28 қар, 2018 сағат 08:17

"Өз үйім - өлең төсегім..."

2018 жылы 30 мыңға жуық қазақстандық отбасы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы қоныс тойын тойлады.

Қырық бес жастағы ақтөбелік полицей Қайрат Мұхтаров өз үйім болса деп көптен бері армандаған еді. Төрт баланың әкесі 25 жылдан бері бұл салада қызмет етеді. Балаларының кішкентайы мектепте оқиды. Ал, жары болса балабақшада тәлім береді. Бұл отбасы көп жылдан бері пәтер жалдап тұрған-ды. Ай сайын пәтерақыға 60 мың теңге жұмсауға тура келетін. Әрине, отағасы баспана мәселесін қалай шешу туралы жиі ойланды.

Ерлі-зайыптылар алты жыл бұрын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» салым салуды шешті. Бүгінге дейін олар 3 миллион теңге көлемінде қаржы жинай алды. Қайрат екі жыл бұрын жер телімінің кезегіне тұрды. Енді міне, бұл отбасының арман-тілегі орындалды десек те болады. Яғни, олар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданынан жаңадан бой көтерген екі қабатты коттедждің иесі атанды.

- Мені бәрі қанағаттандырады. Жалпы аумағы 152 шаршы метрлі үйіміз өте жарық, әдемі, кең. Үйдің мансардты болғаны да жақсы болды. Барлық жағдай жасалған әрі жылы. Жаңа жылда отбасымызбен барсақ деп отырмыз, - дейді Қайрат Мұхтаров.

Талаптарға сай, отбасы сегіз жыл бойы ай сайын 100 мың теңге төлеп келсе, кейін төлем құны екі есе азаяды. Яғни баға айына 50 мың теңге көлемінде болады. Бұл, тиісінше, олардың ай сайын жалдамалы пәтерге кеткен ақшаларынан аз. Жалпы алғанда, несиені 19 жылға берген. Несие бойынша жылдық ставка 5% құраған.

Бүгінде Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынған өнімдер мен жобаларға сұраныс өте көп. 2018 жылдың он айы бойынша біздің банк жалпы қазақстандық ипотека 63% үлесін xалыққа ұсынып отыр.

Осы кезге дейін 30 мыңнан аса ел тұрғыны қоныс тойын өткізсе, олардың 7 мыңға жуығы "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша баспаналы болды. Ал, Ақтөбе қаласында 1400 жанұя жаңа үйдің кілтіне қол жеткізді. Одан бөлек 300 адам құжат рәсімдеу кезеңінде. Жыл соңына дейін тағы мыңға тарта отбасы қуанышқа кенелмек.

"Бұл сандар қазіргі таңда ең өзекті және өткір қоғамдық проблемалардың бірі - xалықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесінің нақты нәтижесі мен жүйенің тиімділігін көрсетеді", - дейді ТҮҚЖБ Ақтөбе өңірі бойынша орталық филиалы басшысының орынбасары Рауан Баяш.

Банк қызметкерлерінің айтуынша, қажетті шаршы метрлердің иесі болу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің клиенті атанып, өз депозитіңізге баспана бағасының кемінде 20% көлеміндегі ақысын жинап қойсаңыз жеткілікті.

Осылайша "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша үміткер атануға болады. Жылдық ставка мөлшері - 5%. Мысалы, 5 280 000 теңге тұратын 44 шаршы метр көлеміндегі бір бөлмелі пәтердің иесі атану үшін депозитте миллион теңге шамасында қаржыңыз болуы тиіс.

Максималды мерзімге бөліп есептесек, 8 жыл бойы ай сайынғы төлем 35 728 теңге (5% жылдық ставка) болса, одан кейін 11 жыл бойы 17 087  теңге (3,8%) көлемінде төлейсіз.