#
#
Сейсенбі 21/11/2017

Қытайлық кəсіпорын Қостанайға 1 млрд доллардан астам инвестиция салады

  • 08.11.2017
  • 0
  • 2917

«СарыарқаАвтоПром» зауыты, China National Vehicle Import and Export Company жəне «Kazakhexport» Экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қол қою рәсіміне Қостанай облысының əкімі Архимед Мұхамбетов, Қазақстанның Даму банкінің төрағасы Болат Жəмішев, «Аллюр» компания тобы» АҚ басқармасы төрағасы Юрий Цхай, General Technology Group компаниясының өкілі Ванг Су Шенг қатысты.

Облыс əкімі Архимед Мұхамбетов қытайлық компания Қостанайға 1 млрд 200 млн доллар инвестиция құятынын айтты.

«Бұл аз қаржы емес. General Technology Group компаниясы əлемдегі əлеуетті 500 кəсіпорынның ішіне кіреді. Соңғы жылы Қостанайдағы автомобиль шығару ісі 4 пайызға артты. Осы қарқында жұмыс істей берсек, отандық автоөндіріс саласын кеңейтіп, əлемдік нарыққа емін-еркін шығамыз», - деді өңір басшысы.

Бүгінде автонарықта бәсекелестік жоғары. Жоспар бойынша «СарыарқаАвтоПром» зауыты жыл соңына дейін алты мың дана көлікті сатылымға шығаруға ынталы. «Аллюр» компаниясы тобы» АҚ директорлар кеңесі төрағасы Андрей Лаврентьевтің айтуынша, үшжақты əріптестік нəтижесінде «СарыарқаАвтоПром» ЖШС JAC автокөліктерін Ресей нарығына шығару құқығына ие болады.

«Бүгінгі меморандум Елбасының қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Кәсіпорын Қытай, Өзбекстан сияқты елдермен тығыз байланыста. Соңғы жеті жыл ішінде зауыт 30 мың автокөлік құрастырды. Барлығы 41,6 млрд теңгенің өнімдері өндірілді», - деді Юрий Цхай.

Қазақстанның Даму банкінің төрағасы Болат Жəмішев те бүгінгі меморандумның маңызына тоқталды. Оның сөзінше, машина құрастыру ісі ел экономикасын дамытудың басты тетігіне айналды.

0 пікір

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар