04 там, 2017 сағат 11:53

Қытай АҚШ-тың Ресейге қарсы санкцияларына қатысты ұстанымын білдірді

Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Лу Каң АҚШ-тың Ресей, Иран және Солтүстік Кореяға қарсы жаңа санкция енгізуіне қатысты ҚХР ұстанымын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.    

«Ресей, Германия, Франция секілді мемлекеттер санкциялар туралы өз көзқарастарын білдірді. Қытай үкіметі ежелден екі ел арасындағы дауларды келісім арқылы шешуді қолдайды, бір жақты санкция жариялау әрекеттерін құптамаймыз», - деді Лу Каң.

Еске сала кетсек, АҚШ Президенті Дональд Трамптың Ресейге қарсы санкция енгізу туралы заңға қол қойған болатын. АҚШ конгресінің өкілдер палатасы өткен аптада қабылдаған заң жобасында америкалық компаниялар мен жеке тұлғаларға санкцияға іліккен ресейлік банктермен мәміле жасауға тыйым салынады. Сонымен қатар ресейлік энергетикалық секторға да жаңа шектеулер енгізіледі.