15 қар, 2019 сағат 09:45

«Құлмамбеттің құлыны»

...Бала кезгі, құлақтарда тұр үні,

Қалама енді сынған күйі құрығы?!

Қалың елін адастырып жарықта,

Қалай өлді Құлмамбеттің құлыны?!.

Шеризат  МЕКЕБАЕВ

15 қараша - Алаштың арда ұлы, Құлмамбеттің құлыны, айтыс әлемінің ақиығы Оразалы Жарылқасынұлы Досбосыновтың дүниеге келген күні. Қарашада туған қаршадай ұл небәрі 29 жыл ғұмыр кешті.

Көзі тірі болғанда Оразалы ақын қырық төрт жасқа толатын еді. Амал не?.. Ажал сұрапыл ортекедей ойнақтаған Оразалыны арамыздан ерте әкетті. Орда бұзар жасқа жетпей, Шонжы мен Қалжаттың арасын жалғап жатқан күре жолда көлік апатынан опат болды. Көңілге медеу болатыны - артында Нұрсұлтан және Нұрайша есімді қос перзенті қалды...

Ау,шалдары шежіренің шын көзіндей,
Кемпірлері ар-ұят ілгегіндей.
Ерін сыйлар келіндер пірлеріндей, 
Ерлері елін сүйген Күлтегіндей.
Ассалаумағалейкүм, Алты Алашым, 
Қыздары қырдың қызыл гүлдеріндей. 
Қынама бел, қылықты, қылдай нәзік, 
Шыбықтың шылқылдаған су кезіндей. 
Жіліктің бастарындай жігіттері, 
Бәйге бермес түліктің тың кезіндей, 
Алматы шаһарының сұлулығы, 
Кәдімгі Қыз Жібектің қыз кезіндей. 
Ақ басты Алатауға кім таңғалмас, 
Аспанның астындағы діңгегіндей. 
Ал енді ел алдында ақ сөйлеген, 
Кешегі ұлы Дала билеріндей!.. 

Бұл Оразалы ақынның 15 жыл бұрын, Әбілқайыр Сыздықовпен болған жекпе-жек айтыста айтқан маржандай сөздері еді. 

Анасының айтуы бойынша: Ораздың әкесі үш ағайынды болған. Жарылқасын, Қасым, Оразалы деген. Жарылқасынның ағасы Оразалы Қытайда Текес жерінде ақын болған, жыршы болған кісі екен. Сөйтіп, өнер қуып жүріп хабарсыз кетіпті. Жарылқасын әкей сол бауырының аты өшпесін деп ұлына Оразалы атын беріпті.

- Балам тоғыз жасынан өлеңге бейім болды, сабақтан келе салып ағасы Оңғар екеуі түпкі үйге кіріп кетеді. «Ей, мына екеуі не істеп жатыр» десем, «Айтысып жатырмыз» дейтін. Бірде, «Қане бері шығып, айтып беріңдерші?» десем, Оңғар ұялшақтау болатын, ол тартыншықтады, ал Ораз зуылдатып айтып берді...- дейді Ораздың анасы Саламат Жақсылықова бір естелігінде.

Ораздың айтысқа деген құштарлығы сонау бала кезден-ақ басталғанын осы естеліктен аңғаруымызға болады.

Тегістікте туып, қазағының біртуар ұлы болған, айтыс сахнасында нұрдай жарқылдаған Оразалы есімі әркімге ыстық, үлкен мақтаныш.Айтыс өнерінде өзіндік зор үнімен танылған асыл азаматты ешкім ұмытпайды, ұмтылмақ емес. 

Өлім, өлім, өлім деп, 
Неғыламыз күрсініп. 
Өлген адам көмілмек, 
Тірі адамға - тіршілік... 
- деп, ақын Мұқағали ағамыз айтпақшы, баянсыз қу тірлікте Ораздан айырылғанымызға 15 жылдың жүзі өтіпті-ау!

Қазақстан Жазушылар Одағында оғылан ұлды ақтық сапарға шығарар сәтте, ақын Жүрсін Ерман Оразалының соңғы жазған өлеңін оқып, қазаға жиналған қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып еді. 

...Қанды ауыз тағдыр қалайсың? 
Он екі мүшең аман ба? 
Қорқыт боп келсем өмірге, 
Қарсы тұрмас ем ажалға. 
Әзірейіл тұрар тегінде, 
Алынбай ешбір амалға. 
Аш күзендей иіліп, 
Аллаға адал сиынып, 
Маңдайың жерге тигенше, 
Шынтағың ақты сүйгенше, 
Тұрағы жоқ тұл тағдыр, 
Одан да жығыл намазға. 
Мұқтаж боп өткен Мұхтар да, 
Абайдың жырын оқыған, 
Он сегіз мың ғаламға. 
Мәйітке біржола айналып, 
Көрдің есігін қағарда, 
Бір шумақ өлең оқышы. 
Қабірімді менің қазарда, 
Қаламымды орап бірге көм, 
Бір жапырақ қағазға. 
Ақымға мені саларда, 
Дәл солай істе болмаса. 
Кебенегімді жамылып, 
Асан боп арман айтармын, 
Аңызды ажал далаңда. 
Түркілер де білген ақырын, 
Тағдырын тасқа жазарда. 

Айтыс өнерінде тыңнан түрен салып, ерекше мақамымен реформатор ақын ретінде танылған Оразалы көзі тірісінде-ақ «Құлмамбеттің құлыны» атанды. 

«Бақсыз жерде бақ шаппас, 
Айғайға қаны қызынбай. 
Жігіттің бағы жанар ма, 
Бір Аллаға сиынбай? 
Арғы атам Көдек ақын ед(і) 
Өлеңнің асқақ туындай. 
Қойдым мен Шарғын сөйлесе, 
Шөл қандырыпты ел, кеше, 
Әбілхаят суындай. 
Таңжарық ақын сөйлепті, 
Қылықты екен сөздері, 
Қызайлардың қызындай. 
Бүгінгі мына жиында, 
Мен де солай сөйлейін, 
Сылдыр судай сұйылмай. 
Өйтпесем, мені кешірмес, 
Атамыз Жамбыл, Сүйінбай. 
Құлан аяңға салайын, 
Құлмамбеттен қалған құлындай. 
Сен қолдап берсең өр елім, 
Күшіне енер өренің. 
Күшәла қосқан қымыздай...», - деп Дулат Бабатайұлының 200 жылдығында көсіле жырласа, ал  2004 жылы Әбілқайыр Сыздықовпен болған айтысында: 
Сөйлейін, бүгін, сөйлейін, 
Кезім жоқ сөзден ақсаған. 
Кезегім келіп тұрғанда, 
Кезеңнен неге жасқанам? 
Сендей қара нарлардың, 
Шойындай белін шойырып, 
Аш бөрідей аттаған. 
Қырғызбенен айтыссам, 
Қазақ деген халықтың, 
Намысын әр кез ап қалам. 
Осы сөзің бе тоқтаған? 
Атым Ораз болғанмен, 
Отыздан жасым аспаған. 
Иегім сақал жаппаған. 
Сүйінбаймын, Жамбылмын, 
Таңжарықпын, Шарғынмын, 
Басынан сөз аспаған. 
Көдектен қалған бір ұлмын, 
Қызай мен Қытай арасы, 
Жырларын жата жастаған. 
Құлмамбеттен қалған құлынмын, 
Халықтың өзі баптаған»  деп келеді. Осы екі айтысынан кейін ел Оразалыны «Құлмамбеттің құлыны» деп атап кетті.
Алматыдағы Республика сарайында өткен Халықаралық айтыста, сол кездегі, 9-сынып оқушысы Оразалы Досбосынов Қырғыздың ақыны Туғанбаймен болған айтысында: 
«Өлең де, жырды мен едім, 
Домбыраменен толғаған. 
Қолына алса домбыра, 
Оңды солды болжаған. 
Қытайда жұртым біздің жұрт, 
Аспанын қазақ торлаған. 
Мінген атым астыма, 
Домбыра деген ақтангер. 
Қаумалап тұрған ағайын, 
Бізге де бүгін сақтан дер. 
Мақтанбай-ақ айтайын, 
Бұл жырды біреу мақтан дер. 
Біреулері жаттан дер. 
Монғолияда біздің жер, 
Қазақ малын баққан жер. 
Астрахан да біздің жер, 
Абылай бабам шапқан жер. 
Орынбор да біздің жер, 
Шоқан ағам басқан дер. 
Ташкент те біздің жер, 
Жалаңтөс Баһадүрменен 
Төле би бабам жатқан жер» - деп, шашылып түскен жыр жолдары әлі ел есінде... 
Мұнарда –мұнар,мұнар күн, 
Мұсылмандарға мұң артып, 
Күміс сақал абызды 
Әруақтай қуартып, 
Бала емізер ана жүр, 
Тарқамай жатып уызы, 
Ақ емшегін суалтып, 
Базарларда жүк артып... 
...Жілікті чиновниктер жүр, 
Бір күнде бес мың теңгелік 
Майымен джипін суартып. 
Белі бүкір кемпір-шалдардан, 
Бензобагының құны артық. 
...Қарапайым ел,біз жүрміз, 
Бір-бірімізге мін артып. 
Мін таппасақ сын артып. 
Бесіктен белі шықпаған 
Немереміз нервный, 
Шөбереміз пияншік 
...Қарапайым қазекем, 
Көреді бүгін нені артық? 
Тер төгіп тапқан асының, 
Ұзындығынан ені артық. 
Теңселген әкімдеріңнің, 
Итінің итаяғында 
Иістеніп жатқан жемі артық 
Шенеуніктерден аспайтын, 
Шетелдік инвестицияңнан, 
Көктемгі туған төл артық. 
Көл-көсір қара мұнайдан 
Таба нанды пісірер, 
Көк сиырдың көңі артық. 
«Саудаланған жеріңнен, 
«Атаңдыкі еді!» деп жүрер, 
Жауда қалған көр артық. 
Ауыл жылы деген құр атақтан, 
Алма-жұлма болса да, 
Алдаркөсенің тоны артық!- 
деп, Әбілқайыр Сыздықовпен болған жекпе-жек айтыста, қара сөздің қаймағын бұзбай, өрелі ойымен айтыстың көрігін қыздырды. 

Моңғолиядан сен келсең,

Қытайдан менде келгенмін.

Айтысам десең айтысам,

Шарпысаң десең, шарпысам.

Жыртығы бірдей жейдемнің,

Нарынқол, Кеген өр Албан!

Алпыс екіде оралған,

Олардың бәрі оралман...- деп , Астана қаласында ақын Иса Байзақовтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған айтыста ақынДәулеткерей Кәпұлына айтқаны тағы бар.

Санамалап, тізбелей берсең Оразалы ақынның айшықты айтыстары баршылық. Оразалының артында мол әдеби мұралары, елуден астам айтыстары мен біршама жазба өлеңдері, толғаулары қалды.Мәңгі өлмес жырлары барда Оразалы ақын ешқашан өлмейді!
Әрине, суық қайғы, суық қайғы, 
Көңілін халқың бірақ суытпайды. 
Егерде халық өзін ұмытпаса, 
Бақұл бол, халқың сені ұмытпайды!..  деп Мұқағалиша айтсақ, уақыт өзіңді ешқашан жасырмайды. 
Жатқан жерің жайлы, иманың пейіште шалқысын, Оразалы бауырым!

 

*Фото жеке мұрағаттан.  

Марқұм Оразалыны осыдан он бес жыл бұрын, тұңғышәрісоңғы рет кездейсоқ жолығып, естелік суретке түскен сәтіміз.

Солдан оңға қарай, ақындар: Асанқадыр Исабек, Танакөз Толқынқызы, Оразалы Досбосынов, Жарас Сәрсек, Жанарбек  Әшімжан және т.б

Алматы қаласы, Қазақстан Жазушылар Одағы.

23 шілде, 2004 жыл.

Дәурен ЕРМЕКБАЙ

Кеген ауданы,

Тасашы ауылы