17 қар, 2017 сағат 10:30

Қырғызстан Қазақстаннан көмек алу келісімінің күшін жойды

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстаннан 100 миллион доллар көмек алу туралы келісімді бұзатын заңға қол қойды.

"Президент "Қырғызстан үкіметі мен Қазақстан үкіметі арасындағы Қазақстанның 100 миллион доллар көлемінде техникалық көмек көрсету туралы келісімінің күшін жою туралы" заңға қол қойды" делінген Қырғызстан президенті аппаратының бүгін таратқан хабарламасында.

Келісімнің бұзылғаны Алмазбек Атамбаев Қазақстан басшылығының атына кезекті рет сын айтып, сөккен күннің ертеңінде жарияланып отыр.

Қырғызстан сыртқы істер министрлігіне белгіленген тәртіпте Қазақстан үкіметіне келісім мен ол туралы хаттаманың бұзылғанын ескерту тапсырылды.

Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге 2016 жылдың 26 желтоқсанында Санкт-Петербургтегі Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің жиынында қол қойылып, биыл шілдеде Қазақстанда ратификацияланған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі 24 қазанда Қырғызстан Астананы аталған келісімнің күшін жою процесін бастағанын ескерткенін хабарлаған. Бішкек Қырғызстанның Қазақстан қаржысын алуға мүдделі емесін мәлімдеген.

Қырғызстан Қазақстан көмегінен екі ел арасындағы қарым-қатынас нашарлай бастаған соң бас тартып отыр. Қазақстан 10 қазаннан бастап Қырғызстанмен шекарадағы тексеруді күшейтіп, оның салдарынан шекарада ұзын-сонар кезек пайда болған. Астана шекарадағы тексеруді күшейтуді "Қырғызстаннан келетін контрабандамен күрес" деп түсіндірген. Бішкек болса Қазақстан жағы шекарада "қолдан кедергі жасап отырғанын" айтады.