06 жел, 2017 сағат 13:36

Қырғызстан: Қазақстанмен шекарада кезек жойылды

"Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасындағы кезек жойылды, тексеру және өткізу бекеттерінде бір де бір көлік жоқ", - деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз редакциясы мемлекеттік шекара қызметіне сілтеме жасай отырып .

Ведомствоның мәліметіне қарағанда, бекеттердегі кезек 4 желтоқсан күні аяқталған. Жүк көлігі, жеңіл көліктер мен жолаушы тасымалдайтын көліктер шекарадан қалыпты режимде өткізіліп жатыр.

Қазақстан Қырғызстанмен шекарадағы бақылауды қазанның 10-ынан бастап күшейтілген режимге көшіргеннен кейін көрші елден Қазақстан аумағына өту қиындап кеткен еді. Астана шекарада тексерудің күшейтілгенін "контрабандамен күрес шарасы" деп түсіндірген. Бішкек Қазақстан жағы шекарада "қолдан кедергі жасап отыр" деп мәлімдеген.

Кей сарапшылар Астананың мұндай шарасын сол кездегі Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың "Қырғызстанның ішкі ісіне араласып отыр" деп Қазақстан басшылығын сынаған мәлімдемесімен байланыстырған.

30 қарашада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Минскіде кездесіп, шекара мәселесін талқылаған. Кездесуден соң президенттер шекарадағы жағдайды реттейтін "жол картасы" желтоқсанның соңына дейін қабылданатынын хабарлаған. 2 желтоқсанда екі ел үкіметтері "жол картасына" қол қойған. Қырғызстан шекара қызметі кейін қазақстандық шекарашылар 3 желтоқсанға қараған түннен бастап шекарадағы бекеттерде жүк көліктерін өткізуді тездеткенін хабарлаған.