22 қаң, 2018 сағат 07:55

Күй дүлділі Құрманғазының туған жылы қашан нақтыланады?

Ғасырлар тоғысынан сақталған күй өнерінің саф туындыларын келешек ұрпақтың санасына сіңіру кезек күттірмейтін мәселе екені сөзсіз. Солардың бірі – күй атасы Құрманғазының ерсілі –қарсылы шапқан тұлпардың дүбіріндей құлақтың құрышын қандыратын күйлері. Күй атасының туындыларын үйретуден бұрын, өмірбаянымен таныстыру біздің міндетіміз екені белгілі. Күй өнерінің көрнекті өкілі Құрманғазының туған жылы жөнінде дүдәмәл пікірлердің болуы көптің көкейінде мың бір сұрақ тудыратыны жасырын емес. Ақиқаты қандай? Бірге сараптап көрейік.

Дүлділ күйшімен жүздесіп, алғашқы көлемді мақаласын Жайық бойының казак-орыс әскерлерінің қызметкері Никита Савичев 1868 жылы жазған. 1936-1990 жылдар аралығында академик А.Жұбанов, профессор П.В.Аравин, ақын Х.Ерғалиев, тарихшылар И.Кенжалиев,М.Жолжанов зерттеу туындыларын ұсынған.Қазақ совет энциклопедиясы бабамыздың туған –өлген жылдары деп екі түрлі: 1806-1879 және 1818-1889 жылдарды қатар келтірсе, республикамыздың бес томдық тарихы мен 1992 жылға дейін жарық көрген мектеп оқулықтарының авторлары жоғарыда көрсетілген бірінші датаны таңдаған. 2000-2010 жылдар аралығында жарық көрген 8-сыныптарға арналған «Қазақстан тарихы» оқулықтарының ішінен де көптеген қателіктердің барын аңғардым. "Қазақстан тарихы" пəніне арналған оқулықтарға сараптама жүргізейік.

1. Ж.Қасымбаев, Т.Омарбековтың 8-сыныпқа арналған "Қазақстан тарихы" оқулығының (§55-56) 293-бетінде "1823-1896 жылдар аралығында өмір сүрген",-делінген.

2. З.Қабылдинов, А.Қайыпбаеваның 8-сыныпқа арналған "Қазақстан тарихы" оқулығының 2008 жылы жарық көрген нұсқасында 1806-1879 (324-бетте), 2016 жылы жарық көрген нұсқасында 1823-1889 (291-бет, § 60) жылдары деп берілген.

3. Ж.Қасымбаевтың авторлығымен жарық көрген 8-сыныпқа арналған "Қазақстан тарихы" оқулығының 2004 жылы жарық көрген нұсқасында 1818-1889 (201-бетте), 2012 жылы жарық көрген нұсқасында 1818-1889 (194-бетте) жылдары деп берілген.

Оқулықтарға сараптама жүргізу арқылы Ж.Қасымбаев, Т.Омарбековтың 8 –сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында («Мектеп» баспасы, 2016) бабамыздың өмір сүрген жылдары нақты жазылғанын байқаймыз.

 Егерде ұлы күйшінің өмір сүрген жылдары 1818-1889 болса, ол 71 жасында  дүниеден озған болады.Бірақ, күй анасы Дина шешемізден жеткен ауызша деректерге үңіле қарасақ, бабамыздың «алтыншы мүшелде» дүниеден өткенін айтқанын байқаймыз.Бұл «73» жасты көрсетеді.

Біріншіден, бабамыздың құлпытасындағы «1879»-дың мүлдем қате жазылғанын кезінде оның ұлы Құбаш та, сазгерді өз қолымен жерлегендердің бірі – Ыбыр Досалиев те  айтып кеткенін Ахмет Жұбанов өз  еңбегінде келтіреді.А.Жұбановпен күй атасы Құрманғазы бабамыз туралы әңгімелескен шәкірті М.Сүлейменов/1878 ж.туған/ академикке ұстазымен көп уақыт бірге болғанын, одан біршама сабақ алғанын айтқан.М.Сүлейменов бабамызбен 10-12 жастарда кездескен күнде 8-10 жылдай сабақ алған делік. Ал сазгер 1889 ж. дүниеден өткен болса,ол Сүлейменовке 10 жасында кездескен күндеде 1 жылдан артық үйрете алмас еді.

12 ата Байұлының Шеркеш руынан шыққан Теңіз округінің правителі (қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданы) Мақаш Бекмұхамбетовке айтқан бір шумақтарында: «Сүт берген екі емшектен сексен үште, Күн көрер қайда барып анам, тақсыр»,-деуіне қарағанда оның анасы 1801 жылы туған болып отыр.Сондықтан Алқа тұңғышын 22-23 жасында дүниеге келтірген. Сөйтіп, ұлы күйшіміз 1823-1896 жылдар аралығында өмір сүріп,73 жасында дүниеден озған.Жоғарыда аталған көптеген тұжырымның ішінде «1823 жыл» дұрыс болып саналады. Себебі, Əдебиет жəне өнер институтының 1996 жылғы 12 қыркүйектегі қорытындысы бойынша Құрманғазы бабамыздың туған жылы «1823 жыл» деп белгіленген. Сонымен қатар,2013 жылы күйшінің 190-жылдығы Атырау төрінде аталып өтіп, бір мезетте 1000 күйші бабамыздың туындыларын орындағаны əлі санамызда жаңғырып тұр.Бабаларымыздың туған жəне қайтыс болған жылдары дұрыс жазылып, келешек ұрпақтың санасына нақты жетсе деген сеніміміз бар. 

Әділбек Өмірзақов

Ұқсас жазба:

Күйші Құрманғазы қай жерде дүниеге келген?