10 қаз, 2017 сағат 11:05

Құдияр Біләл: "Атамбаев мырза бұл "саяси ойнымен" өз бағасын көбірек түсіріп алды..."

Күні кеше айтылған қырғыз басшысы Алмазбек Атамбаевтың даулы пікірі бүгін де қоғам ішіндегі әртүрлі әңгімелер мен талқылардың негізгі тақырыбы болып отыр. Екіжақты көзқарастар майданында ойлы да сауатты сөз айтатын адамдар көп емес. Сол себепті біз аталған мәселе төңірегінде белгілі жазушы, журналист, "Жалын" республикалық әдеби-көркем журналы бас редакторының орынбасары - Құдияр Біләл мырзаның пікірін білгенді жөн санадық.

- Сіздің ойыңызша кеше ғана қырғыз басшысы тарапынан біздің билікке, оның ішінде Мемлекет басшысына қаратыла айтылған сын-пікірлер мен ауыр айыптаудың артында қандай саяси астар бар?    

- А. Атамбаевтың қазақ билігін айыптауын тосын жәйт деп қабылдауға болады. Егер қырғыз елі президентін салмақты саясаткер санатына жатқызар болсақ, онда оның мына "мәлімдемесінің" елеулі зардабы болады деп бағамдауға болар еді. Менімше А.Атамбаев мырза бұл "саяси ойнымен" бізден гөрі өз бағасын көбірек түсіріп алды. Егер бұл "мәлімдемені" жасатуға сыртқы күштердің әсері болды десек, онда таңдау А. Атамбаевқа бекер түскен жоқ. Себебі мұндай шалыс қадамға кәнігі саясаткерлердің ешқайсысының да бара қоюы неғайбыл. Президент - ол аузына келгенін айта салатын көшенің адамы емес. Әрине, мұндай ұшқары пікірдің сұрауы болады. Зардабы болуы да мүмкін. Қай тұрғыда саралағанда да А. Атамбаев өз ұпайын түгендеуге тырысып баққандығы күмәнсіз. Сондықтан, егер оның басына бұлт үйірілетін болса (оның мына іс-әрекетіне қарағанда ондай қауіпті жоққа шығаруға болмайды), онда оған ықпал етуші әлеуетті күштің оның қауіпсіздігін сақтауға құзыреті жетеді. Бұл - бір. Екіншіден, А. Атамбаевқа шегінетін жер қалмады деп топшылауға болады. Егер ертеңгі сайлауда өз қалаулысы билік тізгініне қол жеткізе алмаса, онда оның басына бәрібір бұлт үйіріледі. Себебі ол Бәкиевтен бекер секемденіп отырған жоқ. Ал оның жақтастарының А. Атамбаевтың басын сипай қоймасы белгілі. Сондықтан оның мына "мәлімдемесінен" гөрі ол күтіп отырған қауіп салмақтырақ деп топшылауға болады.

- Тиісінше, бұл сөз - Орта Азиядағы бауырлас екі ел арасына жік салғысы келетін сыртқы күштер ықпалының әсері емес пе? Әлде, шынымен, қырғыз билігінің шамданатындай жөні бар ма?

- А. Атамбаевтың бұл тосын қадамы арқылы сыртқы күштер екі ел арасын ажыратқысы келіп отыр деуге келмейді. Бұл елдік мәселеден гөрі жеке бас араздығына көбірек келеді. Негізінен бұны біздің ел басшысының қырғыз елі президенттігіне үміткерлерінің бірін қабылдауына қайтарылған жауап деп қабылдауға болады. Алайда қазақ билігіне жаңа күштердің келуіне мүдделі әлеуетті күштердің де әсерін жоққа шығаруға болмайды.

- Осының бәрі "үлкен саяси дауға" айналса, кесірі барлық саланы, одан бөлек қос халықтың ғасырларға созылған достық қатынасын шарпып өтетіні анық. Бұл "ойынның" жалғасы бола ма?

Әрине, жауап болады. Ресми жауаптан бөлек саяси ойын-тәсілдер арқылы "жауап" қайтарылатындығы күмәнсіз. Ондай "жауапты" біздің билік жоғары деңгейде, әрі өте мәдениетті түрде жасай алады деп ойлаймын.

- Атамбаев біздің ұлтқа қаратып сөйлемесе де, президентіміз бен билігімізге қатысты ойы халық намысы мен ұятын жанып өтеді деп есептейсіз бе? («Ханның ақысы болса, Қараның қақысы бар»)

Қай тұрғыдан алып қарағанда да өзге ел басшысының бөгде елдің ішкі шаруасына араласуға қақысы жоқ. Өз басым А. Атамбаевты қолдаушыларды қабылдай алмаймын. Қайта мұндай жағдайда ұлттық тұтастық көрініс беру керек. Ал қырғыз басшысы айтқан кінәраттар... Оны өзіміз де білеміз. Демек ол алдағы уақытта жөнделеді. Сол кезде біз А. Атамбаев өзгенің қолында кетті деген байлыққа қол жеткізіп, жиырма еселенген табысқа иелік етеміз. Ал қырғыз байғұстар қанша тыраштанғанымен осы қалыптарынан бір қадам да алға жылжи алмайды. Оны президенттерінің өзі мойындап отыр. Соған қарағанда олардың болашақта іргелі ел болып кете қоюы неғайбыл-ау деп те қаласың. Әлде А. Атамбаев байғұс соны білгендіктен де шырылдап жатыр ма екен?! Дегенмен бұл "мәлімдеме" соңы екі xалық арасын ашып кетеді деуге келмейді. Қазақ билігі "Ит үреді, керуен көшеді" деген бабалар тағлымын ұстанатын болады.

Сұхбаттасқан: Айбол Исламғали