21 мау, 2019 сағат 12:47

Қуаныш Сұлтанов: Елбасы баяндамасы - орындалған парыз кодексі

«Кемеңгерліктің 30 жылы» конференциясы тарихтан сабақ алуға мүмкіндік берді. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов осылай дейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің көпшілігіміз, осында отырған замандастар екі дәуірде өмір сүріп келеміз. Бүгінгі кездесуіміз кейбір шолақтау ойлайтын замандастарымыз бағалағандай, өткенді аңсау емес. Бүгін тарихтан сабақ алып, өсу жолдарымызды жадымызда сақтадық, теңсіздіктен арылып, елдікке қол жеткізудің  қадір-қасиетін түсіндік. Сіздің ел басшылығында қызмет еткен 30 жылыңызға орай өтіп жатқан конференцияға Қасым-Жомарт Тоқаев  екеуіңіз қатысып, сөз сөйлегендеріңіз - ынтымақтың, билік бірлігінің үлгісі. Нағыз мемлекеттік өркендеу сабақтастығының айқын көрінісі десек болады. Бүгінгі баяндамаңызды толқымай тыңдау мүмкін емес. Мен бұны сіздің атқарған парызыңыздың кодексі деп қабылдадым», - деді Қуаныш Сұлтанов.

Айта кетейік, бүгін Алматыда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көшбасшылық феноменін зерттеуге арналған «Кемеңгерліктің 30 жылы» халықаралық ғылыми конференция өтіп жатыр.  Конференцияға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.