22 мам, 2020 сағат 16:18

Қырғызстанның елшісі қазақ шекарашыларына алғыс айтты

Қырғызстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Жээнбек Кулубаевтан Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметіне алғыс айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Белгілі болғандай, Ресей Федерациясы Орынбор облысында пандемияға байланысты елдеріне қайта алмаған қырғыз елінің азаматтарын эвакуациялауда көрсеткен көмегі үшін елшілік қазақ шекарашыларына алғыс айтып, арнайы хат жолдады. 

«Ақтөбе облысы бойынша шекара департаментінің әскери қызметшілерінің адамгершілікпен қарап, аса сабырлықпен және шыдамдылықпен жүргізген жұмысы арқасында, 16 наурыздан бері Орынбор облысы Соль-Илецк қаласында болып, елдеріне қайта алмаған 500-ден аса қырғыз елі азаматтарының Отанына оралуына мүмкіндік туды. Шекара қызметінің барлық әскери қызметшілеріне алғыс айта отырып, өз қызметтерінде жетістікке жетуіне тілектеспін»,- делінген жолданған хатта. 

«Ел басына күн туғанда қол ұшын созған Қазақстан тарапы жедел шешім қабылдап, соның ішінде шекарашылар «Жайсан-авто» шекаралық бақылау бөлімшесі арқылы адамдардың үйлеріне тезірек оралуына жағдай жасады. Шекарадан аман-есен өткен Қырғыз азаматтары алдын ала дайындалған автобустармен оңтүстік шекараға жол тартты», - делінген ҰҚК мәліметінде.