#
#
Дүйсенбі 20/11/2017

Құндылығымызға құнт қандай?

  • 09.01.2017
  • 0
  • 3012

Қазақ – ежелгі заманнан бері жүйрік ат мініп, тазы жүгіртіп, өздерінше сейіл-серуен құрған халық. Сондай-ақ, ұлтымыздың қанында құс салу өнері де қалыптасып, ғасырлар бойы ерекше сипатқа ие болған. Бұл – бір жағынан ұлт тұрмысының түзеліп, әл-ауқатының артуына да себепші болған асыл текті өнер.

Ерте кезде қияда баптан­ған қыран құс қасқыр, түл­кі, сілеусін, ілбіс сияқты жырт­қыш аңдарды аяғының астына бүріп, тау-тасты қиялап аулаған. Әрине, түз тағысының терісі аса бағалы. Одан он бармағы қыналы ісмер қазақ әйелдері бөрік, ішік, тымақ секілді құнды киімдер тігіп, оны тұрмыстық игілікке жұмсаған. Көптеген әдеби шығармаларда суреттелетін құндыз бөрік, түлкі тымақ дейтін теңеулер де осы бір қаймағы бұзылмаған дәстүрдің жемісі. Ол заманда мұндай бағалы аң терісінен тігілген киімдерді елге қа­дірлі азаматтар ғана киген деседі. Ауқатты отбасылар қызын ұзатқанда да жасауына осы бір бағалы заттарды қосқан деген әңгімелер бар.

Әлқисса, өткен күнге, сонау заманға аз-кем шегініс жасадық. Кеше осы бір құндылығымыз орнында еді, бүгін қандай дейтін мәселе төңірегінде де ойласуды мақұл көрдік.

Бүгінде құс салу өнері кенжелеп барады. Арнайы натуралист-құсбегілер болмаса, қазір бұл дәстүрді ешкім де қолдап-қуаттамайтын секілді. Құс салу өнерін арнайы түсірілген фильмдерден ғана тамашалайтын болғанбыз қазір. Қыран құстың тегі мен түбірін кітаптардан ғана оқитын болдық. Қазақ руханиятында да дағдарыс секілді, осы бір бекзат өнерді насихаттап, бүкіл қасиетін халыққа танытатын шығармалар жазылмай келеді. Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға…» деп басталатын бір ғана сүйекті шығармасы ғасыр бойына ұлттың ұлылығын, дәстүрі мен салтын насихаттап келді.

Мысалы, 1269 жылы Италиядан шығып, қазақ даласын көктей өтіп, Қарақорымдағы Құбылай ханның ордасына барған венециялық атақты сая­хатшы Марко Поло өзінің «Әлемдегі қилы оқиғалар» деген кітабында «далалықтардың әр үйінде бір-бірден бүркіт бар. Олар онымен аң аулайды, саятшылық жасайды, бой сергітеді», деп жазады. Саяхатшының жазбасын негізге алсақ, біздің ата-бабаларымыздың осыдан сегіз ғасыр бұрын-ақ қыран баптап, құс салғанын аңғарамыз. Сондай-ақ, тарихта Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның үш мыңға жуық қыранды баптап ұстағаны туралы дерек бар. Абылай хан да бес жүз бүркіт пен үш жүзге жуық сұңқар мен қар­шығаны баптады де­лінеді. Халқымыздың Шоқан Уәлиханов, Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Жаяу Мұса секілді біртуар пер­зенттері де құс салу өнерінен құралақан болмаған. Әрине, әрбір аңыз бен деректің астарында ақиқаттың болатыны белгілі.

Тіпті данышпан Абайдың құс салып, осынау бекзат өнерді бағалап өткені еш­бір күмән тудырмаса керек. Ежелгі құс салу өнері бүгінгі қазақтардың арасында жырға бергісіз әңгіме болып айтылады. Қазір сол бір киелі өнерге, текті құсқа деген халықтың көзқарасы қандай?..

Әрине, бұл өнерді мүлдем ұлт болмысынан аласталды деуге болмайды. Бірақ, кенжелеп қалғаны рас. Дегенмен, біраз жылдан бері Алматы облысында «Сонар», Ақмола облысында «Қан­сонар», Қарағанды облысында «Сал­бурын» секілді саятшылық өнерді наси­хаттайтын сайыстар өткізіліп келе­ді. Кейіннен бұл игі шара Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Айша бибі ауы­лында өз жалғасын тапқан болатын.

Дегенмен, қыран баптайтын арнайы мамандар болмаса, көп жағдай­­да қарапайым халық бұл мәселе­ге қызығушылық таныта бермей­ді. Берен мылтық, құмай тазы, жүйрік ат, сұлу жар секіл­ді жеті қазына құндылығы­ның санатындағы қыран бүр­кіт те ұлтымыздың қа­си­етін айғақтайтын ерек­шеліктердің бірі еді. Ал, мұндай ерекшелік өмір бойы ұлттың болмысы мен жанында жасауы тиіс.

Көрнекті ғалым Әлкей Марғұлан құсбегілік өнер­ді ұлттың биігі ре­тін­де баға­лаған екен. Тіп­ті қыран құс­ты «тарихи ескерткіш» деп те айт­қан. Сол бір ұлттық өне­рі­міз бүгінде шоу­ға айналып бара жат­қандай ма қалай?

Хамит ЕСАМАН

"Егемен Қазақстан" газеті

0 пікір

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар