08 там, 2017 сағат 15:03

Құрманғазы оркестрінің «Ұлы дала әуендері» атты концерті өтеді

2017 жылдың 13 тамызы күні Астана Балет театрында ЕХРО 2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің «Ұлы дала әуендері» атты концерті өтеді.

Ұлттық өнерді ұлықтаған ұжымның бұл ЭКСПО көрмесіне арнаған 13 концерті.  Осыған дейін «Қазақ күйінен әлемдік классикаға дейін», «Әлем халықтарының музыкасы» атты ірі жобаларды Астана жұртшылығына ұсынған өнер ұжымының кезекті концерті тікелей Мәдениет және спорт министрлігінің қолдаумен жүзеге асып отыр.

Концерттің бағдарламасы қазақ халқының күйлері мен әндерінен құралады.

Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының мәдениетін әлемге кеңінен таныстыру. 

Аталған концерт 14-15 тамыз күндері Этно-ауыл ұлттық мәдени кешенінде ән-күй кешімен жалғасын табады.     

Концертке: Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – Шахимардан Әбілев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері –Жұбаныш Жексенұлы, Саят Медеуов, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты – Батыржан Мықтыбаев, Халықаралық және Республикалық конкурстардың лауреаттары - Әсел Рақымжан, Жалғас Сұлтанов, Айнур Абильдаевалар қатысады.

Оркестрдің бас дирижеры, «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты – Арман Жүдебаев, дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Жанас Бекентұров.