07 жел, 2017 сағат 23:07

Криштиану Роналду - 2017 жылдың «Үздік футболшысы» (Видео)

Футболдан Португалия құрамасының және испандық «Реал Мадрид» клубының шабуылшысы Криштиану Роналду бесінші рет «Алтын доптың» иегері атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" eurosport.com-ға сілтеме жасап.

Марапаттау рәсімі Франция астанасы Париж қаласының әйгілі Эйфель мұнарасында салтанатты түрде өткізілді.

Талантты футболшы 2017 жылы команда сапында да, жеке көрсеткіштер бойынша да көптеген ірі жеңістерге жетті. Атап айтсақ, Португалия ұлттық құрамасының 2018 жылғы Әлем чемпионатына жолдама алуына, «Реалдың» бес жылдық үзілістен соң Испания чемпионатын, УЕФА Чемпиондар лигасының бас жүлдесін тарихта алғаш рет қатарынан екі рет, жалпы 12-ші рет жеңіп алуына көмектесті. Бұдан тыс, 2017 жылы Чемпиондар лигасында ең көп гол соққан футболшы, турнир тарихында топтық кезеңнің барлық матчында гол соққан алғашқы ойыншы атанды.

Айта кетелік, «Алтын допты» France Football журналы жылдың үздік футболшысы деп танылған ойыншыға береді. Португалиялық форвард ерекше сыйлық иегерлерінің арасында осы кезге дейін үздік болып келген Аргентина шабуылшысы Лионель Мессимен теңесті.