13 қаң, 2020 сағат 18:10

Құрылыс алаңдарынан шығатын лас көліктер: Сенатор проблеманың шешімін ұсынды

Сенатор Андрей Лукин құрылыс алаңдарында ірі жүк көліктерінің дөңгелектерін жуып-тазалауды міндеттеу мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрылыс алаңдарында айналма жолдарды қарастыру және ірі жүк көліктерінің дөңгелектерін жуып-тазалау шаралары қабылданбай жатыр. Өткен жылы тиісті жұмыстар атқарылған болатын. Осындай тәртіп бұзушылықтар үшін 120-ға тарта құрылыс компаниясы жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде жартысында аталған фактілер қайталанып отыр», - деді А. Лукин елордадағы Полиция департаментінің ұжымымен кездесу барысында.

Осы орайда ол құрылыс салушылар мұндай жағдайда тек айыппұл төлеумен шектелетінін атап өтті.

«Осындай жағдайларға құрылысы қарқынды жүріп жатқан Есіл ауданының полицейлері жиі тап болады. Сонымен қатар, Байқоңыр ауданы бойынша жеке сектордың үлесі басым. Сондықтан олар да мұндай проблемаларды шешуі тиіс», - деді сенатор.

Бұл тұрғыда ол құрылыс алаңдарын дөңгелекті жуатын пунктермен жасақтау, айналма жолдарды ескеру шараларын заңнамалық түрде реттеуді ұсынды. Егер де осы бағыттағы жұмыстар іске асырылмаса, онда құрылысқа рұқсат бермеу мәселесі көтеріледі.