06 сәу, 2017 сағат 11:17

Құнды қолжазба елге әкелінді

Жуырда Ұлттық академиялық кітапхана ұжымы жұмыс сапарымен Арменияда болып қайтты. Онда мәдениет пен өнер, тарих, музей және кітапхана ісі саласындағы кең ауқымды мәселелер талқыланып, екі жақты келісімге қол қойылды. Енді М.Маштоц атындағы Матенадаран көне қолжазбалар институты мен Арменияның Ұлттық мұрағаты қорында сақталған Қазақстан тарихына қатысты бұрын-соңды ұшыраспаған армян деректерімен жақын танысуға болады.

Ұлттық академиялық кітапхана қорына қыпшақ ескерткішіне жататын көне қолжазбаның электронды нұсқасы жеткізілді. Бұл туралы Ұлттық кітапхананың директоры Үмітхан Дәуренбекқызы хабарлады.

1618 жылы басылып шыққан «Ал­ғыш бітік» деп аталатын бұл көне шығарманың жалғыз данасы осы Арменияның ұлттық кітапханасында сақтаулы. Армян əліпбиінде араб жа­зуындай емес, дауысты, дауыссыз дыбыстар толық таңбаланып отыруы себепті, қыпшақ тілінің өзін­дік дыбыс­тарын белгілеуде аса бір дыбыстық өзгерушілікке ұшырай қоймаған.  Ар­мян-қыпшақ ес­керт­кіштері және түркі мұраларын зерттеп жүрген ғалымдар қолжазбаны қыпшақ тілінен қазіргі қазақ тілінің қалпына түсіретін болады. Жалпы, армян жазулы қыпшақ ескерткіштерін зерттеу Қазақстанда ғана емес, əрісі əлемдік түркологияда, берісі Кеңес Одағында кенже қалып келе жатқан ғылым саласы.

Талдыбек Нұрпейіс, Ұлттық кітап­хананың ғалым-хатшысы:

– «Қобыланды батыр» жырында «92 баулы қыпшағым» деп келетін жолдар бар. Қолжазба туралы қандай да бір ғылыми қорытынды айта алмаймыз. Армян жазулы қыпшақ ескерткіштерінде не жазылғанын біле­тін болсақ,  талай тарихымыздың жыртығы жамалған болар еді. Жал­пы, Арменияда сақталған ескі құжат­тар­дан деректер жинауға әлем ғалымдары құлшынып отыр. Өйткені, қолжазба қорында орта ғасырға жататын 17 мыңнан астам көне құжат, 3 мыңнан астам құнды дерек сақ­талған».

Кітапхана басшысы Үмітхан Дәу­рен­бекқызының айтуынша, Матена­дарандағы көне қолжазбалар жер астындағы арнайы залда сақталады, ауа температурасы 7 градус. Оқуға берілген қолжазбаны қайтадан орнына қоймастан бұрын арнайы лабораторияда тазалаудан өткізеді.

«Қазақстандағы армян диаспоралары келіп, мәлімет іздеуіне барынша мүмкіндік жасап отырмыз. Армян ұлттық кітапханасы өздеріне түскен жаңа кітаптарды біздің қорға беруге әзір», деген кітапхана басшысы, бір орталықтан басқарылатын аударма жүйесін құру керектігіне де тоқталып өтті:

«Қазір кітаптарды әркім өз біл­генінше аударып, түрлі баспахана­дан шығып жатыр. Осы істі бір жүйе­ге негіздеп, аударма орталығын ашу­ды ойлас­тырудамыз. Бұл ұсыны­сымызды Мәдениет және спорт министрлігі де қолдап отыр».

Қазақстан мен Армения ара­сындағы мәдени байланыстар екі ел президенттерінің бастама­лары бойынша 2006 жылдың қарашасында Ас­танада қол қойылған Қазақстан Республикасының Yкіметі мен Ар­мения Республикасы Үкіме­тінің мә­дениет саласындағы ынты­мақ­тастық туралы келісімімен бекітілген бо­латын.

Ая Өміртай, «Егемен Қазақстан» газеті