06 ақп, 2019 сағат 09:03

ҚСЗИ қызметкері Елбасы өтінішінің себебін түсіндірді

4 ақпан күні Республиканың Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының 3-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдауын сарапшылар арасында әр түрлі бағаланып, түрлі болжамдар жасала бастады. Қоғамда, сарапшылар арасында «бұл кезектен тыс сайлаудың белгісі» десе, «билік транзиті» сценарийінің жүзеге асуы» деген пікірлер басым болды.

Президент 2018 жылы қазақстандық журналистерге берген сұхбатында «Қазақстанда кезектен тыс сайлау жоспарланбағанын», «алдағы президент сайлауына қатысу-қатыспайтыны туралы кейін жариялайтынын, 2020 жылға дейін әлі уақыт барын» атап өткен болатын.

Негізінен, Конституциялық Кеңес Конституцияның 72-бабына сәйкес Президенттің мерзiмiнен бұрын қызметiнен босату туралы Конституция нормаларына ресми түсiндiрме, белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталуына тиесілі қорытынды жасауға құқылы. Конституциялық Кеңес iс жүргiзуге қабылданған өтiнiштi бiр ай iшiнде қарап, қорытынды шешiм шығарады. Дегенмен, заңға сәйкес қорытынды шешім қабылдау үшін берілетін бір айлық мерзiм күнтізбелік он күнге дейiн қысқартылуы мүмкiн. Бұл әдеттегі процедуралық іс-шаралар.

Конституциялық Кеңес мәліметі бойынша, 1996 жылғы қаңтар айынан бастап қазіргі таңға дейін Конституциялық Кеңеске 190-нан астам өтініш, оның ішінде, 23 өтініш - Мемлекет басшысынан, 77 өтініш - Парламент Палаталарының төрағалары мен оның депутаттарынан, 27 өтініш – әр түрлі кезеңде қызмет атқарған Премьер-Министрлерден, 68 өтініш - соттардан түскен, яғни бұл заң шеңберінде тағы бір сұрау салуға құқықтанушы-ғалымдарды қатыстыра отырып, түсіндірме жұмысын жүзеге асыру деп есептеуге болады.

Тәжірибеде бар түсіндірме жұмысының дәлелі - осы уақытқа дейін Конституциялық Кеңес шамамен 30 заң және халықаралық шартты толықтай немесе ішінара конституциялық емес деп таныған болатын.

Жолдыбалина Алуа,

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚСЗИ бөлім басшысы