22 там, 2019 сағат 18:23

Криштиану Роналду кәсіби мансабын аяқтауы мүмкін

Португалия ұлттық құрамасының және Туриндік «Ювентус» клубының шабуылшысы Криштиану Роналду келер жылы кәсіби мансабын аяқтауы мүмкін. Бұл туралы футболшының өзі айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жаңа маусым қарсаңында әйгілі футболшы Португалияның TVI арнасына сұхбат берді.

«Жеңіс атаулы қашанда маңызды әрі оған тоймайсың, бірақ ертең жеңе алмай қалсам, ол ақырзаман емес. Бастысы, жігерің құм болмауы керек. Егер мотивация болмаса, мен футбол ойнағанды қояр едім. Бәлкім, ол алдағы жылдың еншісінде шығар. Бірақ мен 40 жасқа дейін, 41-ге дейін де доп тебе аламын», - деді футболшы.

Бес дүркін Алтын доп иегері мансабының соңына дейін футболдан ләззат алатынын жеткізді.

«Дәл қашан тоқтайтынымды білмеймін, бір білетінім – соңғы сәттерге дейін футболдан ләззат аламын, жұмыс істеймін. Менің әр таңым солай атады. Бәрін беретін – еңбек. Тіпті Нобель сыйлығының иегерлері де құдай берген дарынынан тыс, көп еңбектенеді. Тек спорттан ғана емес, басқа салалардан да үлгі алғанды ұнатамын», - деді Роналду.