27 мам, 2019 сағат 09:05

Күй өнерінен неге алыстадық?

Күй өнері — шексіз өнер. Күйдің өз тыңдаушысы, оны жанымен ұғып бағалайтын өнер сүйер кауымы баршылық және олардың көкжиегі кеңейе түсуде.

Күй - біздің мәдинетіміз бен тарихымыз. Сондықтан да қазіргі заманда жастардың бойына осы рухани байлығымызды жеткізе білу күйшілердің парызы бола бермек.

Қазақтың күйшілік дәстүрінде аттары аңызға айналған біртуар ірі дарындардың есімдері тарих беттерінде  алтын әріптермен жазылып қала бермек.

Жалпы қазіргі кезде қарапайым тыңдарман «күй өнерін аса қатты түсіне бермейді, домбыра не дейді, не айтқысы келеді» дейді ішінен. Әрине бұл өнер көрініп тұрғандай сурет емес, ән де емес, сөзі бар жыр да емес. Қазіргі кезде күй өнерін теледидар, радиолардан да аз беріледі, сондықтан да тыңдармандар мен көрермендерді бұл өнерден алыстатып жібергені де сезіледі. Себебі қазіргі кезеңді эстрада әндерінің шарықтау кезеңі десек те болады.

Бүгінде «Күй өнері дегеніміз не? Күй адамға не бере алады? Күй өнерінің мәні, күйшінің ішкі табиғаты» деген сұрақтар көп туындайды.

Күй өнері - тарихтың өткені мен бүгіні. Күй өнері салт-дәстүр мен қоғамдық өмірді реттеп отырады десек те болады. Атақты жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов айтқандай, «Сөз айта алмайтын заман болғанда, айтатын ойдың бәрі барып аспаптың көмейіне тығылады». Сол себепті де, күй - халықтың тұрмысын, тарихын, тағдырын жеткізе білу. Қазіргі кезеңде жақсы мен жаманды ажырата алмай қалған заманда, жастарымызды ұлтжандылыққа тәрбиелеп, махаббатқа толы жырларымызды тыңдатсақ, қазақтың тарихын айғақтайтын күйлерін тыңдатуымыз керек. Сол кезде ұлт ретінде мәңгі сақталып қала береміз.

Қазіргі кезде жер бетінде өз тәуелсіздігін ала алмай жүрген қаншама ұлт бар. Ал біз болсақ өз егемендігімізді алдық, тіліміз мемлекеттік тіл болды, шекарамыз сызылды, астанамыз Сарыарқа төрінен ойып тұрып орын алды. Сондықтан да ұлттық өнеріміздің мәртебесін түсіріп алмау басты парыз.

Қазақ халқы күй өнерін ерекше кие тұтып, күйшісін айрықша қастерлеген. Жалпы күй өнерінің дамуы 18-20 ғасырлар десек те болады. Күй жайлы көп еңбек жазған Ақселеу Сейдімбек ағамыз екені баршамызға мәлім. «Күй-шежіресі», «Қазақтың күй өнері» және т.б еңбектерін атап өтсек болады. 

Халық даналығында «тік күй», «қоңыр күй», «бойлаулық күй» деген атауларды күйшілік мектептерде көп қолданбайды; «қоңыр күй», «тік күй» және «бойлауық күй» атаулары әрбір жеке күйдің саз сарынын анықтайды, мәселен, қоңыр күйлер философиялық ойға құрылып, көбінесе өмірдің мән мағынасын зердеге ұялатады.

Соңғы деректер бойынша, ғалым-зерттеушілерге қазақ халқының бес-алты мыңдай күйі белгілі. Бұл, әрине, бес-алты мыңдай күйімен қосарлана айтылатын аңыз-әңгімесі де соншама. Сондықтан да, күй мен күй аңызын бір-бірінен бөлмей қарау қажет. Ғалым-зерттеуші Ә.Марғұлан күйдің тарихи кезеңдерін бес кезеңге бөледі:

Бірінші кезең күйлері б.з.д VІІІ - V ғасырлар мен біздің заманымыздың VІ ғасыр аралығын қамтиды. Бұған Евразияның ұлы даласындағы көшпелілер арасында ислам діні тарағанға дейінгі қиял-ғажайып тақырыптарға арналған күйлер жатады. Мәселен «Қос мүйізді Ескендір», «Көк төбет» «Аққу» т.б. күйлерді атауға болады. Бұлардың қайсысы болмасын көне саз-сарындарымен ғана емес, қосарлана айтылатын аңыз-әңгімесімен де алыс замандарды меңзейді.

Екінші кезең оғыз-қыпшақ /VІ - XІІ ғғ./ күйлері. Бұл кезеңге Қорқыт атаның сарындары «Абыз толғауы», «Саймақтың сары өзені», «Малжыңгер» сияқты күйлер жатады. Бүл кезең күйлеріне тән арқау болған тақырыптар өмірдің мәні, бақыттың баяндылығы /Қорқыттың мәңгілік өмірді іздеуі/. Оғыз-қыпшақ кезеңінен жеткен күйлер өзінің аңыз-әңгімесінің тарихи сәйкестілігімен де Қорқыт сияқты тарихи тұлғаның өмір шежіресімен де рухани мұрамыздың генезисін нақтылай түседі.

Үшінші кезең, ноғайлы кезеңнің /XІІІ - ХVІ ғғ./ күйлері. Оғыз-қыпшақ заманының аласапыранынан кейінгі қазақ даласындағы рулық-тайпалық тұтастану, Алтын Орда сияқты мемлекеттің бой көтеруі осы кезеңдерге тұспа-тұс келеді. Тек ол ғана емес, ілгері ғасырлар талқысында тарихи тағдырын ортақтастырған далалық ру-тайпалардың саяси одақ құрып «Қазақ» деген мағыналы этникалық атаумен тарих сахнасына шыға бастаған кезі де осы кез.

Ноғайлы кезеңінде туған музыкалық мұраларымыздың санатына «Жошы ханның жортуылы», «Шора батыр» «Қамбар күйі» сияқты халық күйлерімен бірге Кетбұғаның «Ақсақ құлан», Асан Қайғының «Ел айрылған», Қазтуғанның «Сағыныш» күйлерін жатқызуға болады. Бұл күйлер саз-сарынының ширыққан динамикасымен де, қосарлана айтылатын аңыз-әңгімесімен де, тарихи тұлғалардың көрініс табуымен де сол заманның саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани күйін айқын бейнелейді.

Төртінші кезең, Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі /ХVІІ - ХVІІІ ғғ./ күйлер. ХVІ ғасырдың алғашқы жартысынан бастап қазақтар мен ойрат феодалдарының арасындағы бәсеке-бақтастық осы екі халықтың екі ғасыр бітпес дауына, бітпес шайқасына ұласты. Бұл кезең күйлері өзінің өр мінезімен, тарихи оқиғалармен сабақтастығымен, нақтылы тұлғалар өміріне, қызметіне деректілігімен баурайды. Мұның музыкалық мұрамыздағы орны ретінде «Елім – ай» әнін, «Қаратаудың шертпесі», «Қалмақ биі», «Бел асар», «Абылайдың қара жорғасы», «Кеңес» т.б. күйлерді айтуға болады. Бұл кезеңдегі күйлердің типологиялық қасиеті ретінде этикалық сабыр мен тереңдікті айтуға болады.

Бесінші кезең, ХVІІІ - XІX ғасырларда және XX ғасыр басында туған күйлер. Бұл кезеңнің рухани мұраларында саяси-әлеуметтік сарынның айқын көрініс тауып отыратынын баса айту керек. Әсіресе ұлттық дербестіктен айрылған халықтың хан-сұлтандарға, бай-патшаларға деген көзқарасы, көңіл-күйі, әлеуметтік айырмашылықтың ұлғаюы жалпы рухани мұрамызда, соның ішінде ән-күйлерімізде өте-мөте айқын көрінеді. Содан да болу керек, бұл кезеңдегі қазақтың музыкалық мұрасы ерекше молдығымен де, тақырыптың әр алуандығымен де, әуен-сазының мейлінше шыңдалған профессионалдық деңгейімен де айрықша назар аударады. Бұл кезеңде Байжігіт, Боғда, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Тоқа, Ықылас, Қазанғап, Сейтек сияқты дәулескер күйшілер қазақ музыкасының ұлттық тілін біржолата орнықтырып, жалпы адамзаттық мәні бар рухани феномен деңгейіне көтереді.

Өнердің неғұрлым көне түрі ретінде халықтық күй өнері шығармашылығы әрбір халықтың рухани мәдениеті тарихында, оның адамгершілік және эстетикалық тәрбиесінде айрықша орын алады. Сіз күйді тыңдамай, білмей, домбыра тартпай-ақ қойыңыз да, тек күйдің атына ғана мән беріп, шолу жасай отырып, балаға тәрбие беруге болады. Мысалы:

ХАЛЫҚ КҮЙІ «КЕҢЕС»

Ертеректе әр ауылдың өз кеңесі болған. Ауыл ақсақалдары мезгіл-мезгіл жиналып елде болып жатқан жаңалықтарды айтып отырған. Жастарға саналы тәрбие беру, әлеуметтік мәселелер туралы, отбасы жайлы әңгімелер кеңестің өзекті мәселелері болған.

ҚҰРМАНҒАЗЫНЫҢ КҮЙІ «АМАН БОЛ ШЕШЕМ, АМАН БОЛ»

Күйші күйін тек өз анасына ғана емес, барлық ақ жаулықты аналарымызға арнаған десек те болады. «Жұмақтың кілті ананың табанының астында» дегендей, күйдің атына мән бере отырып ананы сыйлауға, құрметтеуге үйретеді.

ҚҰРМАНҒАЗЫНЫҢ КҮЙІ  «ҚЫЗЫЛ ҚАЙЫҢ»

Құрманғазы түрмеден қашып келе жатып, қызыл қайыңды көреді. Қайыңның түбіне барып тығылады. Қуғыншылар көрмей, өтіп кетеді. Үйіне аман-есен келген соң «Қызыл қайың» күйін шығарады. Бұл күйде Құрманазы «Мені орыс қуғыншыларынан қорғап қалған қазақтың кең байтақ жері мен табиғаты» деп айтқысы келгендей әсер қалдырады.

ТӨЛЕГЕН МОМБЕКОВТЫҢ КҮЙІ «САЛТАНАТ»

Төлеген Момбековтың жары қайтыс болып, артынан 5 баласы қалады. Бір күні Төлеген ағамыз жұмыстан келеді, қараса Қайрат деген ұлы Салтанат деген қызын жылатып қойыпты. Салтанат біраз жыл өтсе де, дүние салған шешесін ұмытпай,  «Анама айтам» деп жылап отыр екен. Қызын жұбата отырып, «қайтемін, жаным-ау» деп қосыла жылайды. Сосын домбырасын қолына алып сабалай береді. Ертеніне жаңа күй шығады. Күйінің атын қызына жұбату ретінде «Салтанат» деп қояды.

Міне, біз осы арқылы күйдің осындай құдіреттілігін байқаймыз.

Қазақтың ұлы ақыны Абай: “Құлақтан кіріп бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй”, деп жырлағандай, қазақтардың сан буыны Құрманғазы, Дәулеткерей, Байжігіт, Тәттімбет, Қазанғап, Сүгір, Тоқа, Абыл сияқты халқымыздың асыл өнерін ұстаған ұлы күйшілердің мол мұрасымен сусындап өсті.

Күй – көне замандардан күні бүгінге дейін халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ең киелі де қастерлі, сырлы да сұлу өнер. Ұлт мәдениетінің арғы-бергі тарихын зерттеп, жүйелеп, бүгінгі жас ұрпақтың кәдесіне жарату және оны әлемдік деңгейде насихаттау мақсатында жасалған “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген жобалар іске асырылды. Осыған бір мысал ретінде 2010 жылы Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” атты антологиясының тұсаукесері өткен болатын. Бұл анатологияны сол кездегі министр М.А.Құл-Мұхаммед таныстырды. Анатологияға халқымыздың асыл мұрасы енген. Әрине, бұл тек бір ғана мысал.

Біздің құдіретті де, қасиетті өнеріміз жылдан жылға дамуда. Және де осы күйімізді Е.Брусиловский опералық шығар­маларға тиімді пайдалана білді. Мұның өзі қазақ­тың ән мен күйін қажетіңе жара­та алсаң, қандай шығармамен де ұштасып кете­тінін, ажарын аш­ып, айбынын асыратынын аңғаруға болады. Өнердің шыңы опера дейміз. Сол операға, нақтылай түс­сек Е.Брусиловскийдің “Қыз Жі­бек” операсына 24-26 ән-күй пай­да­ланылса, Мұқан Төлебаев “Біржан Сара” операсына Соқыр Есжанның иірімдері әдемі қол­даныла білді. Ал мен “Қамар сұлу” операма “Дай­ра­байды” қолданға­ным­да ол жаңа заманға қарай ажа­рын ашып, жұрттың наза­рын бірден ау­дарды. Тіпті, бірте-бірте әлемдік деңгейге көтеріліп, өзге ұлттар­дың аспабында да күм­бір­леп, көңілдің көкжиегін кеңейтті. Қазірде көп жастарымыз шет ел асып, дәстүрлі өнерімізді насихаттауда. Мысалыға айтатын болсақ, «Ұлытау» этно-рок тобы, «Тұран» этно фольклорлық ансамблі және де осы өнер жолында жүрген консерватория, өнер университеті секілді оқу орындарының студенттері дәстүлі өнерімізді паш етуде.

Қазақтың күйі қуанышта да, қайғыда да қазақпен бірге жасап, бостандық сүйгіш ұлық өнер бостан заманымызға халқымызбен бірге қадам басты. Өнер атаулының ішінде күйдің мерейі жоғары, күйдің рухы биік. Күй дербес мемлекет құрып мерейленген халқымыздың рухын мәңгілікке толғай бермек. Себебі, күй – біздің ең ардақты, ең әлеуетті, ең сәулетті ұлттық құндылығымыз, ұлттық кодымыз, ұлттық мәдениетіміздің төресі. Ендеше, жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениеттің де көш басында жауһар күйлеріміз тұрары сөзсіз!

С.Р. Жанбобеков