09 қаз, 2019 сағат 12:50

Құлыбаев бокстан ұлттық құрама бапкерлерін қатаң сынға алды

Бүгін Қазақстан бокс федерациясының отырысында Федерация президенті Тимур Құлыбаев бокстан ұлттық құрама бапкерлерін қатаң сынға алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Отырыс барысында Тимур Құлыбаев жақында Ресейде өткен бокстан әлем чемпионатындағы жағдайға да тоқталды. «Левитке қатысты әділетсіздік болды деп жатырсыздар. Ендеше, ол мәселені уақтылы, сол жерде көтеру керек болатын. Ал сіздер бүгін бізді заңгерлік мүмкіндіктен айырып отырсыздар. АІВА-ға да, Халықаралық Олимпиада комитетіне де шыға алмаймыз енді. Себебі сіздер регламентті орындамадыңыздар! Сіздер біздің бәріміздің үмітімізді ақтамадыңыздар! Сол себепті, сөгіс сіздерге әділетті түрде жарияланды. Әйтсе де, Әлем чемпионатына боксшыларды жақсы шыңдап барғандықтан, сіздерді сыйақыдан айырған жоқпыз. Алдағы уақытта бас бапкер ретінде толығымен міндетіңізді орындауыңыз керек. Бүкіл командаға үлгі болып, адамдарды бағыттау қажет», - деді Тимур Құлыбаев .

Еске сала кетсек, Ғалымбек Кенжебаев бастаған бокстан ұлттық құраманың барлық бапкерлеріне сөгіс жарияланған болатын. Бұл шешімді Қазақстан бокс федерациясының жаттықтырушылар штабы Екатеринбургтегі Әлем чемпионат нәтижелерін сараптай отырып қабылдады.

ӘЧ-нің жартылай финалында Василий Левиттің айқасында төрешілер эквадорлық боксшының жеңісіне күмәнді шешім қабылдаған болатын. Левиттің секунданттары айқастың нәтижесіне наразылық білдіруі керек еді. Ережеге сәйкес, жаттықтырушылар төрешілерге жекпе-жектен кейін 60 секунд ішінде сары қағаз беруі тиіс. Бірақ, секундандтар бұл құқықты бірден пайдаланбай, уақыт жоғалтып алған.