13 қыр, 2016 сағат 10:53

Құрбан шалудың мәні мен маңызы. Қазақ зиялылары не деген?

Соңғы күндері желіде құрбан шалуға қатысты Әміржан Қосанов ағамыздың тосын ұсынысы талқыға түсті. Бұл жөнінде Тыныштықбек ағамның пікірі бұрыннан белгілі. Дін-шариғат мәселесі аса нәзік болғандықтан, өз басым мұндай дауға араласа бермеймін. Бірақ көзсіз сенімнен сау ақылды артық көретінім рас.

Ал, осы мәселеде бұрынғы толқын не депті? Сіздердің назарыңызға ақын, ағартушы Ғұмар Қараштың "Қазақ" газетінде жарияланған мақаласын ұсынамын. Ғұмар атамыздың 1917 жылдың 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен Алаш автономиясы жарияланатын екінші жалпықазақ съезінің ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысып, баяндама жасағаны, осы сиезде қази болып сайланғаны белгілі ғой. Сонымен...

Қазбек Құттымұратұлы

ЗАҢ МӘСЕЛЕСІ
(Шариғи мәселе)

Жаңа ғана осы арада Астрахан маңайындағы бір бауырым Хамидолла Наубетов деген үшителден хат алдым. Хаттағы сұраған фатуасы жұртқа ортақ нәрсе турасында болғаны үшін, оның хатын да һәм жауабымды да хұрметлі «Қазақ» арқылы жар етуді лайық көрдім. Хатасын тапқан жандардан жолы-жөніменен, шанышпай, таптамай түсіндірулерін тілеймін.

Хамидолла Наубетов жазады: «Мұхтәрәм (құрметті – а) Ғұмар әфенді, «Қазақтың» 36-ыншы нөмерінде «Сарқандтан телеграм» деген мақалада құрбанлықты шалмай, 5 сомнан құрбан басына хақ кесіп жиып алып студенттерге жәрдемге жіберіпті. Бұл іс қазақ арасында бұрын болмаған уақиға болғандықтан, аң-таң қалып, бұл дұрыс па екен? Шығармай ақшалай хақ кесіп үлестіру шариғатта жарай ма екен? Бұл бір рәсуә ғамал болмаса еді? – деп күмәнға қалушылар бар. Билік иесі адамдардан мұның жарап-жарамауы хақында сұрап біліп, егер шариғатта дұрыс болса, біздер де неге солай істемейміз деп ойға қалып, сізді соған дұрыс дәлеліменен фәтуасын беруге рақым етер деп бұл өтініш сәлемімді жолдадым. Егер құрбандықты тірі үлестіру дұрыс болса һәм бұл біздің қазақ арасында жайылып, халықтың нағыз мұқтаж болған оқу-өнер жолына жұмсалса, ұлтымыздың қараңғылықтан жарыққа қарай бет алуына көп себеп бола еді».

Жауабым: Терең ойлап, тесе тексергенде һәр нәрсе де болған секілді-ақ, шариғаттың да ресімі бар. Һәм рухы-мақсуды бір. Шариғаттың ресімін, сынын-сымбатын кесіп пішетұғын һәрбір замандағы мұжтаһад ғұлама ийіті болып, ғылым фәқа (фық ғылымы – а) деген шығарып фәқаи, мұғәбәр фәтуа кітаптары таралып, ел-жұрт соныменен ғамал істейді. Һидәиә, уәқая, Қазыхан сияқты мұғтабар китаптары болады. Әрине бұлардағы айтылып кесіліп-пішілген нәрселер біреуі де мәңгілік емес. Һәр уақыт адам баласының халі, тіршілігі, заманы өзгерумен бұлар да өзгеріп тұрады. Пайғамбарымыздың (ғ.с.): «Заманалардың өзгеруіменен хәкімдер өзгереді» деген сөзінен мұрад, осы шариғаттың ресімі сыны-сымбаты өзгеруі.

Шариғаттың рухы-мақсуды Құран-шарифте баян етіледі, бұл мәңгілік, бұл ескірмейді, тозбайды. Бұл рух түрлі заманда түрлі сүгіреттелсе де, өзі саф таза балқып, көңілі соқыр емес адамдарға көрініп тұрады. Бұл рух мұнан мың жыл бұрын қалай болса, хазірде де солай, Құранның мәңгілік жолбасшы болуы осы жөнменен.

Енді келелік құрбандық мәселесіне. Әлгі жоғарыда бірсыпырасының аттары жазылған қатырма тысты қалың кітаптарға қарағанда құрбан айының 10-ынан бастап 12-сі күні күн батқанға шейін хәлі жеткен адамдар бір қой яки бір ешкі, я болмаса түйе, сиырдың біреуінің жетіден біріне кірісіп шалып, қанын ағызу шарт, Құран шарифтің 32, Хажы туралы сүресіндегі: «ләм янәлуллаһу ләхуахұма уәлад мәһуһа уәләкин янәлуһу әннаһуа минку» деген терең мағыналы аятына қарағанда, Аллаға шалынған малдың еті, қаны жетпейді, бәлки ақ ниет, адал жүрек жетеді, яғни малды шалып, қанын ағызу яки табақтап етін тарту мақсұд емес, бәлки адам малын-мүлкін қиып, жақсы күндерде Алла жолына шығаруы мақсұд деген. Бірдің емес, көптің, жалпы жұрттың, ұлттың пайдасына жараған орынды. Алланың өзі һеш нәрсеге мұқтаж емес. Енді осы заман хәлін, ұлтымыздың жәйін ойлап қарасақ, әлгі аяттың көрсеткен жолыменен жүрсек, сол құрметті ізгі үш күнде нендей орын тиісті, ұлтымызға пайдалы болып, сол орнымызға малымызды сарф ету жарайды, нағыз сауапты құрбан болып мойнымыздан түседі. Мұнда һешбір садақа болуға орын жоқ.

Құрметлі бауырым Хамидолла! Сізге бұның ғажап болып көрінуі – жасыңыздан құрбан деген қан ағызу деп басыңызға сіңіп қалғандықтан, Сізге үйреткен молдалар құрбанды ашып, шариғаттың рух пәлсапасын үйретудің орнына, әлгі қалың кітаптардағы мың жыл бұрынғы хәлге, заманға қарай айтылып қалған сөздерді үйретіп, осыдан айрылмай, тап осыны өзгертпе дегендіктерінен. Өзіңіз ойлап қараңызшы: жыл сайын хаждардағы Мына деген жерде құрбан күні жүз мыңнан артық қой, түйе, сиыр малдар бір күн ішінде шалынып, жерге көміледі, бұл ұят емес пе?! Мұндай исрапты ақ шариғат қосар ма?

Міне, осылардың бәрі шариғаттың рухын тастап, адасуымыздан келіп тұр. Пайғамбарымыз (с.ғ.) заманасында ислам мәдениетінің негізі жаңа басталып салынған уақыт болғаны үшін мектеп, медресе, кітап-құрал деген заттар болмаған, жазу-сызу да мұнда аз болған. Сол себепті ол күндері құрбандықты шалып, фақыраға етін таратудан басқа тиісті орын табылмаған. Осы күнде пайғамбарымыз тіріліп, қайтадан арамызға келіп, халымызды көрсе, ең әуелі бастап өз құрбандығын сатып, біздің ғылымды-өнерлі болуымыз, басқа елдерге қатарласуымыз жолына жұмсар еді.

Ғалымдар пайғамбарлардың жолын қуушылар деген сөз бар. Тек айт, жұмада мінбеге шығып тыңдаушылар түсінбейтін бір тілменен хатбе (құтпа – а) оқудан пайғамбарға ілтипат табылмайды. Бәлки осындай орындарды халыққа түсіндіріп, ілгері басуына себепші болу – әне, сол пайғамбарға қарыздық болады. Бізде қазірде түрлі орындарда ресми рұхсаты бар қайырымдылық қоғамдар ашып, солар арқылы зекет, құрбандықтарымыздың пұлы жиналып, мектеп-медреселер ашу, мұқтаж шәкірттер оқыту, білікті мұғалімдер алдыру, пайдалы кітаптар бастырып тарату бірінші парыз. Бұған фәтуа беріп бастап көрсету, халыққа түсіндіру ғұламамыздың, ашық фікірлі саңлауы бар адамдарымыздың міндеті. Енді мұндай орындар лайықты үгіт айтуға уақыт келгендей көрінеді. Һәрбір халықтың мәдениет тарихы қаралса, дүниаға шыққан хақиқаттардың баршасы да «Шек пе екен, бұ қалай? Бұ солай ма екен?»-менен басталған екен. Бізде де «Бұ қалай?»-лар көріне бастады. енді ұзамас. «Е-е-е, солай екен, солай керек екен»-дер де дүнияға шықса керек. Табиғаттың жолы солай.

Ғұмар ҚАРАШ 
«Қазақ» газетінен