09 жел, 2019 сағат 09:28

Күлтөбе қалашығында матадан тігілген ескі бас киім табылды

Түркістан облысындағы Күлтөбе қалашығындағы қазба жұмыстары барысында археологтар сирек ұшырасатын артефакт – ескі бас киімді тапты. Матадан тігілген бас киім еврей-яхудилерге тиесілі болуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Күлтөбе қалашығындағы қазба жұмыстарының 2019 жылғы далалық маусымы барысында археологтар жаңа бірегей олжаға тап болды. Айта кетерлігі археологиялық жұмыс «ERG Көмек» қорының қаржылық қолдауымен Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты тарпынан жүргізіліп келеді. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті «YMAI» Margulan Centre ғылыми-зерттеу лабороториясының меңгерушісі Татьяна Крупаның пікірінше, бұл шамамен XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасыр бас кезеңіне жататын бұхар еврейлері дәстүрлі киімінің бір бөлігі болуы мүмкін (негізінен әйел адамға тиесілі болуы керек, әйтсе де нақты айту үшін қосымша жұмыстар атқарылуы тиіс).

«Күлтөбе қалашығы – Ұлы Жібек жолындағы негізгі сауда орталықтарының бірі. Осынау ерекше «мәдениеттер тоғысының» орталығы қай кезеңде де ғалымдар, саяхатшы, саудагер мен қолөнер шеберлері үшін ерекше тартымды еді. Бұнда әртүрлі этникалық қауымдастықтар мен діни конфессиялар өкілдері тоғысатын. Сондықтан да, Күлтөбе көптеген рухани ғалымдарды, діндарлар мен салт-дәстүрлерді біріктірген нағыз полимәдениет орталығы болды. Қазба жұмыстары барысында табылған жаңа бұйым - археологиялық мата. Айта кетейік, бұл қазіргі күні Қазақстанда табылған осы тектес жалғыз артефакт болып отыр», - дейді жобаның ғылыми жетекшісі Андрей Хазбулатов.

Күлтөбеден табылған бас киім. 2019 жылы археолог Айсұлу Ержігітова мен Серік Ақылбек тапқан

Мамандар пікірінше, археолог Серік Ақылбек пен Айсұлу Ержігітованың бұл «олжасы» шынында да біргей артефакт, өйткені ежелгі мата бұйымдар көп уақыт бойына шыдап, сақтала бермейді. Сонымен қатар, бұл бас киімнің ерекшелігі оның түркістандық бұхар еврейлер қауымдастығымен байланысында болып отыр.

XVIII–XIX ғасырларда еврейлер Орталық Азияның бірқатар қалаларында, атап айтқанда Бұхара, Ташкент, Самарқан, Қоқан, Шахрисабз және Түркістан қалаларында өркендеп, осы өңірлердің экономикалық-әлеуметтік және мәдени өмірінің көптеген қырларында ерекше рөл атқарды. Тоқтала кететін жайт, яхудей өкілдері Түркістан қалалары жазирасына біршама ертерек орналасқан. Мәселен, бір гипотеза бойынша «дала» еврейлері бұл өңірде VIII–VII ғасырларда өмір сүрген делінсе, енді бірінде б.э.дейінгі I мыңжылдықтың алғашқы жартысында деп көрсетіледі.

«Бұхар еврейлерінің киімі мен материалдық мәдени бұйымдары музей коллекциясының игілігіне айналғанына да көп уақыт өткен жоқ, нақты постсоветтік елдерден жаппай миграциялаған 1990 жылдар басынан бері ғана болатын. Ал Қазақстандағы бұл қорларды өте жұтаң деуге болады. Сондықтан да, далалық мәдениеттің алуантүрлілігін көрсететін осындай экспонаттар біз үшін ерекше маңызды», - дейді мәдениеттанушы Жанерке Шайғозова.

«Бұхар еврейлері» ретінде белгілі Орталық Азия еврейлері негізінен шебер бояушы, сондай-ақ матаны көк түске бояудың өңірдегі монополистері болды. Ал көк түс өзіндік символикасымен ғаан емес, қымбат пигментімен де ерекшеленді. «Батыстың көркем сурет мәдениетінде басқа түстерге қарағанда көк және жасыл реңктер басым болып тұрады. Осы тұрғыдан алғанда Күлтөбеде табылған бас киім матаны өңдеу мен бояудың технологиялық егжей-тегжейлерін ғана емес, эститкалық мәдени ерекшеліктерін де жарыққа шығарады деп үміттенеміз», - дейді өнертанушы Мәдина Сұлтанова.

Мамандар табылған үш бас киімнің шамамен XVIII-XIX ғасырларға тиесілі екенін айтып отыр.

«Біз осы жақында Күлтөбе қалашығында табылған археологиялық «олжа» негізінде қазақ-еврей социомәдени және экономикалық өзара байланысын терең әрі жан-жақты зерттеу маңызды болатынын алға тартамыз. Бұл ежелгі және бүгінгі Қазақстанның тарихи-мәдени ландшафтының бірегейлігі жөніндегі біздің түсінігіміз бен біліміміздің ауқымын айтарлықтай кеңейте түседі», - дейді жобаның ғылыми жетекшісі Андрей Хазбулатов.