20 шіл, 2018 сағат 19:53

Күдікті Нұралы Қиясов: "Мен ол адамға пышақ сұққан жоқпын..."

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді өлтірді деген күдікті 24 жастағы Нұралы Қиясов қамауға алынды, деп хабарлайды Sputnik тілшісі сот залынан. 

Бүгін кешке Алмалы аудандық сотында күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасын таңдау туралы отырыс өтті. 

Бұған дейін жасырынып жүрген екінші күдікті Арман Құдайбергеновті сырттай қамауға алуға санкция берілген еді. Шамамен бір сағаттан кейін полиция оны ұстады. 

Кейін сотқа Нұралы Қиясов жеткізілді. Ішкі істер министрлігі күдіктінің ұсталғанын бүгін таңертең хабарлаған болатын. Отырыс басталғанға дейін оны залға қолындағы кісенмен алып кірді. 

Күдікті жұмыссыз, балалары жоқ, бұған дейін істі болған. 2015 жылы автокөлік айдап әкеткені үшін сотталған. Судья Алма Әбдіхалықова Қиясовқа сөз берді. 

"Мен ол адамға пышақ сұққан жоқпын. Жай ғана қарап тұрдым", — деді Қиясов басын төмен салбыратып. 

Sputnik тілшісі сот залынан хабарлағандай, Қиясов эмоциясыз, ақырын, асықпай сөйлеген. Сөзінің соңында біраз кідірді. 

Кейін судья кеңес бөлмесіне кетті. 

Қиясовтың қорғаушысы соттан күдіктіні ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатуды сұрады. Алайда сот күдіктіні қамауға алуға негіз жеткілікті екенін айтты. 

Қиясовқа қатысты екі айға қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы санкцияланды.

Денис Тен 19 шілдеде Алматыда пышақ жарақатынан қаза тапты. Алдын ала мәліметтер бойынша, мейрамханадан шыққан спортшы Құрманғазы көшесіндегі автотұрақта тұрған көлігіне келе жатып, Лексустың айналарын ұрламақ болған қаскөйлерді көреді. Кейбір оқиға куәгерлерінің айтуынша, Денис ұрылардың соңынан қуып, тоқтатпақ болғанда, олар оның аяғына пышақ тығады. Пышақтың жүзі жамбас күретамырына тиген. Тен сол жерде есінен танады. Көп қан жоғалтқан спортшы ауруханаға түскеннен кейін екі сағаттан соң көз жұмды. 

Екінші күдікті – 23 жастағы Қызылорда облысының тумасы Арман Құдайбергенов бүгін кешке ұсталды.