17 ақп, 2020 сағат 06:34

Қытайда коронавирустан көз жұмғандар саны 1770 адамға жетті

Қытайда коронавирустан көз жұмғандар саны 1770 адамға жетті, деп хабарлайды ҚХР Гигиена және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі мемлекеттік комитеті.

Өткен тәулікте (16 ақпан сағат 24:00-дегі жағдай бойынша) материктік Қытайда коронавирустың жаңа түрін жұқтырудың 2048 жағдайы (Хубэй провинциясында -1933) анықталды, 105 адам көз жұмды (Хубэйде-100).

Соңғы мәліметтер бойынша, ҚХР-да коронавирус жұқтыру жағдайларының расталған жалпы саны 70 мыңнан асты, қаза тапқаны - 1770, емделіп, ауруханадан шығарылғандары – 10 мыңнан астам адам.

Ресми статистикаға сәйкес, материктік Қытайда коронавируспен ауырғандар саны күн сайын эпидемияның ошағы болып саналатын Хубэй провинциясынан тыс жерлерде он үшінші күн қатарынан төмендеуде.

Гонконгте коронавирус жұқтыру жағдайларының расталған 57 фактісі тіркелді, Макаода (Аомэнь) – 10, Тайванда – 20.

Қазақстанмен шекараласып жатқан ҚХР-дың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі (Қытай) 75 жаңа коронавирус оқиғасы тіркелді, оның біреуі көз жұмды, 12-сі емделіп шықты.

Қазіргі уақытта ШҰАА Іле-Қазақ автономиялы облысында (ИКАО) 14 пациент емделуде, ал Шыңжаң-Ұйғыр Автономиялық өлкесінің әкімшілік орталығы Үрімші қаласында - 19. Жалпы, Шыңжаңда бес мыңнан астам адам медициналық бақылауда.