17 қаз, 2016 сағат 10:59

Күйші Құрманғазы қай жерде дүниеге келген?

Күйші Құрманғазы бабамыздың туып-өскен жері туралы кейбір басылым беттерінде шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер жазылып жүргені жасырын емес. Атыраулық жазушы-журналист Өтепберген Әлімгереев бабамыздың 190 жылдығына арнап жазған еңбегінде: «Құрманғазының күйшілік қыры бір­шама зерттелсе де өмірбаяндық жолы әлі бір ізге түскен жоқ. Соның салдарынан ол бір әдебиеттерде Атырау облысының қазіргі Құрманғазы ауданында туған делінсе, енді бірінде Батыс Қазақстанның Жаңақала ауданында дүниеге келген. Олардың қай-қайсысы да академик Ахмет Жұбанов пен тарихшы ғалым Исатай Кенжалиевтің нұсқалары. Шындығында күйші қазіргі Құрманғазы ауданының Жиделі құмында туған», деп жазыпты.

Күй атасы Құрманғазы Сағыр­баевтың өмірі мен шығармашылығы жайлы жете зерттеп, оны оқырман қауымға ұсынған қазақ музыка өнерінің дүлдүлі академик Ахмет Жұбановтың еңбегі де одан кейін ол туралы тарихи деректерге зерттеу жүргізген бірден-бір жалғыз тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Исатай Кенжалиевтің де еңбектері баршаға белгілі. Сөз етіп отырған бабамыздың туған жері туралы талай жарияланып, нақтыланған сияқты еді. Әйтсе де басқа мәлімет беріп отырған бұл жазушы ағамыздың нақты қандай дерекке сүйеніп жазғанын түсіне алмадық.

Оның «бір әдебиеттерде Атырау облысының Құрманғазы ауданында туған делінсе, енді бірінде Батыс Қазақстанның Жаңақала ауданында дүниеге келген деп жазылады», деген сөзіне тоқталып, «Қазақстан мәдениеті», «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы», «Ән-күй сапары», «Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясы» сияқты кітаптармен қатар, тарих ғылымдарының докторы, тарихшы-этнограф Ж.Артықбаев пен тарих ғылымдарының кандидаты Ә.Пірмановтың, академик А.Жұ­бановтың, тарих ғылымдарының кандидаты И.Кенжалиевтің еңбектерін де қарап шықтым. Жоғарыда аталған әдебиеттердің барлығында да күйшінің туған жері «Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жиделі немесе Жаңақала ауданы, Новая Казанка ауылы­нан оңтүстікке қарай 60-70 шақырым қашықтықта» деп жазылған. Орыс тіліндегі «Казахская музыкальная литература» әдебиетінде: «Курмангазы родился в 1823 году в урочище Жидели Букеевской орды (ныне Жангалинский район Уральской области) в семье батрака Сагырбая», делінген.

Осы әңгіме төңірегінде көптеген мақалалар да жарық көрді. Орал педагогикалық институтының аға оқытушысы М.Қадірбергеновтің еңбегінде: «Біреулер оны Гурьев облысының Теңіз ауданында туған десе, екіншілері Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала ауданында өмірге келген деседі. Осыны дәлелдеу, анықтау мақсатымен біз бірнеше қариялармен кездесіп сөйлескенімізде, олар Жиделі деген жер атының шатас­тырылып жүргенін, қайшы пікір содан туғанын айтты. Өйткені, Бекетай құмында Жиделі деген жер болса, Сасықтау, Тайбұрат жақта Жиделі ауыл советі бар. Жиделі (№28-ауыл) советінің жері революциядан бұрын Екінші Приморский округіне қараған. Оның Бесшоқы, Жиделі деген жерлері 1923-1925 жылдары аудан шекараларын тәртіптеуде Жиделі советі деген атпен Жаңақала ауданына қарады, ал Қосшолақ деген жер Теңіз ауданына өтті. Жиделі ауылдық Советінің жерінде 1930-1952 жылдары Чкалов атындағы, партияның ХVІІІ съезі атындағы колхоздар болды. 1952 жылы партияның ХVІІІ съезі атындағы колхоздың Хамза пункті Жаңақала ауданынан Гурьев облысының Теңіз ауданына берілді. Ол жерде қазір колхоз орналасқан.

Бекетайдағы Алғабас колхозының территориясында Жиделі деген жер бар. Құрманғазы осы Бекетай Жиделісінде туған. Аталмыш колхоз жеріндегі Бекқали, Балтабай (Балтабай – Құрманғазының төртінші атасы) деген атаулар картада кездеседі. …Бұл үзінділерден Құрманғазының қай Жиделіде туғанын анық білуге болады. Күй атасының туған жері Бекетай Жиделісі екендігін халық әлі есінен шығармаған», деп жазады. Ал тарих ғылымдарының кандидаты Исатай Кенжалиев өз мақаласында: «1979 жылы Жаңақала ауданында Құрманғазыға арналған слетке Гурьев облысының Теңіз ауданынан келгендер: «Құрманғазы – Бесшоқы Керей ашық аралығындағы Жиделіде туды. Сол жерден топырақ алып келдік, осында қоямыз», деген әңгіме айтты. Осындай ұлы тұлғаның өмірбаянына қағаз бетіне азғантай болса да өзгеріс кіргізу үшін, әрине, көз сенерлік, көңіл толарлық дәлел керек. Ондай дәлел қолдарында болмай, теңіздіктер құр сөзбен ғана күйшіге арналған жиынға келушілерді сендірмек болды», деп жазған.

Ұлы күйші Атырауда туған деп жазған күйші-домбырашы, Қазақ­стан­ның халық әртісі Қ.Ахмедияровтың, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қай­раткері К.Сахарбаева мен жазушы-журналист Ө.Әлімгереевтің еңбектерінде және Ұ.Шүленбаеваның мақаласында да А.Жұбановтың: «Ұлы күйші, дарынды композитор – Құрманғазы Атырау облысы, Теңіз ауданы, Жиделі деген жерде туған» деген 1962 жылғы алғашқы «Құрманғазы» кітабындағы деректерге сүйеніп жазған. Ал ол еңбектерді кейін қайта басып шығарған сәтте ондағы сол бөлім алынып тасталған.

Бұндай жағдай тек әдеби зерттеу­лерде ғана кездеспейді. Сонымен бірге, Қазақ радиосының «Өлкетану» бағдарламасы бұрынғы теріс түсінік жетегінде кетіп, қате айтып жатқанын да құлағымыз шалды. Теледидардағы «Көзқарас» бағдарламасының қонағы да күйшінің туған жері туралы шындыққа сәйкеспейтін ақпарат беріп жатқанын көріп қалдық.

Қазақтың маңдайына біткен ұлы күйші-композитордың туған жерін әлі күнге олай тартып, былай тартып жүргеніміздің өзі бізге ұят. Келешекте жас ұрпақ нақты қандай мәлімет алмақ? Бұл сұрақ ҰБТ-да кездескен жағдайда не дейміз?! Сол кезде бұдан да үлкен даудың туары анық. Бабамыздың өмірге келген жері туралы тарихта жазылған деректерге қарсы пікірлер жазуды қойып, алдағы уақытта күйшінің өмірдерегі туралы «Қазақстан тарихы», «Қазақстан энциклопедиясы» секілді ірі еңбектерде қате мәліметтердің таралуына жол берілмей, ұлы күйші Құрманғазының туған жері туралы ақпарат мақалаларда, зерттеулерде, телеарнада, деректі фильмдерде айтылып, халыққа көбірек жарияланса екен дейміз.

Тағы айта кету керек, осындай жағ­дайда «Атырау энциклопедиясы», «Атырау ән-күй мұхиты» еңбектерінде жерлесіміз, қазақтың жезтаңдай, күміс көмей әншісі Ғарифолла Құрман­ғалиевті де Атырауда дүниеге келген деп жазған. Оған не себеп болды екен? Әншінің туған жері Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында екені барша қазаққа мәлім.

Алдағы уақытта жоғарыда айтылған жайттар қайталанбаса дейміз. Күйші туралы оқырман халық дұрыс тарихи мәлімет алса екен деген ниеттен туған ойлар ғой біздікі.

Асқар КЕНЖЕҒАЛИЕВ,
Дина Нүрпейісова атындағы 

балалар саз мектебінің оқытушысы, домбырашы-ұстаз

Батыс Қазақстан облыс

etjendi.egemen.kz