06 жел, 2018 сағат 19:47

Қ.Тоқаев: Кекілбаевтану әдебиеттану ғылымындағы негізгі пәндердің бірі болып қалыптасуы қажет

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Қазақ ұлттық академиялық кітапханасында заңғар жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығы қарсаңында қаламгер атындағы оқу залының ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі.

«Халқымыздың маңдайына біткен заңғар жазушысы, Еңбек ері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің классигі Әбіш Кекілбаевтың Ұлттық кітапханада арнайы оқу залы ашылып отыр. Меніңше, бұл Әбіш ағамыздың 80 жылдығы қарсаңында оның есімін ұлықтау жолындағы алғашқы қадамдардың бірі. Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның есімі, шын мәнінде, халқымыздың ең жоғары құрметіне лайық. Сондықтан осындай игі бастамалардың ғұмыры ұзақ болары сөзсіз. Жаңа жылдан бастап бұл жұмысқа кірісуіміз керек. Үкімет, тиісті әкімдіктер қажетті жоспарларды дайындап, тиісті іс шараларды қолға алады деп ойлаймын. Бұл бүкіл халыққа керек маңызды жұмыс» ,- деді Қ.Тоқаев. 

Әбіш Кекілбаевтың қайталанбас қолтаңбасы қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің қазынасына айналғанын айтқан Сенат Төрағасы «Көсемсөз шеберінің шығармашылығы бойынша терең зерттеулер жүргізу - келешек буын ғалымдарының алдындағы маңызды міндет болуы тиіс. Себебі, Әбіш Кекілбаевтың ойлары, философиясы және жалпы рухани әлемі мұхиттай терең. Әбіш Кекілбаевтың әдеби әлемі шексіз дүние, көпқырлы, мағыналы мұра. Білімінің көкжиегі шексіз, бірегей тұлға, әрі жазушы, әрі әдебиеттанушы, ғалым, тарихшы, ойшыл, философ қана емес, мемлекетіміздің дамуына елеулі еңбек сіңірген көрнекті мемлекет қайраткері. Бұл - ұлы жазушылардың арасында өте сирек кездесетін құбылыс», - деп атап өтті.

Президенттің сенімді серігі болған Әбіш Кекілбаевтың туындыларының идеялары «Рухани жаңғыру» философиясының негіздерімен үндесіп жатқанына ерекше назар аударған Қасым-Жомарт Тоқаев «Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» идеологиясы, түптің түбінде, қазақ зиялы қауымының, жалпы халқымыздың асыл арманының көрінісі. Бүгінде бүтін халқымыз ұлттық идеяны жаңғырту жолына бет бұрды. Осылайша, Әбіш ағамыздың арманы іске асуда», - деді. 


Сенат Төрағасы Қ. Тоқаев өз сөзін қорытындылай келе, жиналған қауымға «Маржансөз шебері, гуманист-ғалым, ұлтжан-саясаткер Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығын, оның жалпы мұрасын өсіп келе жатқан ұрпақтардың арасында кеңінен дәріптеу – бұл біздің бірінші кезектегі мақсатымыз болуы тиіс. Осы бағытта Кекілбаевтану әдебиеттану ғылымындағы негізгі пәндердің бірі болып қалыптасуы қажет. Біз қоғам ретінде тиісті әрекет жасап, бұл жұмысты бақылауға алуымыз керек», - деген ой тастады.

Сенат Төрағасы көтеріп отырғандай, ғалымдар мен әдебиетшілер ұлы қаламгердің мол мұрасын келер ұрпаққа жеткізу жолындағы жұмыстарды белсенді әрі мұқият жүргізсе, Әбіш Кекілбайұлының жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгілік сақтала беретіні күмәнсіз. 

Әділбек ҚАБА