16 қаз, 2017 сағат 06:45

Қырғызстандағы сайлауда Сооронбай Жээнбеков жеңіске жетті

Социал-демократиялық партияның атынан шыққан Сооронбай Жээнбеков Қырғызстандағы президент сайлауында 54,75 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жээнбековтің штабындағылар жеңісті тойлап жатыр. Қырғыз Республикасының Орталық сайлау комитетінің мәліметінше, бюллетеньдердің 97 пайызы дауыстарды автомат есептеу жүйесі арқылы есептелген.

Екінші орындағы тағы бір бұрынғы премьер, кәсіпкер, оңшыл-центрист Өмірбек Бабанов 504 мыңнан (35.62%) аса дауыс жинаған.

98 мыңнан (6.54%) астам дауыс жинаған оппозициялық саясаткер Адахан Мадумаров үшінші келе жатыр. Ал, саясаткер Темір Сариевтің еншісінде 37 мыңдай дауыс бар (2.5%).

Естеріңізге сала кетейік, Мадумаровтан басқа үш кандидат кезінде премьер-министр қызметін атқарған. Сайлаушылардың 0,67 пайызы барлық кандидаттарға қарсы дауыс берген. Ал, президент сайлауына жалпы саны 11 кандидат қатыстырылды.

Нақты ақпаратты ОСК 20 күннің ішінде толық жариялауы тиіс. ОСК басшысы Нұржан Шайлдабекова бұл көрсеткіштің өзгеруі мүмкін екенін айтты. Ол президент сайлауының екінші туры болатын-болмайтынын нақты айта алған жоқ. 

Қырғызстанның заңы бойынша президент сайлауының алғашқы турында сайлаушылардың жартысынан астамының дауысын алған кандидат бірден жеңімпаз деп жарияланады.

Еске сала кетейік, осыған дейін 12 қазаннан бастап Бішкектегі ішкі істер органдарының барлық құрамының күшейтілген режимге өткені хабарланған болатын.