25 қаң, 2017 сағат 13:48

Қытай телеарнасы Димаш Құдайбергеновті қорғау үшін арнайы төрт күзетші бөлген

Қытай телеарнасы Димаш Құдайбергеновті қорғау үшін арнайы төрт күзетші бөлді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". Мұндай ақпарды әншінің продюсері әрі досы Алпамыс Шаримов жеткізіп отыр.

"Бұл күзетшілерді бізге Hunan TV арнасы бөлді. Себебі олар өз пайымдауынша, Димаш сыртқа шыққан кезде жалғыз жүрмеуі керектігін ескертіп айтты. Десек те, біз басында, әрине, бұлай болады деп ойламадық. Бірақ ұйымдастырушылардың айтқаны рас болып шықты. Адамдар көптеп танығандықтан, бізге күзетшілердің қажет екенін сол кезде түсіндік", - дейді Instagram желісінде әншіні танып, суретке түсіп жатқан жанкүйерлердің суретін жариялаған продюсер.


© Алпамыс Шаримов

Сондай-ақ, ол мұны Димаш Құдайбергеновтың жанкүйерлерімен арнайы кездесуі емес екенін айтты. "Жанкүйерлермен, өкінішке қарай, ресми түрде кездескен жоқпыз. Ол кезде көшеге үйге сыйлық алу үшін, өз жоспарларымызбен шыққан болатынбыз. Бұл арнайы кездесу емес, көшедегі кісілердің кездесіп, танып жатқаны", - деді ол.

Айта кетейік, продюсердің айтуынша, қытайлықтар қазақ тілі курстарына жазылып жатыр екен. "Айтпақшы, бүгіннен бастап бір топ қытайлық Димаштың фанаттары қазақ тілі курсына жазылыпты. Димаштың ана тілін түсіну үшін. Журналистер құлағына алтын сырға: бұл ресми ақпарат!", - деп жазды ол.

Еске салайық, қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенов Қытайдағы I Am a Singer музыкалық байқауына қатысқаннан кейін бұл елде танымал болды. Көптеген БАҚ отандасымыз туралы жазып жатқаны жайлы да ақпарат тараған еді. 

Димаш Құдайбергенов телешоудың бірінші кезеңінде SOS d'un terrien en détresse әнін француз тілінде орындап, жеңімпаз атанған болатын. Әнші қатысып жатқан конкурста 14 кезең бар. Конкурс Қытайдың Чанша қаласында өтіп жатыр. Келесі кезеңнің қорытындысы 28 қаңтардашығады. Келесі кезеңде ол Ресейдің әйгілі әншісі Витастың ең күрделі саналатын "Опера 2" композициясын орындайды. Алайда бұл туралы хабарлаған әнші өзін Витаспен салыстырмауды сұраған болатын.  Әрине, Витас жақсы әнші, оны құрметтеймін, бірақ мен "Екінші Витас" емеспін! Музыкадан xабары бар мамандар мені жақсы түсінеді!..", - деп жазған еді әнші Instagram желісінде.