24 нау, 2020 сағат 15:40

Құдайдан сынақ келгенде, халықтан пайда көру дұрыс па? – Төлеби Оспанның жауабы

Бүгінгі таңда елімізде болып жатқан жағдай баршаңызға белгілі. 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жарияланып, әлемді алаңдатқан Covid19 Коронавирус дерті қазақстандықтарды да әуре-сарсаңға салып қойды. Ал дәл осы кезде ірі сауда орталықтарындағы тауарлар мен азық түлік бағалары күрт көтеріліп, сұранысқа ие дәр-дәрмектерде тапшы бола бастады. Табылғанның өзінде бағасы әлдеқайда шарықтап кеткен. Тіпті сақтық үшін үнемі қолдануға кеңес беріп жатқан бетперде (маска) да тапшы тауарға айналды. Ал ислам дінінде мұндай әрекеттерге не дейді екен? Сындарлы сәтте пайда табу дұрыс па? Осы және басқа да халықты мазалаған сұрақтарға Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспан онлайн насихат кезінде жауап берді.

Ақтөбелік имамның насихатынан «Ұлт» порталы оқырманды мазалаған сұрақтарға қажетті жауаптарын ұсынып отыр.

Баға мәселесінде шариғат не бұйырады?

Өздеріңізге белгілі дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әлемді шарпыған жұқпалы дерті пандемия деп жариялауына байланысты, Қазақстанда төтенше жағдай жарияланды. Оқу орындары онлайн режимге көшіп, әртүрлі өткізілетін шаралар, отбасылық шаралар, жиындар, той-садақалар өткізу уақытша тоқтатылды. Тіпті жұма намазы да оқылу сақтық шараларын қамтамасыз ету мақсатында уақытша тоқтатылды.

Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы демекші, осындай сәтті кейбір пысықайлар өз пайдасына асырып, халыққа мұқтаж болған, халыққа аса қажет болған заттарды екі есе бағамен сатып, мол табыс табуды көздеуде. Осы жерде «жалпы халыққа қажет болған заттардың бағасын тым шарықтату шарихатта дұрыс па?» деген орынды сұрақ туындайды

Біз мұсылман баласы болғандықтан осы тұрғыда шариғат бізге не бұйырады деген мәселеге мән беруіміз керек.

Белгілі ғалымы имам Науаи монополияның қоғамға тигізетін залалын жою мақсатында шариғат тыйым салған дейді. Сондай-ақ, кейбір ғалымдар біреудің қорында сақтаулы тұрған азық-түлікке халықтың қажеттілігі туындаған жағдайда сол азық-түліктің иесі ол тауарларды сатуы міндеттеледі деп айтады деген сөздерді келтіреді.

Осы тақырыпқа қатысты қандай риуаяттар мен шариғи ұстанымдар бар?

Имам Муслимнің кітабында  «кімде кім жалғыз саудамен айналысса, күнәһар» деген хадис келтіріледі. Жалғыз сауда-саттық деген, бұл – монополия. Адамдар үшін ерекше қажеттілік туындап, шарасыздықтан сатып алуы қажет болған кезде барып, бағаны шарықтату, бағаны көтеру деген сөз. Міне, бұған шариғат тыйым салады.

Хазіретті Омардан жеткен риуаятта «кімде кім қырық күн азық-түлікті жалғыз сатумен, яғни монополиямен айналысса, ол адаммен Алла Тағаланың және Алла Тағаланың ол адаммен ешбір қатысы болмайды» дейді. Яғни мұндай кәсіпкер Алла Тағаланың мейірімінен, қамқорлығынан тыс қалады дегенді меңзеп отыр. Алла одан сақтасын.

Монополия – қоғамға аса қажет заттарды екі есе бағамен сату. Бұған халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік,  дәрі-дәрмек, оның ішінде бетперде (маска), міне, осылардан бастап жанармайдың бағасын шарықтату, мектеп маусымында оқу құралдарын қымбаттату секілді жағдайларды жатқызуға болады.

Бұл тақырыпқа қатысты сахаба Ибн Ясардан жеткен риуаятта «кімде кім мұсылмандар тауарының бағасын көтерумен айналысса, Алла Тағала ол адамды қияметте тозақ отына отырғызуға құқылы» дейді.

Ибн Жәбәлдан риуаят еткен хадисте «кімде кім менің үмбетімнің азық-түлігін жалғыз сату жолымен қырық күн ұстап тұрса, оның жасаған садақасы, қайырымдылығы қабыл етілмейді» дейді.  

Демек елдің қажеттілігін сезініп, дәл қазір дәрі-дәрмекке елдің мұқтаждығы бар, әсіресе сақтану мақсатындағы бетперде-маскаға елдің қажеттілі бар. дәріханалардан бетперде таппай жүрген бір адам.  Осыны «Олх» сияқты басқа да орындарда үстеме бағамен  сатылып жатқандығын әлеуметтік желілерде айтылып жатыр, жазылып жатыр. Міне, елдің бетпердеге мұқтаждығын біле отырып, оны екі есе тіпті одан да жоғары бағамен сатып, табыс тауып, содан кейін сол тапқан табысымен, біреулерге, тіпті өз ағайын-туысына садақа жасаса, қайырымдылығын көрсетсе, біліңіз, одан еш нәрсе қабыл емес.

Біз әдетте еңбектеніп жатырмыз, әрекет жасап жатырмыз, бірақ ісімде береке жоқ деп налимыз. Ал береке болу үшін Алла разы болатын, халық разы болатын істерді бірінші басшылыққа алу керекпіз. Міне, соның жолын бізге бүгінгі риуаяттарда Алла елшісі ескертіп отыр.

Омар Ибн Хаттаптан жеткен тағы бір риуаятта «Кімде кім мұсылмандардың азық-түлігін жеке дара сату арқылы бағасын көтерсе, Алла Тағала ол адамның қара басына, яғни өзіне алапес дертін, ал мал-дүниесіне шығын береді» дейді.

Жоғарыдағы келтірілген хадистерден біз мына қоғамға аса қажет болған тауарлардың бағасын көтеріп, тым шарықтатып қымбат бағада сату ең бірінші сол саудагердің өз денсаулығына зиян келетіндігін және мал-дүниесін банкротқа ұшырататындығын түсінеміз.

Осындай жағдайға байланысты қандай мысал келтіруге болады?

Мадина шаһарында хазіретті Османның құдығы бар. Бұл құдықты 14 ғасырдан бері жергілікті халық пайдаланып келе жатыр. Кезінде хазіретті Осман бұл құдықты өзінің жеке қаржысына сатып алып, халыққа, жергілікті тұрғындарға тұтыну үшін берген. Бүгінде ол құдық Сауд Арабия корольдігінің егін шаруашылығы министрілігінің қарамағында. Бұл құдықты тамашалауға келетін саяхатшылар өте көп. Саяхатшыларды қызықтыратындай бұл құдықтың қандай қасиеті бар? Неге саяхатшылар бұл құдықты көруге ынтық? Өйткені құдықтың тарихы сонау Пайғамбар (с.а.а) заманына барып тіреледі. Ендеше сол құдықтың тарихымен қысқаша танысып өтейік.

Ардақты Пайғамбарымыз Мадинаға хижрет жасағанда, яғни көшіп барғанда жергілікті халық ауызсу тапшылығын сезінуде еді. Ол кезде бір Рума деген құдық бар еді, ол құдықтың иесі жергіліті бір Яһуди еді. Ол құдықтың суын халыққа сататын. Бірақ құдықтың суы сондай бір мөлдір, таза әрі дәмді еді. Алайда халықтың күн сайын су сатып ала беруге мүмкіншілігі бола бермейтін. Біріншіден қаражат мәселесі, екіншіден сарылып кезекке тұру керек еді. Алла елшісі Мадинаға келгеннен кейін осы бір мәселені шешуді қалап, халыққа, сахабаларға мынадай үндеу тастады: «Кім Руманың құдығын сатып алып, мұсылмандармен бірге кезегімен пайдалана алады?» деп үндеу тастады. «Яғни құдықты сатып алып, тұрғындардың тегін пайдалануына беріп, өзі құдықтың иесі сияқты қалаған уақытында су алып, қалаған уақытында жауып тастап емес, ел қатарлы кезекке тұрып, су алуға кімнің батылы жетеді?» деген. Осы кезде топтың ішінен әуелгілердің бірі болып,  хазіретті Осман суырылып шығып, әлгі құдықтың иесімен барып саудаласады. Құдықтың иесі бастапқыда онымен келіспеді. Алайда хазіретті Осман оған құдығының жартысын 12 мың дирхамға сатуға сұрады. Енді құдық екіге бөлетін зат емес. Бұл жерде бір күн мұсылмандар тегін пайдаланады, бір күн Яхудидің өзінің иелігінде болады. Жартысын деп осылай келісті. Сөйтіп 12 мың дирхамға хазіретті Осман құдықтың жартысын сатып алып, мұсылмандарға пайдалануға берді. Мұсылмандар өзінің кезегі келген кезде 2-3 күнге жететіндей етіп тасып алды. Яғни су қорын жинап алды. Яхудидің өзінің кезегі келген кезде ол суын сата алмай қалды. Суға жергілікті халық тарапынан сұраныс болмай қалды. Содан ол қайтадан хазіретті Османның алдына келіп, «сен менің саудамды бұздың, сен менің құдығымды бұздың, енді қалған жартысына сен өзің сатып ал» дейді. Хазіретті Осман қалған жартысын 8 мың дирхамға сатып алып, құдықты толыққанды мадиналық мұсылмандардың пайдалануына берді. Осылайша жалпы соммасы 20 мың дирхамға хазіретті Осман бүтіндей бір қаланың ауызсу мәселесін шешті. Халықты тегін ауызсумен қамтамасыз етті. Пайғамбардың үндеуіне сай хазіретті Осман мен бұл құдықтың иесімін деп өзі бірінші болып су алмады, керісінше, үндеуге үн қосып, елмен бірге кезекке тұрып су алды.

Төтенше жағдайда не істеуіміз керек?

Осындай елде төтенше жағдай жарияланған тұста Пайғамбарымыздың жоғарыда айтқан хадистерін басшылыққа ала отырып,  мына соңғы айтқан үндеуіне үн қосатын сәт келді. Сондықтан сауда-саттықпен айналысатын барша кәсіпкерлер мен саудагерлерден халық тұтытатын заттар мен дәрі-дәрмектердің бағасын бұрынғы әдеттегі бағасымен ұстауын сұраймыз. Хазіретті Осман секілді барлығын тегін таратып беріңіз дей алмаймын, алайда халыққа аса қажет болған тауарларды өз бағасында сатсаңыздар дегіміз келеді.

Соңғы жылдары елімізде орын алған әртүрлі табиғи апат кезінде халық ұйымшылдық көрсетіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақпен бір-біріне жәрдемдесе білді. Арқадағы ағайын шығыстағы халықтың қабырғасы қайысқанда қол ұшын созды, Арыстағы жарылыстан зардап шеккен кезде де еліміздің түкпір-түкпіріндегі адамдар бір денедей бірігіп, көмек көрсетті. Асарлатты, азық-түлік пен киім-кешек жолдады, достан дұға демекші, тым болмағанда тілекші болды. Осылайша көңіліне қаяу түскен ағайынмен бірге екендігін білдірді.

Міне, енді, тағы да осындай сын сағатта бір-бірімізге демеу болатын, бір-бірімізге сүйеу болатын сын сағат келді. Ендеше, қадірменді ағайын, жақсылықта жарысайық. Мұндайда пайда табуды емес, қарақан басымыздың пайдасын емес, халыққа, көпшілікке пайда келтіруді ойлайық.

Дайындаған Ақбота МҰСАБЕК