14 мам, 2017 сағат 09:28

Қытай «Бір белдеу, бір жол» елдеріне 11 млрд астам қаражат бөледі

«Бір белдеу, бір жол» стратегиясы аясында халықаралық ынтымақтастық бойынша жоғары деңгейдегі форумның ашылуында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин дамушы елдерге гуманитарлық көмек ретінде шамамен 11 млрд доллардан асатын қаражат бөлу жоспары жайлы айтты, деп хабарлады Қытайдағы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.  

«Алдағы үш жылда Қытай ауқымды жоба көлемін іске қосу және халықтардың жақсы өмірін қамтамасыз ету үшін «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысатын халықаралық ұйымдарға және дамушы елдерге 60 млрд юань (8,8 млрд доллар) көмек көрсетеді. Қытай Жібек жолы бойындағы елдерге 2 млрд юань (шамамен 294 млн доллар) азық-түлік көмегін көрсетеді, «Оңтүстік-Оңтүстік» желісі бойынша ынтымақтастық үшін көмек қорына 1 млрд доллар қосымша қаржы бөледі», - деді ол.

Оның айтуынша, ҚХР «Бақытты үй» 100 жобасын, кедейлікті жою бойынша 100 жоба және «Бір белдеу, бір жол» бойындағы елдерде денсаулық сақтау және сауықтыру бойынша 100 жобаны іске қосады.  

«Қытай  тиісті халықаралық ұйымдарға «Бір белдеу, бір жол» бойындағы елдерге табыс әкелетін жобаларды іске асыруға 1 млрд доллар  береді», деп атап өтті ел көшбасшы.

Еске салсақ, форумға 29 мемлекет және 3 халықаралық ұйым (БҰҰ, Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры) басшыларымен бірге Қазақстан Президенті Н. Назарбаев қатысуда.