19 ақп, 2020 сағат 08:34

Қытайдағы Қазақстан дипломаттарының отбасылары эвакуацияланды - министр

ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қытай аумағында қалған Қазақстан азаматтары туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ертең Уханьнан екі азамат елге оралады. Украинаның ұшағы бар, олар өздерінің азаматтарын алып кетуге барғанда , біздің екі азаматымызды да қоса ала келеді. Осы орайда Алматыда техникалық аялдап, біздің азаматтарды түсіріп, ары қарай Киевке ұшады», - деді М. Тілеуберді Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Сонымен қатар министр ҚХР аумағында қызмет етіп жүрген Қазақстан дипломаттары туралы айтып берді.

«Олардың отбасыларын эвакуацияладық. Онда тек отағасымен бірге қалуға ниет білдірген отбасылар ғана қалды. Атап айтқанда, дипломаттар, барлық мекемелер штаттық режімде жұмыс істеуде», - деп нақтылады ведомство басшысы.