23 қыр, 2019 сағат 14:08

Күрестен әлем чемпионатының қорытындысы: Қазақстан 7 медаль, 8 жолдама алды

Қазақстанда алғаш рет олимпиадалық күрес түрлерінен өткен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нақтырақ айтсақ, 14-22 қыркүйек аралығында Қазақстан астанасында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Токио Олимпиадасына жолдама беретін әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде әлемнің 100 елінен 1 002 балуан күш сынады. Әр күрес түрінен 10 салмақтан жалпы 30 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Сондай-ақ, келесі жылы алауы тұтанатын Токио Олимпиадасына әр салмақтан 6 балуанға жолдама үлестірілді.

Жалпы, күрес түрлерінен қазақстандық балуандар 7 медаль (грек-рим күресінен - 1 күміс, 2 қола, әйелдер күресінен - 1 қола, еркін күрестен - 2 күміс, 1 қола) жеңіп алса, Олимпиада ойындарына жалпы 8 жолдамаға иелік етті.

Әлем біріншілігін алғаш болып грек-рим күресінің шеберлері бастаған болатын. Қазақстандық грек-рим күресінің балуандары әлемдік доданы бір күміс және екі қола медальмен аяқтады.

Атап айтар болсақ, Қорлан Жақанша (55 келі) мен Алмат Кебіспаевтың (63 келі) жеңісті жолын Мейрамбек Айнағұлов жалғастырды. 60 келіде белдескен Айнағұлов кіші финалда украиналық Ленур Темировті 10:0 есебімен жеңіп, өзінің жүлде қоржынын әлем біріншілігінің қола жүлдесімен толықтырды.

Сонымен Бақтияр Байсейітов баптайтын грек-рим күресінен Қазақстан командасы өз еліміздегі доданы алтынсыз аяқтады. Чемпионат басталғанға дейін күрес мамандары мен балуандар елімізде өтетін әлемдік сында әнұранымызды шырқатамыз деген ойлары іске аспай қалды. Осылайша, «классиктер» әлем чемпионатынан бір күміс, екі қола және Олимпиаданың екі жолдамасымен қорытындылады.

«Классиктерден» кейін әйелдер күресіне де кезек келді. Алайда, балуан қыздарымыз әлем біріншілігін жалғыз қола медальмен аяқтады. 50 келі салмақта ел намысын қорғаған Валентина Исламова әлем чемпионатында ел қоржынына жалғыз қола медаль салды. Сондай-ақ, Токио Олимпиадасына жолдама жеңіп алды. Қыздар күресінен жалпы Олимпиадаға екі жолдама бұйырды. Екінші жолдаманы біріншілікте 5-орынға ие болаған 76 келі салмақтағы балуанымыз Эльмира Сыздықова да жеңіп алды.

Жалпы, Нұр-Сұлтанда өткен әлем біріншілігінде әйелдер күресінен алғашқы үштікті Жапония, Ресей, АҚШ құрамалары түйіндеді.

Ал әлем біріншігінде соңғы болып, еркін күрес шеберлері белдесті. Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша еркін күрестен Қазақстан құрамасы командалық есепте тұңғыш рет жүлделі екiншi орынмен аяқтады. Ресей құрамасы Нұр-Сұлтандағы әлем біріншілігінде 190 ұпаймен жалпы есепте көш бастаса, 103 ұпаймен Қазақстан құрамасы екінші орыннан көрінді. Үздік үштікке 94 ұпай еншілеген АҚШ балуандары ие болды.

Әл еркін күрес балуандары әлем чемпионатанда екі күміс, бір қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, 57, 65, 74, 97 келi салмақта Олимпиада ойындарына төрт жолдамаға иелік етті.

Атап айтар болсақ, Нұрислам Санаев (57 келі – қола), қызылордалық Дәулет Ниязбеков (65 келі – күміс) және петропавлдық Нұрқожа Қайпанов (70 келі – күміс) медальға иелік етті. Бұл тізімге Әлішер Ерғали (97 келі), Ғалымжан Өсербаев (79 келі), Әділет Даулымбаев (86 келі) қосылар еді. Бірақ үшеуі де қола жүлде үшін тартыста ұтылды.

Сонымен, күрес түрлерінен өз елімізде өткен әлем біріншілігі тағы да «алтынсыз» аяқталды. Бірақ Қазақстан балуандары Токио Олимпиадасына күрестің үш түрінен жалпы 8 жолдамаға иелік етті. Грек-рим күресінің балуандары - 2, әйелдер күресінің балуандары - 2 жолдамаға ие болса, ең көп жолдамаға еркін күрес шеберлері қол жеткізді. Олардың еншісінде Олимпиада ойындарының 4 жолдамасы бар.

Олимпиадалық күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатының жалпы есебі:

Грек-рим күресі:

1. Ресей

2. Өзбекстан

3. Грузия

Қазақстан 5-орында

Еркін күрес бойынша:

1. Ресей

2. Қазақстан

3. АҚШ

Әйелдер күресі:

1. Жапония

2. Ресей

3. АҚШ

Қазақстан 6-орында.