22 мам, 2019 сағат 13:39

Құсмілия феномені немесе ұлтшылдық туралы біраз сөз

Біраз сөз Үржардың ірісі, Семейдің сүлейі – Құсмілия Жырғалыұлы Нұрқасым туралы айтпақпын. «70-жас» деген юбилейіне жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып жеткен азамат «Құсмілия» атты кітабын баспадан шығарған екен. Қалың кітапқа оғлан автордың өлеңдері, әндері, әңгімелері һәм публицистикасы енген. Соңғы кездерде көз шіркін тез шаршап кітап, газетті жаратпай, оқиын десең, «әй, тоқта» дегендей бізін шаншып-шаншып алады. Сонда да болмай, Құсекең кітабын оқып шықтым. Мені қызықтырып, баураған нәрсе – авторда ұлттық рух, ұлттық намыс ұшқындап тұр. Құсмілия феномені дегенімде оның осы ұлтшылдығын айтып отырмын. 

Біле білсек, туған жерге деген үлкен махаббат та, халыққа пайдам тисе деген ізгі ниет те – ұлтшылдықтан туады. Өзге қозғаушы құдірет кәне, жоқ,  таба алмайсыз. Ұлтшыл, алашшыл, халықшыл топқа антипод – эгоистер тобы, яғни қарақан басының қамын ғана ойлайтын өзімшіл мінездің иелері. Қоғамдық өмір – осы екі топ өкілдері алысатын майдан алаңы есепті.  

Енді «Құсмілия» атты кітапқа келейін. Ол қайнаған өмірдің өзі сияқты сан алуан тақырыпқа толы. Кітап үш бөлімді, әуелгі бөлімі – поэзия. Егер тау-тасқа, жасыл желек жамылған дала мен сылдырлап аққан суға тіл бітсе, олар: «Айналайын, адал перзентім, разымыз саған!» дер еді-ау, себебі, ақын Үржардың әсем табиғаты мен мәрт азаматтарын шалқыта жырлаған. Екінші бөлімі – проза. Онда өңірдің тарихы мен шежіресі, замандастары және көзі көрген көрнекті тұлғалар туралы сыр шертеді. Ел ішінің алуан оқиғаларын майын тамыза әңгімелейді. Қазақы өмір хикаяттары өз алдына бір төбе. «Ой-толғау» атты соңғы бөлімде автор ұлт тағдыры, ұлттық құндылықтар туралы тереңнен толғаған. Ұлтшыл, алашшыл, түркішіл рух қайдан? Бұл сұраққа Құсағаң өзі жауап айтып, өсу-өрлеуінің дара соқпағын жеріне жеткізе баяндап береді. Егер студент күндерде Қайым, Қинаят, Қуандық сынды ұстаздар, Олжастың «АЗиЯ», Гумилевтің «Көне түркілер» сияқты кітаптар санаға сәуле түсірмесе, көп тоғышардың бірі болып қала берер едім дейді.

Қорыта келгенде, шолу жасалған кітап ұлт тағдырын ойлаған азаматтың бейнесін береді және екі ғасыр тоғысында өткен қазақ өмірінің айнасы, шынайы суреті есепті. Жанры ғұмырнама я деректі кітап уақытқа бағынбай, бәсі тек арта түседі. Неге? Өйткені, кешегі өткен заманда «Не болды, қалай болды, өзі?» деген сұрақты қоятын талай ұрпақ, онан іздегенін табады.

Ендігі айтар сөз, Үржар өңірінің елді мекендері аттарын қазақшалаған қайраткер – осы Құсағаң болатын (бұл іс аяқталмаған аумақ әлі көп). 2004 жылы Құсмілия Нұрқасым Семейге қызметке ауысты. Жә, не бітті, не тынды? Алдымен Алаш арыстарын жоқтады. 2008 жылы Үкімет «Алаштың 90-жылдығы мерекеленсін» деген қаулыны қабылдаса, ол – Құсанның арқасы. Бұдан бөлек, шенеунік ортамен алыса жүріп, ескерткіш орнатты. Бұл жайлы кітабында Құсекең: «Өз тіршілігімде бітірген бір шаруам болса, ол – Қайымның ескерткіші!» деп атап айтыпты. Телеарнада танымдық жобаны «Оян, қазақ!» деп атойлатып жүргізген тағы өзі. Көпке аян, соңғы жылдары Құсекең қаламызда қоғам белсендісі Рахат Алтай бастатқан топпен бірге Әлихан Бөкейханның ескерткіші бой көтеруіне белсене ат салысты. Былтыр «Семейге – 300 жыл» деген дата тойланбады. Неге? Өйткені, көп мақала жазылып, қарсы екпіннің беті әрең дегенде қайтты. Осы айтылғандар Құсан – ұлттық құндылықтардың сақшысы деуге жеткілікті сияқты. Сонымен, Құсекең ақын, қаламгер, әнші, сері әрі жырау дегендей сегіз қырлы өнерпаз. Оған бір сырын – ұлтшыл қайраткерлігін қосыңыз. Халқына қадірлі, еліне елеулі еткен феномендік кілтін осылай табасыз.  

Ұлтшылдық деген не, ұлтшыл кім? Осы мәселеге қайтып оралайын.

Күллі адамзат өркениетін де, жекелей мемлекеттерді де өрге сүйрейтін бір күш бар. Ол – ұлттық мүдде. Онсыз өсу, даму, кемелдену жоқ. Түп Иеміз солай жаратқан. Тоқтаңыз, Руставели, Науаи, Шекспир, Гете, Пушкин, Мицкевич, Абай, Шәкәрім, Тагор сынды ұлы тұлғалардың әрбірі өз ұлтының қамын жеп, оның рухын көтеріп, жан дүниесін байытты емес пе. «Ұлтшыл кісі кім?» екендігі осының өзінен-ақ анық. Өкінішке қарай, қазіргі таңда қазақ қоғамы ұлттық мүддеден алшақ, соның кесірінен оңбай ұтылудамыз. Тіпті құрдымға тақадық. Әй-қап, неге? Оның себептері қайсы?

Кеңестік қызыл идеология әу бастан ұлт пен ұлыс атаулыны бір халық қылмақты ойлады, ақырында осы утопия Кеңес Одағының түбіне жетті. Сталиндік жүйе ұлтшыл кісіге «басқа ұлтқа қарсы тұратын адам» деп анықтама беріп, оған «халық жауы» деген қара күйені жақты. Нәтижесінде Ресей империясын мекендеген ұлттардың шіли зиялылары «ұлтшыл» деген албаты айыппен айдалды, атылды. Бұл – мәселенің бір жағы.

Екінші, тап осы тұста «нацизм» идеясы дүниеге келгенін қайтерсің. Ұлтшыл мен нацистің үш қайнаса сорпасы қосылмақ емес. Нацизм – бір ұлтты басқа ұлттардан жоғары қойып, оларды өзіне бағындыруға, қанауға ұмтылу.  Фашистік Германияда көктеген осы нацизм. Ол – адамзат қоғамын бұзатын, әділетті аяққа басатын құбыжық құбылыс. Өстіп, Сталин мен Гитлер екі жақтап бүлдірді: «ұлтшыл» әлем бойынша жиіркенішті терминге айналды. Нәтижесінде қоғамды дамытушы күш қайсы деген сұрақ туындады.

Обалы нешік, сан алуан теория дүниеге келді. Соның бірі – ғалым Лев Гумилев таратқан «пассионар» һәм «пассионарность» теориясы. Ол бойынша идеал үшін құрбандыққа баратын тұлғалар әлдеқалай пайда болып, солар ұлт пен қауымды жаңартып, өзгертеді-міс.  Бірақ бұл табиғатта жоқ, демек, халықты шатастыратын жасанды ұғым. Осындай жоқ нәрсеге бола, ұлттық мүддені тәркі етіп,  қапы қалудамыз, бауырлар. Ілкіде айттық, табиғатта бар жалғыз күш – ұлттық мүдде. Оны іске асыратын, сөз жоқ, ұлтшылдар. Егер билік ұлтшыл болмаса, ұлттың – соры.  Тіл, салт, тарих пен дін кімге керек? Көзіміз күнде көреді – ұлтшылдан өзгеге керексіз. Демек, «ұлттық мүдде», «ұлтшыл» сөздеріне табиғи мәнін қайтару – құрдымға кетпеудің шарты.  

Ұлт ұстазы Абай: «Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған, Мен сүйгенді сүйді деп Иең сүйсін» демей ме. Ұлтшыл деген – сол көптің қамын жейтін адам. Тағы Абай: «Дәл осы қазақтың ішінде кімді жақсы көріп, кімді қадірлеймін деп ойладым» (22-сөз) дейді. Дәл қазіргі өмір шындығында жақсы көріп,  қадірлеуге лайық Құсан сынды ұлтшылдар, сеніңіз. Жас өскін ұрпақты ұлтшыл (көпшіл) рухта тәрбиелейік, ағайын. Әйтпесе жоқ.

Асан Омаров,

ғалым-журналист.

Семей қаласы.