04 мау, 2018 сағат 09:02

Қ.Тоқаев: Сөзден нақты іске көшетін кез келді

Елдің болашағы – цифрлық технологияда. Президент Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде адам капиталын дамыту мен «Цифрлық Қазақстан» бағытына ерекше маңыз беріп, атап өтті.

Әлемде технология көз ілеспес жылдамдықпен күн сайын жаңарып, даму үстінде. Болашақта елдің байлығы, даму көрсеткіші жер асты байлықтарының көлеміне қарай емес, заманауи технологияны қаншалықты игергендігіне, онымен жұмыс істеу әдетінің қалыптасуына байланысты болмақ. Бұл орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ­стан­ның Үшінші жаңғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік» атты ғалымдар мен өнертапқыштарға, IT мамандарына нағыз пра­­г­матикалық, уақыт тамырын дөп басқан құжат болған Жолдауда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзе­ге асыруда 4 бағытты көрсетіп берді. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кең жолақты интер­нетпен қам­­та­­масыз етіп, Қазақ­стан­ның транзиттік әлеуе­­тін арттыру. Екін­ші бағыт – эконо­мика­­­ның салаларына (көлік және логис­тика, ден­­­сау­лық сақтау, білім беру, ауыл шаруа­шы­­лы­­ғы және электронды сауда) цифрлы тех­­­но­ло­гияны ендіру. Үшіншісі – мемлекет­тік ор­­ган­дар жұмысының сапасын арттыру және төр­тін­ші бағыт – IT-мамандарды даярлау.

Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің ұйымдастыруымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы» тақырыбындағы парламенттік тыңдауы өтіп, онда Елбасы Жолдауында осы төрт бағыт бойынша алға қойылған міндеттердің орындалуы және жетістіктер мен атқарылуға тиісті істер туралы Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев сөз сөйледі.

Жоғары палата Төрағасы Қ.Тоқаевтың Мемлекет басшысының «Цифрлық Қазақстан» тапсырмасының орындалуы және көңіл аударылуға тиісті басты мәселелер туралы сөзін тұжырымдап, назарларыңызға ұсынып отырмыз.

2020: цифрландыру әлем экономикасының төрттен бірін құрайтын болады

Бүгінгі күні цифрлық технологиялар жаһандық экономикалық дамудың негізгі факторларының біріне айналып отыр. Цифрландыру ел экономикасының болмысын түбегейлі өзгертіп, еңбек өнімділігінің артуы мен өмір сапасының жақсаруына зор ықпалын тигізуде. 

Мемлекет басшысы айқындап бергендей, цифрландыруды кеңінен қолданысқа енгізу елімізді жаңғыртудың басты бағыты. Бұл туралы Елбасы «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген отырысында тағы айтып өтті.

Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2025 жылға қарай цифрландыру арқылы ішкі жалпы өнімнің 19 пайыздан 34 пайызға дейін өсуі күтілуде. Болжам бойынша 2020 жылға қарай цифрландыру әлем экономикасының төрттен бірін құрайтын болады.

Инновация және цифрлық технологиялар – заман талабы

Цифрлық технология қоғам өміріне әсерін молынан тигізуде. Соның нәтижесінде денсаулық сақтау мен білім беру, қала тіршілігі, жалпы адамның күнделікті өмірі айтарлықтай өзгеріп, жаңа сипатқа ие болуда. Соған қарай коммуникациялар мен ақпараттық жүйелерге және көрсетілетін қызметтерге жаңа талаптар қойылуда.

Серпінді дамып келе жатқан алдыңғы қатарлы мемлекеттер цифрлық экономиканы дамытуға белсенді түрде басымдық беруде. Бұл – жаһандық күн тәртібінің аса маңызды бағыты.

Цифрлық экономиканы қалыптастыруда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген елдерге тән ортақ сипат бар Ол – инновацияны енгізуге қолайлы жағдай туғызып, цифрлық технологиялар мен инфрақұрылымға қомақты инвестиция салу болып табылады.

Цифрландыру арқылы  бәсекеге қабілеттілікті арттырудағы түйткілдер

Цифрландыру – кәсіпорындардың, жалпы еліміз экономикасының бәсекеге қабілеттілігін, тұрғындар өмірінің сапалық деңгейін жақсартудың басты шарты.

Еліміздің одан әрі өркендеуі цифрландыру қарқынын жеделдетумен, экономиканың барлық секторларына цифрлық тетіктерді белсенді енгізумен тығыз байланысты.

Қазақстанда цифрландыру өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, көлік, бөлшек сауда салаларына ықпал етіп отырғаны анық байқалады. Алайда Қазақстанда цифрлық технологияларды ендіру қарқыны әзірге әлемдік орта деңгейге жете қоймағанын мойындауға тиіспіз.

Өнеркәсіп өндірісіндегі автоматтандыру мен жаңа технологияларды пайдаланудың белсенділігі әлі де төмен, электрондық коммерция мен кәсіпкерлік бастаманың дамуы баяу, Интернетке қолжетімділік деңгейі жеткіліксіз, бұл әсіресе ауылдық жерлерде қатты байқалады.

Қазіргі кезде дүниежүзіндегі технологиялық түрленудің жылдамдығы үдей түсуде, сондықтан технологиялық процестің жаңалықтарын қабылдап, тез әрекет ету Қазақстан үшін  маңызды болып саналады. Сөзден нақты іске көшетін кез келді. Өйткені, іс жүзінде енгізілген цифрлық технологиядан Қазақстанның болашақ келбеті көрінетін болады.

Мемлекет осы бағыттағы жұмыстардың үйлестірушісі ретіндеIT-мемлекеттің экожүйесін құруды, оған қатысушылардың бір-бірімен өзара іс-қимылын басқаруды өз қолына алып, инновацияларды дамытудың ұйымдастырушысы болуы тиіс.

Цифрландырудың стратегиялық мақсатына қол жеткізу үшін барлық билік органдары, бизнес, ғылыми-білім беру қоғамдастығы мен азаматтар жұмыла қимыл жасауы керек.

Үкімет технологиялық бизнеске кедергілерді жоюға тиіс

Институционалдық және инфрақұрылымдық тұрғыдан қажетті әрі жеткілікті жағдай жасауға, жоғары технологиялық бизнесті ашып, дамытуға кедергілер мен шектеулерді жою үшін жауаптылықты Үкімет өз мойнына алуға тиіс.  Билік пен қоғамның жаңа үлгідегі өзара оңтайлы жұмысын дамыту, жаңа технологияларды пайдалану арқылы мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру мен жетілдіру де басым міндеттердің қатарына жатады.

Барлық салалар мен үрдістердің ерте ме, кеш пе цифрлық түрленуге ұшырайтынын бизнестегі қауым жақсы түсінуі керек. Компаниялардың бәсекеге қабілеті цифрлану деңгейімен  айқындалатын уақыт алыс емес.

Сапалы зияткерлік меншік нарығын қалыптастыру маңызды

Мемлекет бизнесті қалыптастырып, дамыту үшін қолайлы заңнама жасай отырып, преференциялар беру мен қолдау көрсету, тиісті салық режимдерін ұсыну арқылы бизнесті цифрлық технологияларды енгізуге ынталандыратын тетіктер жүйесін құруы қажет.

Инновациялық қызметке қолдау көрсететін негізгі құралдардың бірі саналатын зияткерлік меншікті басқару жүйесінің маңызы зор. Зияткерлік меншікті қорғау жөніндегі ұлттық заңнаманы цифрлық экономика тәуекелдеріне бейімдеп, сапалы зияткерлік меншік нарығын қалыптастыру талап етіледі.

Цифрлық сауаттылық пен халықтың «цифрлық менталитетін қалыптастыруда сөзден іске көшетін уақыт жетті

Халықтың, ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің бойында «цифрлық менталитетті»,цифрланған тың жағдайларда тиімді жұмыс істей білу қабілетін қалыптастыру аса маңызды.

Біз цифрлық сауаттылықты дамытып, мемлекеттік қызметтерді одан әріцифрландыра отырып, халықты цифрлық экономикаға жаппай тартуымыз керек.

Цифрлық экономикаға көшкен кезде, білім беру инфрақұрылымын жаңа қажеттіліктерге бейімдей алған мемлекеттер ғанаөздерінің экономикалық ұстанымдарын барынша бекемдей алады.Зерттеулерге сай,алдағы 10-20  жылда қазіргі бар мамандықтардың жартысына жуығы қажетсіз болады.

Біз отандық білім беру жүйесін экономиканың сұранысына лайықтап жаңғыртуға, цифрлық дәуір талаптарына жауап беретін мамандар даярлауға, болашағы бар жаңа технологияларға икемді кәсіби жүйе қалыптастыруға тиіспіз.

 «Нұр Отан» партиясы Саяси Кеңесінің осы тақырыпқа арналған отырысында «Цифрлық Қазақстан» технологиясын дамыту тақырыбы бойынша Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сөз сөйледі. Сондықтан Сіздерді цифрлық технология туралы алда тұрған міндеттер жайында жан-жақты хабардар болу және атқарылатын ауқымды жұмыстарды белгілеу үшін осы Елбасының сөзімен танысуға шақырамын.

Тыңдауға қатысушылар алдында Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев адам капиталын дамытуда техникалық мамандар даярлау туралы, ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру туралы, инвестициялар және даму министрінің орынбасары Тимур Тоқтабаев инновациялық технологиялар туралы сөз сөйледі.

Үкіметтік сағатта сенаторлар С. Ершов, Т. Мұсабаев, С. Бектұрғанов, С. Айтбаева, Е. Сұлтанов, Б. Жұмағұлов, С. Жақсыбеков «Цифрлық Қазақстанға» қатысты нақты сұрақтар қойып, мәселе жан-жақты талқыланды, ұсыныстар айтылды.

Үкіметтік сағатты қортындылаған Комитет төрағасы Асқар Бейсенбаев  «Цифрлық» экономика ұғымы тек қана ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізіп, ІТ-саласын дамыту ғана емес, бұл  ұғымның мағынасы әлдеқайда кең екенін еске сала келіп «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру кезінде заңнамалық реттеу ісі маңызды рөл атқаратын болады. Сондықтан Сіздердің ұсыныстарыңызды депутаттар заңнаманы жетілдіру барысындағы жұмысында ескеретін болады», - деді.

Сенатта болған парламенттік тыңдау барысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асқан негізгі жобалар мен отандық ІТ-компаниялардың жаңалықтары қойылған көрме ұйымдастырылды.

Әділбек Қаба