09 мау, 2017 сағат 09:17

Қытайдағы қазақтар неге қысым көріп жатыр?

Азаттық тілшісіне Қазақстанға көшіп келген Қытай қазақтары сол елде қалған таныс-туыстарының және Қазақстан азаматтығын алып қайта барған этникалық қазақтардың "саяси тәрбие" науқанынан қысым көріп, "қамауға алынып жатқанын" хабарлады. Ал Қазақстанға келген Қытай делегациясы өкілі ол ақпаратты жоққа шығарады.

"ЕШ ХАБАР ЖОҚ, ҚАМАУДА ЖАТЫР"

Қытайдан Қазақстанға 2005 жылы қоныс аударып, 2008 жылы азаматтық алған Раушан есімді әйел Азаттыққа хабарласып, 46 жастағы күйеуі, Қазақстан азаматтығын алған Өмір Бекалының "екі ай бұрын Қытайға жұмыс бабымен кетіп, сол күйі оралмағанын, өзіне жеткен ақпараттарға қарап, Қытай билігі ұстап алып қалды деп болжап отырғанын" айтты.

- Күйеуім Өмір 2017 жылы наурыз айының 23-і күні іссапармен Қытайдың Үрімжі қаласына үш күнге барған. Сол жердегі жиынға қатысып, ары қарай Тұрфанда тұратын шешесіне жолығуға кеткен. Шешесіне барған жерінде жолдасымды Қарамайға (Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданындағы елді мекен атауы) алып кетіпті. Екі айдан асты, еш хабар жоқ, қамауда жатыр, - дейді Раушан.

Раушан Өмір Бекалының "қамалғанын" оның Қытайда тұратын шешесінен естіген. Алайда Азаттық тілшісіне Бекалы мырзаның шешесімен хабарласу мүмкін болмады. Ал Раушанның ақпаратына қарағанда, күйеуі Қытайға Алматыдағы "Аққу" туристік фирмасының жұмыстарымен барған. Азаттық тілшісі аталған фирмаға хабарласқан еді. Өзін "Фариза" деп таныстырған әйел адам Өмір есімді қызметкерлерінің Қытайдан оралмағанын растады.

- Иә, бұрын бізде істеген. Қытайға барғанда қамауға алынғаны да рас. Қазір ешқандай хабарымыз жоқ, - деді Азаттыққа фирма қызметкері.

Қытай мемлекеттік туына құрмет көрсету шарасы. Көктоғай ауданы, Алтай аймағы, Қытай. (Көрнекі сурет.)
Қытай мемлекеттік туына құрмет көрсету шарасы. Көктоғай ауданы, Алтай аймағы, Қытай. (Көрнекі сурет.)

Раушанның айтуынша, Қытайға жолдасымен бірге барған фирма қызметкерлері "ештеңе білмейміз" деп, мәселенің мән-жайынан хабарсыз екендерін айтқан. Раушан күйеуінің тағдырына алаңдаулы, ерлі-зайыптылардың кәмелет жасқа толмаған үш баласы бар.

Ол ерін Қытайға өзі барып іздестіруге қауіптенеді. Осы себепті күйеуінің тағдырын білуге көмектесуді сұрап, Қазақстан сыртқы істер министрлігіне хат жазған. Алайда ол тараптан әзірге "жауап келмеген". Азаттық тілшісі де Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметі жетекшісі Әнуар Жайнақовқа хабарласып, Өмір Бекалыға қатысты қандай да бір мәлімет алуға тырысқан еді. Алайда Әнуар Жайнақов "өзінде әзірге ешқандай ақпараттың жоқ екенін, жақын уақытта әріптестерінен біліп беретінін" ғана айтты. Мұнан соң бірнеше күн қатарынан хабарласқан тілші сыртқы істер министрлігінен жартымды жауап ала алмады.

"КӨШІ-ҚОН ТУРАЛЫ АЙТҚАНДАР ҚАМАЛЫП ЖАТЫР"

Азаттық тілшісі Қазақстанға келген басқа Қытай қазақтарымен де әңгімелесіп көрді. Толық аты-жөнін айтудан бас тартқан, Қазақстанға келгеніне бірнеше жыл болған Астананың Рамазан атты тұрғыны "Қытайда қазақтарды қамау оқиғалары бар" екенін айтады.

- Қытайға туысшылап барып ұсталып жатқан бір ғана Өмір емес. Біздің WeChat тобымызда 40-тан астам адам бар едік. Өзара тамыр-таныстарымызға Қазақстанға көшу туралы үгіт айтатынбыз. Екі-үш ай ішінде сол топтағылардың ішінде қамалғандары бар, - дейді ол.

Рамазанның айтуынша, Қазақстан азаматтығын алуға құжат өткізіп қойған оған бір ай бұрын Қытайдан шақыру қағазы келген.

- Мен қазір ықтиярхатпен жүрмін. Қазақстан азаматтығын алу туралы өтініш беріп, құжаттарымды өткізіп қойғанмын. Соған қарамастан маған Қытайдан шақыру келді. Мен бармайтынымды, Қазақстанда түбегейлі қалатынымды айтып, жауап хат жібердім. Егер барсам, мені де ұстап қамап тастай ма деп қауіптенемін, - дейді Рамазан.

Азаттық тілшісіне Рамазан айтқан ақпараттарды растаудың сәті түспеді, Қытайдың жергілікті ресми органдармен сөйлесу мүмкін болмады. Азаттық тілшісі "тергеуге ілінді" деген Қытайдағы қазақтардың телефон нөмірлеріне де және туыстарына да қоңырау соққан еді, телефон тұтқасын көтерген адамдар хабарласып тұрған қазақстандық журналист екенін білген бетте тұтқаны тастай салып отырды. Рамазан Қытайдағы қазақтардың бұл әрекетін "олар қорқып қалған" деп жориды.

"САЯСИ ТӘРБИЕНІҢ ЕРЕКШЕ НАУҚАНЫ"

Азаттық тілшісі сөйлескен Қазақстандағы Қытай қазақтарының барлығы мұндай "қамаулардың" бар екенін растайды. Алайда олардың айтқандарынан мұның айып тағып, сотқа тарту емес, ерекше қысым тәсілі екені аңғарылады. Мәселен, аты-жөнін толық айтқысы келмеген, Қытайдан көшіп келгеніне 10 жылдан асқан Берік атты азамат өзінің Қытайдағы туыстарына жақында барып-қайтқанын баяндап:

- Қытайда болымсыз күдікті әрекеті үшін ұстау әрекеттері 2017 жылдың қаңтар айынан басталған екен, - дейді.

Оның сөзіне қарағанда, Қытайдан шетелге шығып келген немесе Қазақстан жайлы көп айтқан азаматтар тергеу-тексеруге ілігеді. Беріктің сөзінше, екі айға дейінгі мерзімге қамалғандарды "саяси тәрбие орталықтарына" жібереді.

Алтай аймағынан жүздеген адамның "саяси тәрбие орталығына" жіберілгені айтылып жатыр. Олар негізінен үш күннен екі айға дейін "тәрбиеленіп", "үйреніп" қайтады.

- Ресми ақпарат жоқ. Бірақ ел ішінде бір ғана Алтай аймағынан жүздеген адамның "саяси тәрбие орталығына" жіберілгені айтылып жатыр. Олар негізінен үш күннен екі айға дейін "тәрбиеленіп", "үйреніп" қайтады. Бірақ ешқандай сот шешімі шықпайды. Жергілікті полиция қолыңызға белгілі мерзімге жолдама жазып береді. Бір уақ сабақ оқисыз да, қалған уақытта түрлі қара жұмыс (көше сыпыру, құрылыс, т.б.) істейсіз. Мен барғанда Бурылтоғай ауданындағы уақытша ұстау изоляторы адамға толып, қосымша екі қонақ үйді жалға алыпты. Қазір Қытайда осындай ерекше науқан жүріп жатыр, - дейді Берік.

Азаттық тілшісі Еуропа елдерінде оқып жүрген Қытай қазақтары жастарынан да "саяси тәрбиенің ерекше науқаны" туралы сұраған еді. Ондай науқан жүріп жатқанын растаған олар қосымша сұрақтарға жауап беруден бас тартты.

ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛГЕН ҚЫТАЙ "САҚШЫСЫНЫҢ" ЖАУАБЫ

Қытайдағы қазақтарға қысым және оларды "саяси тәрибелеу орталықтарында" "оқыту" мәселесіне қатысты Қытайдың Қазақстандағы елшілігіне арнайы ресми хат жолдау да мүмкін болмай шықты. Елшіліктің ресми сайтында көрсетілген телефон номерлері факс қабылдамады әрі тұтқаны ешкім көтермейді. Ал елшіліктің электрондық почта адрестері еш жерде жазылмаған. Баспасөз қызметіне де қанша қоңырау шалғанымызбен еш қайран болмады.

Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр ауданында түсірілген көшедегі әскери көлік. (Көрнекі сурет.)
Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр ауданында түсірілген көшедегі әскери көлік. (Көрнекі сурет.)

Алайда мамырдың 30-ы және 31-і күндері құрамында 14 адамы бар Қытай делагациясы Астана мен Алматыға арнайы келіп, Қытайдан қоныс аударған қазақтармен жүздескен еді. Азаттық тілшісіне осы делегациямен келген, өзін "Үрімжі қалалық ішкі істер бөлімінің сақшысы Қасым" деп қана таныстырған ресми өкілмен телефон арқылы тілдесудің сәті түсті. Үрімжінің ішкі істер бөлімінің қызметкері этникалық қазақтарға жасалып жатқан қысым жайлы ақпараттарды "өсек-аяңға" балайды.

- Біз Қазақстанға қоныс аударып, Қазақстан азаматтығын алған бұрынғы Қытай азаматтарының мәселелерімен танысуға, олар қандай қиыншылықтарға тап болды, қандай визалық мәселелер болып жатыр - соны білуге келдік. Ол мәселелер шешіледі. Ал Қытайдағы қазақтар андай болып (қамалып – ред.) жатыр деген сөздер - өсек-аяң. Оған сеніп кетпеңіздер. Біреулер асырып, біреулер білмей айтып жүр, - дейді ол.

Бірақ ол Азаттық тілшісінің шетелге шығып келген адамдарға жасалатын қысым туралы, соның ішінде Қазақстанда ықтиярхатпен жүрген Қытай азаматтарын кері шақыру туралы сауалына:

- Біз өз азаматтарымыздың сыртқа шығып келуіне еркіндік бергенбіз. Олар емін-еркін барып келуіне болады. Бірақ мемлекет ішіндегі кейбір саясаттарды жүргізген кезде олардың уақытына тура келмесе, ол "мен пәлен уақытта барғанмын, пәлен уақытта қайтып келемін" деп мәлімдеуі керек. Ол - мемлекетіміздің ішкі саясаты, - деп жауап берді.

Ал Қытайдан кері шақырту алып отырған Рамазан мен Азаттыққа ақпарат берген Берік "Бұл кісілер тек біз жайлы ақпараттар жинап жүр. Себебі, біздің қойған сауалдарымызға жауап бермейді, керісінше біз жайлы, біздің Қытайдағы туыстарымыз жайлы сұрай береді" дейді.

Қазақтар Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданының Іле-қазақ автономиялық облысына қарасты аудандары мен қалалары, Алтай, Тарбағатай аймақтары, бұлардан басқа бірнеше өңірлердегі қазақ автономиялық аудандарында, Үрімжі қаласында көбірек шоғырланған. Қытайдың 2000 жылы жүргізген халық санағы мәліметтері бойынша, бұл елдегі этникалық қазақтар саны 1 миллион 250 мың болған.

Нұртай Лаханұлы