10 қаң, 2020 сағат 09:24

Қырғыз-тәжік шекарасындағы атыс тоқтады

Қырғыз-Тәжік мемлекеттік шекарасындағы жағдай салыстырмалы түрде алғанда тұрақтанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Баткен облысында орналасқан шекара бөлімшелері күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасындағы өткізу бекеттері штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.

Тәжікстан мен Қырғыз республикаларының құқық қорғау органдарының бірлескен тергеу тобы қақтығыстың себептері мен мән-жайды анықтау мақсатында тергеу жүргізбек.

Қырғызстанның «Кабар» агенттігінің хабарлауынша, Баткен облысындағы мемлекеттік шекараның қырғыз-тәжік учаскесіндегі күш құрылымдары бөлімшелерінің іс – қимылдарын Бас штаб бастығы-Қырғыз Республикасының Мемлекеттік шекара қызметі төрағасының бірінші орынбасары полковник Әбдікәрім Әлімбаев үйлестіреді.

Қырғыз Республикасының мемлекетік шекара қызметінің мәліметінше, қаңтардың 9-ынан 10-ына қараған түні сағат 00:40-та Баткен облысы Баткен ауданы Жақа-Өрук жерінде белгісіз біреулер Баткенге бара жатқан Қырғызстан азаматына тиесілі көлікке тас лақтырған. Олар Тәжікстан аумағында жасырынған. Қырғыз Республикасының құқық қорғау органдарының ақпараты бойынша, көлікте болған Қырғызстанның азаматтары зардап шеккен. Шамамен бір сағаттан кейін Тәжікстанның Кочо-Карын елді мекеніндегі азаматтар Баткеннен Көк-Таш ауылына бара жатқан Қырғызстанның басқа азаматының көлігіне тас лақтырған. Шамамен 2 сағат 40 минутта Тәжікстан азаматтары Дахма жерінде Қырғызстан азаматының үйіне тас лақтырған. Шекарашылар құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірлесіп Қырғызстан азаматының үйіне бара жатқанда оларға Тәжікстан тарапынан ұсақ калибрлі аңшы мылтығынан оқ атылған.

Тәжікстанның ҰҚК Шекара әскерлерінің баспасөз орталығына сілтеме жасаған «Ховар» тәжік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 2020 жылы 9 қаңтарда кешке Баткен ауданы Ақсай ауылдық кеңесінің Көктош ауылы тұрғындарының үлкен тобы аңшы қаруымен қаруланып, Қырғызстан азаматы Абдулаев Сұлтанбек Исмаилұлының үйінің маңында жиналып, Исфара қаласы Чоркух ауылдық кеңесінің Сомониён ауылының жолында тәжік азаматтарының жүріп өтуіне кедергі келтірген.