09 там, 2019 сағат 12:39

Құрбан айт – Алланың мейіріміне бөленетін күн

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Исі мұсылман баласының ең ұлық мерекесі – құрбан айтқа айдан аман, жылдан есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын.

Құрбандық – үлкен тарих, ұлық ғибадат. Ол сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы саналған Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Мұхаммед үмбетіне де құрбандық мұра болып жетті. Себебі, Адам (ғ.с.) атадан бастап, Алла елшісі Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дейін барлық пайғамбарлар діні ханиф, яғни бір Аллаға құлшылық ететін діні болды.

Зүлхиджә айының 9-ы – Арапа. Бұл күнді қажылар арапа жазығында күн батқанша құлшылық етумен және дұға-тілек жасаумен өткізеді. Ал, қажылыққа бармаған мұсылмандарға арапа күні ораза тұту – сүннет. Қасиетті хадис-шарифте: «Арапа күнінің оразасы өткен және келер жылдардың күнәларына кәфәрат (кешірім) болады», – делінген.

Бұл хадистен арапа оразасы өткен жыл жасалған қате-кемшіліктердің кешірілуіне себепші болатынын айқын аңғарамыз. Сонымен қатар, ауыз бекіткен пенде мен оның келер жылғы қате-кемшіліктері арасында тосқауыл болады дегенді білдіреді.

Алла Елшісі: «Бұл күні біз ең әуелі намаз оқудан бастаймыз. Сосын (үйге) қайтып, құрбандық шаламыз. Кімде-кім осылай етсе, біздің сүннетімізге сай амал еткені. Ал, кімде-кім (намаздан) алдын құрбандық шалса, ол бала-шағасына арнап сойған мал еті болып, құлшылыққа (құрбандыққа) жатпайды», – деген.

Демек, құрбан айтты, яғни мереке күнін ең әуелі айт намазын оқумен бастаймыз. Пайғамбар Мәдинаға келгенде қала тұрғындарының ойын-сауық құратын екі күні болатын. Алла Елшісі: «Бұл қандай күндер?» – деп сұрағанда, мәдиналықтар: «Біз жаһилиет (надандық) дәуірінде бұл күндері ойын-сауық құратынбыз», – деп жауап береді. Бұған пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында Алла осы екі күнді, бұлардан да қайырлы (жақсы) құрбан және ораза (айт) күндерімен ауыстырды», – деген.

Құрбан айт күні толық жуынып (ғұсыл алып), ең жақсы иіссуды себініп, айт намазына бару – сүннет амал. Бұл амал күллі мұсылманды айт күндері жан мен тән тазалығының үйлесімді болуына үндейді. Өйткені, бұл – мереке. Мейрамның нышаны сезіліп тұруы тиіс.

Мұсылман баласы өзі ниет еткен құрбандықты өз қолымен бауыздағаны абзал. Өйткені, бұл – құлшылық амал. Сондықтан құрбандық ғибадатын кісі өзі орындағаны жақсы.

Жабир (оған Алла разы болсын) мынадай риуаят жеткізген: «Мен құрбан айт күні пайғамбармен бірге болдым. Ол кісі құрбан айт құтпасын айтып болған соң мінберден түсті. Оның алдына бір қошқар әкелінді. Пайғамбар малды өз қолымен бауыздап: «Бисмиллаһи, Аллаһу Акбар! Бұл менің және менің үмбетімнен құрбандық шала алмағандардың атынан», – деп құрбан шалды».

Мал бауыздай алмаған жағдайда қасапшының жанында тұрып, өз көзімен көргені дұрыс. Себебі, пайғамбарымыз қызы Фатимаға: «Құрбандығыңа куә бол. Өйткені, құрбандықтың ең алғаш тамған қанымен барлық қате-кемшілік кешіріледі», – деген екен.

Құрбандыққа түйе, сиыр және қой (ешкі де) шалынады. Бұдан басқа мал түрлері құрбандыққа жарайтындығы жайлы пайғамбарымыздан және сахабалардан жеткен хабар жоқ. Алла Елшісі: «Төрт нәрсе құрбандыққа жарамайды: соқырлығы анық мәлім соқыр мал, ауру екені анық көрініп тұрған мал, ақсақ-тоқсақ мал және жілік майы тым аз арық мал», – деген екен.

Айт күндері мұсылман баласы жұртпен бірге құрбандық шалып, сауап алуға ниет етеді. Қазан асып, мерекелік дастархан жайып, айттық бергісі келеді. Алайда, мал базарда құрбандыққа шалынатын мал бағасы қымбаттап кететін жағдай жиі кездеседі.

Осы ретте қасиетті құрбан айт мерекесі қарсаңында отандастарымды игі амалдар мен сауапты шараларға атсалысуға шақыра отырып, құтты мейрамның құтын қашырмай, мал бағасын шарықтатып, пайдаға емес, сауапқа бөленуге үндеймін.    

Құрбандық – мал сою науқандық шарасы емес. Бұл – халықтың ынтымағын нығайтып, елдің ауызбіршілігін күшейте түсетін айтулы мереке. Бұл – Алла Тағаланың бізге тарту еткен мерекесі.

Мұсылман баласының құлшылық амалдары жамағатпен және ауызбіршілікпен атқарылады. Құрбан айт соның үлкен айғағы. Бұл мереке исі мұсылманның бірлігі мен берекесін тағы да паш ете түседі. Біз «әһли сүнна уал жамағат», яғни пайғамбарымыздың және сахабалардың (көпшіліктің) жолын ұстанушы үмбетпіз. Қажылық, құрбандық, жамағатпен оқылатын намаздар, т.б. игі амалдар мұсылмандарды бірлікке тәрбиелейді.

Хазіреті Омар (оған Алла разы болсын) хұтпа оқып тұрып, сөзінің арасында пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«...Жамағатпен болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар...», – деген сөзін мінберде айтқан.

Құрбан айт ағайын арасын жақындата түсетін, көршілерді аралап, науқас адамдардың көңілін сұрап, кешірімшіл, кеңпейіл болуға шақыратын, бірлік пен берекеге бастайтын мүбәрак мереке. Айт – отбасылық мереке. Мейрам күні ата-анамызға, балаларға сыйлық үлестіріп, ағайын-көрші, туыс, бауырларды қонаққа шақырып, айрықша көңіл бөлу де – сауапты іс.    

Құрбан айт – мұсылман қауымын имандылыққа ұйытып, барша адамды қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Айт күні адамдар құрбан шалумен ғана емес, сауапты, ізгі, қайырлы амалдарымен Раббысының разылығына, рақымына жақындай түседі. Өйткені, араб тіліндегі «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді.

Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған.

Құрметті бауырлар! Келе жатқан құрбан айт мүбәрак болсын!

Алла Тағала халқымызды айттан айтқа, құлшылық-ғибадатпен, молшылық-берекетте жете беруге жазсын! Еліміздің егемендігі баянды болғай! Әмин!

(Материал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мақұлдауымен жарияланды)

Серікбай қажы ОРАЗ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти