14 қар, 2019 сағат 13:15

Қырғызстандағы Қазақстан медицинасы күндері

Бішкекте 13-14 қарашада Қырғыз Республикасындағы Қазақстан медицинасының күндері өтті. Бұл іс-шара Қазақстан және Қырғызстанның медициналық ұйымдарының арасындағы серіктестік пен өзара қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.

Қазақстандық делегацияның құрамында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, жетекші медициналық орталықтардың, мемлекеттік және жеке денсаулық сақтау ұйымдарының, ЖОО-лардың, фармацевтикалық өнімдерді өндірушілердің, медициналық қоғамдардың жетекші мамандары бар. Делегация басшысы — ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығын басқарма төрағасының міндетін атқарушы Баймаханов Болатбек Бимендеұлы таныстырды.

Болатбек Беймендеұлы жоғары деңгейдегі осы сессияда «Қазақстан Республикасындағы органдық трансплантация» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық хирургия орталығымен, Қырғызстан гепатологтар қауымдастығымен, Қырғыз Республикасының Ана мен баланы қорғау ұлттық орталығымен серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Осы екі жақты серіктестік пен ынтымақтастық туралы меморандум Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы әріптестіктің дамуына, сонымен қатар медициналық ұйымдардың интеллектуалдық және инновациялық ресурстарының артуына ықпал етеді.

Аталмыш іс-шараның екінші күні «Гепатологияның өзекті мәселелері» тақырыбында шеберлік сабақтары өткізілді. А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының профессоры Ілиясова Бибігүл Сапарбекқызы мынадай тақырыптарда баяндама ұсынды:

  1. Қазақстандағы В вирустық гепатитінің және дельта-агенті бар В вирустық гепатитінің күшею факторлары.
  2. Трансплантациялық гепатологияның мәселелері. Негізгі нәтижелер.
  3. Қырғызстандағы гепатологияның өзекті мәселелері.

Сондай-ақ А.Н. Сызғанов атындағы ҰҒХО-ның мамандары бауыр ауруларына шалдыққан науқастарға тегін консультациялар ұйымдастырды. Кейбір клиникалық жағдайлар қарастырылды.