШЫО 2020 жылдың 2 ақпанына дейін жабық тұр. Өткізу бекеттерінің Қытайдың жаңа жыл мерекесін тойлауға байланысты жабылған болатын.

Сонымен бірге барлық әуежайлар мен теміржол вокзалдарында, автомобиль өткелдерінде, әсіресе ҚХР-дан келген адамдарға (жолаушыларға, тасымалдаушыларға, экипаж мүшелеріне, бортсеріктерге және басқаларға) міндетті термометриялық тексеру жүргізіледі.

Қазіргі уақытта мемлекеттік шекараның өткізу бекеттерінде ҚХР-дан келген 19 704 адам тексеруден өтті: Алматы және Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайларында 17 043 адам, теміржол вокзалында – 161 адам тексерілді. Олардың арасында дене қызуы көтерілген және сырқат белгілері бар жолаушылар болмады.

Айта кетейік, медициналық ұйымдарда қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізімі жасалды. Жергілікті денсаулық сақтау органдары жұқпалы аурулар стационарының пациенттерді қабылдауға дайындығын және басқа ауруханаларға қосымша төсек орындарымен қамтамасыз етті. Сонымен бірге, медициналық қызметкерлердің теориялық және практикалық дайындығы пысықталды.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры негізінде 1406 және + 7 (7172) 76-80-43 Call-орталығы ашылды. Онда тұрғындар тәулік бойы қоңырау шалып, әлемдегі коронавирустық ауру жағдайы туралы қажетті ақпарат пен алдын алу шаралары туралы біле алады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі аталған жағдайды тұрақты бақылауына алды.

Еске салайық, кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдан Қазақстан аумағына коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша нақты ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырған болатын.

Қазір Қытайда пневмониялық инфекцияның жаңа түрі тарап жатыр. Сырқатқа шалдыққан және көз жұмғандар саны күн санап артып келеді. Алғашқы науқастар тіркелген күндері (15 қаңтар) есепке 41 адам алынған болатын.

Соңғы мәліметтер бойынша коронавирус ауруымен ауырғандар саны 2,7 мың адамнан асты, 80 адам өлімі тіркелген. Жаңа коронавирустық инфекциямен ауыратын адамдардың көпшілігі Хубэй провинциясында (1 423, 76-сы қайтыс болған). Қазақстанмен шекаралас ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында (ШҰАР) 5 адамның ауруды жұқтырғаны анықталды.

Қазақстан коронавирусты зертханалық жағдайда анықтауға мүмкіндік беретін праймерлерді сатып алуды бастады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елімізде инфекция тіркелмегенін ресми мәлім етті.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпаратынша, карантинге жабылған Қытайдың Ухан қаласында бүгінде Қазақстаннан 230 студент оқиды. Олардың 98-і ғана қалада қалып отыр. Қалғандары демалыстың басталуына байланысты Қазақстанға және басқа да елдерге кетіп қалған.

Еліміз өңірлеріндегі барлық әуежайларда профилактикалық шаралар және оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілуде.