16 мам, 2017 сағат 08:04

Қытайдың аса үлкен амбициясы

Бүгін Қытай өз тарихындағы ең үлкен қадамның бірін жасады. Ол "Бір белдеу-бір бағыт" атты экономикалық даму жоспары.

Аталмыш жобаны ұсыну арқылы Қытай әлемдік гегемондыққа ұмтылатынын анық байқатты. Өйткені бұл жоба екі ірі бағыттан тұрады. Олар: "Құрлықтық экономикалық Жібек Жолы" және "21 ғасырдағы мұхиттық Жібек Жолы" атты қос бағыт.

Жоба шынайы тұрғыдан жүзеге асса әлем халқының 63% қамтып, жылдық қаржы табысы 21 трлн долларға жетуі мүмкін. Аса үлкен амбиция. Анау-мынау айтса күлер едік, бірақ Қытайдың бұл жобаны асыруға мүмкіндігі де, ниеті де жетерлік.

Бірақ бір ғана сұрақ: Асыруға мүмкіндік бере ме? Менің ойымша АҚШ бұл жобаға көз жұмып қарап отырмайды. Өйткені бұл тек қана АҚШ экономикасына ғана емес, оның әлемдік үстемдігіне төнетін үлкен қауіп. Бұл тікелей долларға соққы жасайтын қатерлі Қытайлық қадам. Неге десеңіз, Қытай бұл жобаны сәтті жүзеге асырса, онда өзі сауда жасайтын әлгі әлем халқының 63%-мен сауда қатынасын юаньда жүргізетін болады деген сөз. Ол сәтте доллар өзі-ақ екінші позицияға түсіп қалар еді.

Ондай жағдайға апаратын жобаға Вашингтон аузын ашып қарап отырмасы анық. Сондықтан жақын арада үлкен саяси шешімдер қабылданса таң қалмаймын. Мысалы СУАР(ұйғыр автономиясы) қайта тұрақсызданса немесе Тибет аймағы бір тыпыршыса, Тайваньға АҚШ қаруы келіп жетсе, тіпті Пекинмен шектесетін Солтүстік Кореяға соққы жасалса таңданбаңыз.

Асхат Қасенғалидің фейсбуктегі жазбасынан