15 ақп, 2019 сағат 16:11

Құқық қорғаушылар: Бос жерлерді айқындау шынайы әрі әділ болу керек

Бүгін Мәжілісте қоғам қайраткерлері жер ресурсын ұтымды пайдалану мәселесіне пікірлерін ортаға салды.

Өз сөзінде  М. Тайжан Жер Кодексіне енгізу бұрын да айтылған бірқатар ұсыныстарды тағы бір мәрте еске салды. Нақтырақ айтсақ, ауылшаруашылығы жерлерін жалға алу институтын енгізу,  бірыңғай аграрлық салық, сондай-ақ, жерге ғарыштық мониторинг жасауды заңдастыру туралы атап өтті.  

Сонымен бірге, жер қатынастары саласын технологиялық жаңғырту және цифрландыру, ауылшаруашылығы жерлерін жалға алу институтын жетілдіру және реттеу мәселелері талқыланды.

Мәжіліс депутаттары мен Ауылшаруашылығы министрлігі өкілдері түскен ұсыныстардың барлығы назарға алынатынын айтты.

- Талқылау барысында қоғамдық белсенділер тарапынан ауылшаруашылығы жерлеріне қатысты нақты 4 ұсыныс түсті. Мәжіліс жұмысы әрқашанда ашық. Депутаттар ұсыныстардың барлығын талқылайды. Сондықтан, бүгінгі дөңгелек үстел барысында түскен пікірлер де сарапқа салынады. Осы ретте, бір мәселеге назар аударғым келеді. Жер Кодексінде жерді жеке меншікке өткізуге тыйым салуды алып тастауға немесе шетелдіктерге,  азаматтығы жоқ тұлғаларға,  шетелдіктер қатысқан компанияларға жалға беруге қатысты өзгерістер жоқ,-деді,  Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапархан Омаров.

- Жер, әсіресе, ауылшаруашылығында ірі капитал, ресурс. Онсыз ештеңе өндіру мүмкін емес.  Егер жер тиімсіз пайдаланылса, оны шешудің тетіктерін қарастыруымыз керек. Қоғамдық қайраткерлер ұсыныстарын айтты.  Ұсыныстар жоғары кәсіби деңгейде дайындалған. Оның барлығын тиянақты саралап, талдап, одан кейін Үкіметте зерделеп, Мәжілісте қаралатын АӨК туралы заң жобасы аясында талқылау қажет, -деді  Премьер-Министрдің орынбасары, Ауылшаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев.