02 мам, 2018 сағат 11:54

Құстардың бәрі әдемі

Құстардың бәрі әдемі. Алайда сұлулығы елден ерек, ғажайып жаратылыс иелері туралы сөз басқа. Болмысы бөлек, кесін-бейнесі көз арбайтын, әлемдегі ең әдемі құстар туралы білесіз бе?

Достар, әрбір құс өзінің ерекшеліктерімен әдемі ғой. Бірақ менің ойымша, тауыс - құстар арасындағы көркемдік төресі. Хас сұлулық пен тәкаппарлықтың символы. Достар білемісіңдер, көптеген елдер тауысты патшалықтың, әулиеліктің белгісі ретінде құрметтейді екен. Ал осы тауысты басқа құстардан ерекшелеп, тартымды ететіні оның алып желдеткіш секілді қанаттары мен жамбас тұсында орналасқан қауырсыны болса керек.

Достар, сендер ең әдемі үйректі білемісіздер? Ең әдемі үйрек - мандаринка. Мандаринка басқа үйректерден тек сыртқы сұлулығымен ғана емес, өзгеше дауысымен де ерекшеленеді.

Балалар, сендер қызғыш құс жайлы естіп пе едіңдер? Қызғыш құс Қазақстанның барлық өңірінде кездеседі. Қызғыш құс аздап тыныштық бұзылса, "қыз-ғы, қыз-ғы" деп шу көтереді екен.

Достар, барлық құс өзінің қасиеттерімен әдемі ғой. Сол себепті ме, қазір құстар азайып бара жатыр. Қазір құстардың көбі жойылып кету алдында тұр. Өтініш, құстарды қорғау баршамызға ортақ іс. Мен өз шығармамды Махамбет Өтемісұлының "Қызғыш құс" атты өлеңімен аяқтағым келіп отыр:

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Қанатың қатты, мойның бос.
Исатайдан айрылып,
Жалғыздықпен болдым дос.
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс!
Ел қорғаны мен едім.
Мен де айрылдым елімнен;
Көл қорғаны сен едің,
Сен де айрылдың көліңнен.
Аспанда ұшқан қызғыш құс!
Сені көлден айырған -
Лашын құстың тепкіні.
Мені елден айырған -
Хан Жәңгірдің екпіні.
Айтып - айтпай немене,
Құсарлықпен өтті ғой,
Махамбеттің көп күні!

Еңбекқор құс - қарлығаш

Құстардың табиғатта алар орны ерекше. Құстар аспанда қалықтап ұшады. Бейне бір еркіндікті, азаттықты әйгілейтіндей аспандап самғайды. Негізінде құстардың алуан түрі бар. Осы алуан түрлі құстардың ішінде адам баласына ең  жақыны - қарлығаш. Қарлығаш жайлы айта кететін болсам:

Қарлығаш - айыр құйрықты, қанаттары ұзын әрі ұзын келетін, шағын денелі қара ала құс. Қарлығаш сөзі "қара" "ала"  "құс" деген сөздердің кірігуінен шыққан. Қарлығаштың басқа құстардан айырмашылығы-жемін ұшып жүріп ұстайды. Суды да ұшып жүріп ішеді екен. Бүкіл әлемде қарлығаштың 80 түрі бар екен. Қарлығаш пайдалы құс. Зиянды шыбын-шіркейді өте көп жеп, ауыл шаруашылығына пайда келтіреді. Қарлығаштар жылына екі рет жұмыртқалайды. Алты-жеті күннен соң жасап бітірген ұясына 3-тен 7-ге дейін жұмыртқа салады. Екі-үш аптада балапан басып шығарады. Негізінде ата-бабаларымыз қарлығашты ертеден жақсы көрген.

Қарлығаштай сүйкімді, еңбекқор, ақылды болсын деп қыздарына "Қарлығаш" деп ат қойған. Қарлығашқа көптеген аңыз ертегі, мақал-мәтел, жұмбақтар, жыр жолдарын арнаған. Аңыз ертегілерде қарлығаштың адамдарға жасаған көмегі сипатталады. Мысалы, "Қарлығаштың құйрығы неге айыр?" ертегісі, Төле бидің қалай "Қарлығаш би" атанғаны туралы айтылса, мақал-мәтелдерде қарлығаштың адам мен шын дос екені, оның жүйрік екені жайлы айтылады. Мысалы,"ұшқанда қарлығаш озар, сайрағанда сандуғаш озар", "адам досы - қарлығаш" және тағы басқа мақал-мәтелдер өте көп. Қарлығашқа қатысты көптеген ырым-жорамалдар да бар. Мысалы: Қарлығаш биіктеп ұшса - күн ашық болады. Жер бауырлап ұшса - жаңбыр жауады. Түсінде қарлығаш көрсең, бақытқа кенелесің...

Белгілі қазақ ақындары қарлығашқа арнап талай жыр жазған. Мысалы, Мұқағали Мақатаевтың "Қарлығашым, келдің  бе?", Тұманбай Молдағалиевтың "Қарлығаштар", Тәкен Әлімқұловтың "Қарлығаш" атты шығармалары бар.

Олай болса, достар, қарлығашты қорғау - баршамызға ортақ іс. Мен шығармамды Мұқағали Мақатаевтың "Қарлығашым, келдің бе?" өлеңімен аяқтағым келіп :

Қарлығашым, келдің бе, қаршығадан саумысың?
Аман - есен жеттің бе, айыр құйрық нау - құсым?
Оралдың ба, тағы да өзің өскен ұяға,
Оралдың ба, сүйіктім, екеуің де бармысың?
Қарлығашым, бұ қалай, қайда кеткен серігің?
Зияны жоқ зиялым, өкпелетті сені кім?
... Түсінікті, сүйіктім, түсінікті айтпа енді,
Тұмар құсым кеткен - ау тырнағында перінің.
(О жылы біз ауылда оңаша үйде түрғанбыз)
Жаз да өтіп барады, қарлығашым жүр жалғыз,
Көзді ашып - жұмғанша көсеуін ап қолына
Жетіп келді бір күні жел үрлеген сырдан күз.
Ғанибет қой, шіркін - ай, шуылдасаң ұлардай,
Қиын екен жалғыздық қияда өскен шынардай,
Жалғыз қайтты сол жылы, жалғыз қайтты жыл құсы,
Жұмыртқа да таба алмай, балапан да шығармай.
Қарауытып көз алдым, қарап тұрмын досыма,
- Қарлығашым, қайта орал мекеніңе, шошыма.
Әжем менің күйбеңдеп, күбірдеп жүр аулада,
- О, бәтшағар өмір - ай, өмір дейтін осы да!..

Қасиетті құс - бүркіт

Құстар, табиғаттың ең пайдалы бөлшегі. Құстар зиянды құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейді жеп, ауыл шаруашылығына үлкен пайда әкеледі. Негізінде құстар жайлы аңыз әңгімелер, жыр-дастандар, мақал-мәтелдер өте көп. Соның бірі бүркіт туралы: ”Бүркіт пен оның балапандары” және ”Бүркіт ата туралы аңыз” және тағы басқа да аңыз-әңгімелер өте көп.

Достар, білемісіңдер, «қыран» деген сөз латын тілінен аударғанда «Алтын қыран»  деген мағынаны білдіреді екен. Қыран бүркітті ата-бабаларымыз ертеден-ақ құрметтеген. Қырандай мықты, жігерлі, қайсар болсын деп ұлдарының атың Сұңқар, Бүркіт деп қойған екен. Қыран бүркіт мықтылықтың, қайсарлықтың, еркіндіктің белгісі. Қазақстан республикасының  туындағы бүркіт бейнесі азаттық айбыны ретінде бейнеленген. Достар, өздерің білетіндей, қыран құс жеті қазынанның бірі саналады. Сол себепті біз бүркітті «қасиетті құс» деп атаймыз. Бүркіт туралы мақал-мәтелдер бар өте көп. Мысалы, «бүркіт саңқылдаса, киік күйбектейді», «бүркіт  қартайса - тышқаншыл» тағы басқа да мақал- мәтелдер бар. Осы қыран құс жайлы көптеген ақындардың шығарған өлеңдері де бар. Мысалы, Сырбай Мәуленовтың «Бүркіт», Сәбит Мұқанов «Тау бүркіттері», Абай Құнанбайұлының «Қыран бүркіт неге алмайды, салса баптап» және тағы көптеген ақындардың шығармалары бар.

«Құстар-біздің досымыз»  деген дана сөз бар ғой. Осы сөзді естен шығармауымыз және құстарды қорғап жүруіміз керек. Мен өз шығармамды Абай Құнанбайұлының «Қыран бүркіт неге алмайды, салса баптап»  өлеңімен аяқтағым келіп отыр:

 Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап,

 Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап

Қыран шықса қияға, жібереді

 Олар да екі құсын екі жақтап.

Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан,

 Күйкентайы үстінде шықылықтап.

 Өзі алмайды, қыранға алдырмайды,

Күні бойы шабады бос салақтап.

Тиіп-шығып, ыза қып, ұстатпаса,

Қуанар иелері сонда ыржықтап.

Не таптық мұныменен деген жан жоқ,

Түні бойы күпілдер құсын мақтап.

Басқа сая, жанға олжа дәнеме жоқ,

 Қайран ел осынымен жүр далақтап.

***

Құстар - ерекше жаратылыс иесі. Бірақ та құстардың барлығына бірдей тән қасиет жоқ десем де болады. Мысалы: кейбір құстарға ұшуды бұйырмаса, кейбір құстарға жүзуді бұйырмаған. Ал, достар жүзе алатын құстарды білгілерің  келе ме? Негізінде жүзе алатын құстар көп емес. Олар: аққу, үйрек, қаз.

Достар, білемісіңдер аққу өте әдемі құс қой. Аққулар көбіне адамдар бара алмайтын жерде мекендейді екен. Аққу құсын негізінде махаббат құсы десем де болады. Аққу киелі құс, оны атуға болмайды. Аққуды "құс патшасы" дейді. Сәуірдің аяғында оралады. Ұясын аққу суы таза, тұщы көл жағасына салады. 3-7 жұмыртқаны 35-40 күн басып шығарады. Бір ерекшелігі жұптарын өлгенше жазбайды. Аққу киелі құс болғандықтан, ол жайлы мақал - мәтелдерде жетерлік. Соның бірі: «аққуды атпа, достықты сатпа». Осы мақалдың өзінде қаншама мән-мағына жатыр. Аққуды атуға болмайтынын, ол құс қасиетті екенін астарлап айтып тұр.

Достар, бәріміз құстарды үнемі қорғап жүрейік. Әкем маган үнемі: құстарды қорғап жүр, құстар біздің досымыз деп айтып отырады. Достар, құстарды аялап, қорғайық. Құстар біздің - досымыз! Мен шығармамды өзімнің жүрек жарды өлеңіммен аяқтағым келіп отыр:

Аққуларға жетпейді,

Жер, көкте бар тазалық.

Бір көрсең шаттық көп дейді.

Көңілің қалар тазарып.

Төлегенова Жұлдызай Жарасқалиқызы,

Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы,

Айдархан жалпы орта білім беретін мектебінің 6-сынып оқушысы