13 қаң, 2018 сағат 11:59

Қытай түрмесінде 8 ай жазықсыз жатқан отандасымыз елге оралды (Видео)

Қытай түрмесінде 8 ай жазықсыз жатқан отандасымыз елге оралды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Көрші елдің құзырлы органдары Өмірбек Бегалыға ешқандай кінә арта алмай, ақыры бостандыққа жіберген. Қазір Өмірбек секілді шекара асып, қапасқа түскен қандастарымыз аз емес. Мәселен, осыдан 4 күн бұрын ғана Қытай полициясы Алматы тұрғынын темір торға жауыпты. Себебін де ешкім түсіндірмеген.

- Бейкүнә қол-аяғы байланып қамауда жатады екен,

Ойланып, өз өмірін таразыға салған кезде,

Ақырындап бәрін түсініп қалады екен.

Бұл - шерден шыққан жыр. Өмірбек Бегалы нақақтан-нақақ сегіз ай Қытайдың қапасына отырып шыққан. Торда өткен 250 күннің ішінде 40 келі салмақ тастапты. Былтыр ЭКСПО-ға  турист тарту мақсатында сол жақтағы әріптестерімен келісімге отыруға барған екен. Жолай Шыңжаңдағы ата-анасының амандығын білуге ат басын бұрады. Ертесіне қытайлық полицейлер келіп, әй-шәйға келмей, Қарамай қаласындағы түрмеге тоғытқан.

Өмірбек Бегалы:

- Бір тексереміз деген әңгімемен 8 ай қамап тастады. Соңында ешқандай кінә тапқан жоқ. Бірақ, компьютерге, қара тізімге енгізіп қоямыз. Қытайға келе алмайсың деді.

Айыпты да сол күйі таға алмаған Қытай полицейлері соңында осылай қулыққа көшкен көрінеді. Ақыры туған жерін, ата-анасы мен ағайын-туысын көруден қаламын ба деп қорыққан Өмірбек олардың айтқанына келісіп, моральдық шығынды дауламаған. Қолына бостандыққа жіберген қағазын алып Қазақстанға қайтты. Сегіз ай бойы екі көздері төрт болып, сағыныштан сарғайып, уайымнан үгітілген балаларының енді әкелерін жандарынан бір адым аттатқылары келмейді.

Анасын көруге аттанған алматылық Анаргүл Сейдахметтің жары да 4 күн бұрын Бақты кеден бекетінен өткенде қамалыпты. Үш жасар ұлын жетектеген Ерсін Құрметтің де қолына не үшін кісен салғанын Қытай тарапы түсіндірмеген. Қытайда туған олар Қазақстан азаматтығын былтыр алған екен. Алматыда шағын кәсіптерін де бастаған. Бір-ақ сәтте басқа түскен бейнет қорқынышты түстей. Бір жасар баламен қалған Анаргүлдің бар үміті енді тек отандық дипломаттарда.

Анаргүл Сейдахмет, Е.Құрметтің жары:

- Ешқандай ол жақта қарызымыз жоқ. Басқалай да саясатқа қатысымыз жоқ. Таза болғаннан кейін қорықпай өтіп кеткен ғой. Барлық басшылардан, Сыртқы істер министрлігінен, барлық кісілерден көмек сұраймын.

Сыртта құқықтары тапталған қазақтарды қорғау мақсатында бертінде «Атажұрт» ұйымы құрылыпты. Айтуларынша, қазір Қытайдың өзінде бес қандасымыз еш себепсіз түрмеге жабылған. Одан бөлек Қазақстандағы туыстарына келген Қытайда тұратын қыспаққа алынған қандастарымыз көп екен.

Қыдырәлі Оразұлы «Атажұрт» ұйымының төрағасы:

- 220-ға жуық нақты сотталған азаматтар бар. Еш себепсіз. Соның көбі Қазақстанға барғаны үшін, Қазақстандағы туыстарымен сөйлескені үшін түрмеге кіріп кеткен. Біз СІМ арыз жазғаннан кейін, СІМ Қытайдағы Қазақстан елшілігіне тапсырма беріп, сол елшілік сол жақтағы түрмеде отырған Қазақстан азаматтарына барған, соның арқасында қазір бір ағамыз шығып келді.

Тырнақ астынан кір іздеген қытайлықтардың әрекетін түсіну қиын болып тұр. «Атажұрт» ұйымы жазықсыз шекараның арғы бетінде түрмеге жабылған отандастарымыз туралы мәліметті жинақтап, Сыртқы Істер министрлігіне өткізген. Қазір отандық дипломаттар қандастардың жайына қатысты Қытай билігімен келіссөзді бастап кетті.