18 қыр, 2019 сағат 10:43

ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті Пенчак Силат атты жауынгерлік өнердің жаңа түрін тіркеді

ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков ҚР «Pencak Silat» қауымдастығының президенті Гаджи Гаджиевке, қауымдастық вице-президенті Медет Әбжановтың және т.б. қатысуымен жауынгерлік өнердің жаңа түрін мойындау туралы сертификат тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Пенчак силат (Pencak Silat) - Индонезия, Малайзия, Сингапур және Бруней елдері кіретін индонезия-малай архипелагының байырғы халықтары қолданған жауынгерлік өнер түрі. Бұл спорт түрі индонезия және малай халықтарының тарихы мен мәдениетінде маңызды рөл атқарады. Айта кету керек, соңғы жылдары Пенчак силат Оңтүстік-Шығыс Азияның аумағынан шығып, Голландия, Германия, Италия, АҚШ пен Жапония сияқты көптеген елдерде кең тарады. Қазір жауынгерлік өнердің бұл түрін 70-тен астам ел спорт ретінде қолданады. Ал дәстүрлі Силат 140-тан астам елде өзін-өзі қорғау өнері ретінде танымал. Кейбір елдердің Қарулы күштері Пенчак силатты өзін-өзі қорғауға арналған базалық спорт ретінде қолданады.

«Пенчак силат - қауіпсіз спорт түрлерінің бірі. Өйткені оның құрамына кіретін үш ұрыс түрі ешқандай жанасуды қажет етпейді. Яғни бұл түрлермен балалар да, қыздар да алаңсыз айналыса алады», - дейді қауымдастықтың вице-президенті Талғат Қалиев.

Бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Атырау қалаларында және Жамбыл, Алматы облыстарында Пенчак силат қауымдастығының филиалдары құрылған.

«Келешекте бес өңірде филиалдар ашуды жоспарлап отырмыз. Ұлттық Олимпиада комитеті біздің ұйымды қауымдастық ретінде тіркеді. Қараша айында Пенчак силат бойынша бірінші республикалық чемпионат өткізуді жоспарлап отырмыз. Ал желтоқсан айында Азия чемпионаты өтеді. Республикалық чемпионаттың жеңімпаздары сол жарысқа жолдама алады», - деді «Pencak Silat» қауымдастығының президенті Гаджи Гаджиев.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде қазақстандық спортшылар бұл спорт түрінен медальдер жеңіп алуда. Биыл наурыз айында Орталық Азияның ашық турнирінде қазақстандық команда 3 күміс, 10 қола медаль жеңіп алса, үш айдан кейін 2 алтын, 3 күміс және бір қола жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар, қыркүйек айының басында Оңтүстік Кореяда өткен Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарында Қазақстан қоржынына 2 қола медаль түскен.

Қауымдастық өкілдері жыл соңына дейін тағы бірнеше жарысқа қатысу жоспарда тұрғанын айтады. Таиландта 30 қыркүйек пен 5 қазан аралығында өтетін Азия жағажай ойындарына қазақстандық Пенчак силат өкілдері де қатысады. Сонымен қатар, Қазақстан командасы желтоқсан айында Пенчак силаттан Қытайда өтетін бесінші Азия чемпионатына дайындалуда.