13 қыр, 2019 сағат 13:10

Қытай Қазақстанға стратегиялық әріптес ретінде қарайды - Берік Уәли

Қытай Қазақстанға стратегиялық әріптес ретінде қарайды. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жалпы, Қытай жоғары технология өнімдерін өндіру бойынша жаһандық деңгейде көшбасшы саналады. Оны мойындауымыз керек. Кешегі сапары барысында оған өзіміз де көз жеткіздік. Оның үстіне әлемдегі экономикасы дамыған екінші ел саналады. Осындай әлеуеті мықты көршімен араласпай, шекараны жауып отыру мүмкін де емес. Мұны барлығыңыз жақсы білесіздер. Сол себепті мынаны түсінуіміз керек деп ойлаймын, Қытай бізге өзінің идеологиялық саясатын жүргізіп, таңып, қандай да бір басқаша құйтырқы ойын жасап отырған жоқ», - деді ол.

ҚР Президенті баспасөз хатшысының айтуынша, қайта біз олардың жаңа технологияларын күнделікті өмірде пайдалануға, инновациялық жаңалықтарын өндіріс орындарына енгізуге мүдделіміз.

«Сонымен қатар Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық экономикаға көшу тапсырмасына сәйкес қытай тәжірибесіне сүйену де маңызды міндет деп есептейміз. Қытай Қазақстанның жеріне ешқашан да көз алартып қарамайды. Біздің территориялық тұтастығымызды толық мойындап отыр. Қазақстанға тек стратегиялық әріптес ретінде қарайды. Оның негізгі мақсаты - сауда жасау. Сауда арқылы пайда табу. Әлемнің қай түкпірінде жүрмесін, бұл - олардың басты мұраты, мақсаты», - деді Берік Уәли.

Сондай-ақ, брифинг барысында Президент көмекшісі Мұрат Нұртілеуов Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырғанын айтты.

«Келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Қытай төрағасын Қазақстанға ресми сапармен шақырды. Оның нақты мерзімдерін Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналармен пысықтайтын болады. Сонымен қатар бірқатар қытай компаниясы Қазақстанға сапар шегуді жоспарлап отыр. Олармен біз жаңа бағыттарда жақсы жұмыс істеуге сөз байластық», - деді Президент көмекшісі.

Сонымен қатар ол Қазақстан Президентінің Қытайға екі күндік мемлекеттік сапары жемісті өткендігін айтты.

«Жалпы, Бейжіңде, Ханчжоуда болған бағдарлама алдын ала Президент Әкімшілігі, Сыртқы істер министрлігі және басқа да мемлекеттік органдардың қатысуымен дайындалған тұжырымдарға толық сәйкес болды деп айта аламыз. Қос Мемлекет басшылары жылы және достық райда келіссөздер жүргізді. Оның барысында дипломатиялық қатынастар орнатылған 27 жылдың ішінде Қазақстан мен Қытай арасында әртүрлі салада қол жеткізілген елеулі нәтижелер жоғары бағаланды», - деді М.Нұртілеуов.