03 сәу, 2020 сағат 12:52

Күрделі кезеңде әскери міндеттілер шетте қалмауы керек - Амалбек Өміртай

Күрделі кезеңде әскери міндеттілер шетте қалмауы керек. Бұл туралы Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Амалбек Өміртай Strategy2050.kz тілшісіне берген пікірінде айтты.

«2014 жылы салтанатты ант қабылдап, 2014 жылғы түлектер арасында ҚазҰУ-дің әскери кафедрасының жалауына ие болған едім. Сол кезде взвод командирі болғам. Мотоатқыш бағытында білім алып, жас жауынгердің барлық машықтарын меңгерген болатынмын. Ол жауапкершілікті терең сезінемін. Мемлекетке төтенше жағдай кезінде әскери міндеттілердің көмегі қажет болып жатса, мен, әрине, азаматтық борышымды барып өтеуге дайынмын. Қазіргі таңда қорғаныс, мемлекеттік орган құрылымдары барынша жұмыс істеп жатыр. Қашықтықтан жұмыс істеп жатқандар не болмаса уақытша жұмыссыз қалған азаматтар әскери міндеттерін атқаруға өз еріктерімен барса, бұл аталған індетпен күресуді арттырар еді», - деді А.Өміртай.
амалбек 2.jpg

Сондай-ақ, ол Жастар ресурстық орталығының жастары карантин жағдайында да аянбай еңбек етіп жатқанын жеткізді.

«Облыс, аудан көлемінде еріктілерді жұмылдырып, қоғамдық жұмыстарды атқарып жатырмыз. Атап айтар болсақ, Түркістан жастары мен кәмелет жасқа толған волонтерлар арнайы оқыту-мамандандыру бойынша тәлім алып, өз біліктіліктерін «Түркістан» темір жол вокзалында іс-тәжірибе түрінде жүзеге асырды. Сондай-ақ, еріктілер блок-бекеттерде тегін маскалар тарату жұмыстарын жүргізді. Ағылшын тілін онлайн түрде тегін үйретуді де жүзеге асырып жатыр. Белсенді, патриот, ерікті жастар өз үлестерін осылай да қосып жатыр», - деді ол.
Амалбек Өміртайдың пікірінше, төтенше жағдай кезінде әскери міндеттілерді жиынға шақыру дұрыс.  
«Біз «әлем не істеп жатыр?» деп, олардың тәжірибелеріне жүгіне бермей, өзіміздің ұлттық тәжірибемізді ойлап табуымыз керек. Түркістан облысы Орталық Азияға қақпа болғаннан кейін осындай қарбалас кезінде, басқа да саяси ахуалдардың пайда болуына  байланысты қорғанысты күшейту керек деп ойлаймын. Осы орайда Президенттің тапсырмасын қолдап, күрделі кезеңде әрбір әскери міндетті адамның шетте қалмауын құп көремін», - деп түйіндеді А.Өміртай.