20 шіл, 2018 сағат 12:47

Куәгер Денис Тенге жасалған шабуыл жайлы айтып берді

Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен пышақталған күні оқиға орнында болған куәгер Tengrinews.kz тілшісіне спортшыға алғашқы көмек қалай көрсетілгені жайлы айтып берген.

Қайғылы оқиғаның куәгері болған қыз 19 шілдеде дүкеннен шығып келе жатып айқайлап жатқан үш-төрт адамды байқаған.  

"Олар су сұрап жатты, сосын бір жігіт су алып келді. Бір жігіт көлік ішінде отырғанда үш жігіттің төбелесіп жатқанын көргенін айтты.

Содан біреуі құлапты. Көліктегі жігіт атып шығып, жедел жәрдем шақырған. Оқиға орнында техникалық паспорт жатқан, содан барлығы зардап шеккен адамның Денис Тен екенін білді. Жедел жәрдем алып кеткенде оның бір аяғы жуан болып көрінді. Ісініп кеткен, қан көп болды, бірақ ешкім оны өледі деп ойламады. Мейрамханадан даяшы арақ алып шығып, оның жарақатына сеппек болған. Тен сол мейрамханадан шыққан, көлігі жолдың арғы бетінде тұрды. Жедел жәрдем алып кеткенде ол дем алып жатқан. Ол өлді дегенге сенбеймін. Өзі тап-таза болған, аяғында ғана қан көрінді", - дейді куәгер.

Айта кетсек, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 

2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды. 

Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Бүгін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар екі күдіктінің бірі ұсталып, ол қылмысын мойындады. Екінші күдікті - 1994 жылы туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Арман Құдайбергеновке іздеу жарияланды.