13 нау, 2017 сағат 20:21

Құрманғазы оркестрі Болгарияға гастрольдік сапармен барады

2017 жылдың 19-26 наурызы аралығында Болгария Республикасының Пловдив, София, Варна қалаларында тұңғыш рет Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің «Ұлы дала әуендері» атты гастрольдік концерттері өтеді.

Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 25 жыл.  Аталған мерейтойға орай ұйымдастырылып отырған гастрольдік сапар ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Болгария Республикасындағы Елшілігінің тікелей қолдауымен жүзеге асып отыр.  

Гастрольдік сапардың мақсаты – Қазақстан және Болгария арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту мен тереңдету, мемлекеттер арасындағы мәдени өзара байланысты нығайту. Қазақ өнерінің төл мәдениетін кеңінен насихаттау. Елімізде өтетін ЕХРО 2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің маңыздылығын айшықтау.

Гастрольдік сапар нәтижесі бойынша тәжірибе алмасу мақсатында өнер ұжымдары мен меморандумға қол қойылып, өзара әріптестікті дамыту мақсатында жұмыс жүргізілетін болады.

«Ұлы дала әуендері» деп аталатын концерттің бағдарламасы халық күйлері мен қатар  Құрманғазы, Түркеш, Шәмші Қалдаяқов, Ахмет Жұбанов, НұрғисаТілендиев, Төлеген Мұхамеджанов сынды қазақ композиторларының және мен әлемнің классик композиторлары Жорж Бизе, Антонио Вивальди, Имре Кальман, Иоганн Штраус, Андерсонның шығармаларынан құралып отыр. Сонымен қатар, болгар халқының халық әндері мен фольклорлық шығармасы орындалады.

Іс-шараға  Құрманғазы оркестрі мен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген артисі – Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Жеңіс Ысқақова, Ерлан Рысқали, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері – Батыржан Мықтыбаев, Республикалық және Халықаралық конкурстардың лауреатты – Ағайша Жұрбай, Асел Рақымжан қатысады. Оркестрдің бас дирижері – Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері – Арман Жүдебаев, дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Жанас Бекентұров.

Қосымша ақпарат алу үшін мына телефондарға байланысуға болады:

Алматы қаласы, Бөгенбай батыр  көшесі 158, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі 8(727)390-06-47, 87076316064.

Гастроль кестесі:

20 наурыз, Пловдив қаласының Драма театры, сағ:19.00

22 наурыз София қаласы Болгария залы, сағ:19.00

24 наурыз Варна қаласы Фестиваль және конгресс орталығы, сағ:19.00