10 қаң, 2017 сағат 17:28

Қуандық Бишімбаев қамауға алынды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы бұрынғы ҚР ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты ұстады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Бишімбаев топ болып, алдын ала келісім жасау арқылы аса ірі көлемде бірнеше рет пара алып отырған. Заңсыз алған қаражатты Бишімбаев өз қажетіне жаратқан", - деп хабарлады Антикоррупция қызметінің өкілдері.

ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес, Бишімбаев Астана қалалық ІІД-нің уақытша тергеу ұстау изоляторына қамалды. Соталды тергеу жалғасып жатыр.Айта кетейік, 2016 жылдың 30 желтоқсанында ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеу шаралары жүріп жатқаны белгілі болған еді. ҚР СІМ басшылық құрамымен кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев Қуандық Бишімбаевтың қызметтен босатылғанын мәлімдеген болатын.

Ал, бұдан бұрын, яғни 17 қарашада "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ басшылары ұсталған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ басшысының пара алу дерегіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізген еді. Тергеу барысында "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ лауазымды Жақыпов А. (Басқарма төрағасының орынбасары), Айтымбетов Б. (мемлекеттік-жекеменшік серіктестік дирекциясы департаментінің басшысы) және Сариев Ғ. (басқарушы директор) есімді лауазымды тұлғалар жүйелі түрде "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында жалдамалы тұрғын үй кешенін сату қызметтерін көрсететін құрылыс компанияларынан ірі көлемде пара алғаны анықталды.