10 мам, 2018 сағат 16:54

Қырғыз депутаты: Атамбаевты қудаланбау құқығынан айыру керек

Қырғызстан парламентінің депутаты Исхак Масалиев Бішкек Жылу электр станциясын (ЖЭС) модернизациялау жобасын қаржыландыру жайын тергеу аясында экс-президент Алмазбек Атамбаевты қылмыстық қудалаудан босату құқығынан айыруды ұсынды. Оның сөзінше, депутаттық комиссия қорытындысында бірнеше мемлекеттік шенеунік пен депутат бар.

"Экс-президент Алмазбек Атамбаевты қылмыстық қудалаудан босататын құқығынан айыруды ұсынамын. Ол заң алдында барлығы тең екенін, қажет болса жауапкершілікті мойнына алуға дайын екенін талай рет айтты. Сондықтан осындай ұсыныс білдіремін. Біз бұл мәселені құқық қорғау органдарының өзі шешуіне мүмкіндік беруіміз керек. Егер таза болса, таза деп айтуымыз керек. Таза болмаса, жауапқа тартуымыз керек. Егер негізгі кінәліні тапсақ, бұрынғы премьерлер үндемей қалғанын өздері айтады. 6 жылда жеті премьер болса, қайсысынан сұраймыз?" деді Масалиев парламент отырысында.

Парламент 10 мамыр күні Бішкек ЖЭС-індегі апат себебін және оны модернизациялауға бөлінген қаржының орынды жұмсалғанын тексеретін депутаттық комиссия қорытындысын қарады. Отырысқа бұрынғы премьерлер Жанторо Сатыбалдиев, Темір Сариев пен Сапар Исаков қатысты.

2013 жылы Қырғызстан Қытайдың Эксимбанкінен Бішкек ЖЭС-ін модерназиялауға 386 миллион доллар несие алған. Модернизация 2017 жылы аяқталған. 2018 жылдың 26 қаңтарында ЖЭС-те апат болып, қаланың көп бөлігі жылусыз қалған.