28 қаз, 2019 сағат 08:20

ҚР ҰҚК 240 келі уран ұрлаған қылмыстық топты ұстады

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қызылорда облысында 240 келі уранды ұрлап, сатпақ болған жерінен қылмыстық топты құрықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2019 жылдың 23 қазанында ҚР ҰҚК қызметкерлері Қызылорда облысы аумағында 240 келі уран концентратын сату әрекетінің жолы кесті. Өткізілген арнайы операция нәтижесінде қылмыстық топтың 4 мүшесі қылмыс үстінде ұсталды. Оларға Қылмыстық кодекстің 283-бабы 2-бөлігі бойынша («Радиоактивтi заттармен, радиоактивті қалдықтармен, ядролық материалдармен заңсыз жұмыс істеу») күдік келтірілді. Ядролық физика институты мамандарының қорытындысы бойынша, алынған уран концентраты қауіпті радиоактивті зат болып табылады. Көрсетілген заттың сәулелену деңгейі рұқсат етілген көрсеткіштен бірнеше есе артық және қоршаған орта мен халық денсаулығына қатерлі қауіп төндіреді (радиологиялық және токсикологиялық зардаптар)», - делінген ҚР ҰҚК хабарламасында.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қылмыстық топ өкілдері радиоактивті затты ванадий кен орнын игеретін кәсіпорыннан ұрлаған.

«Басқа ақпарат сотқа дейінгі тергеу мүддесінде жария етілмейді», - деп қосып өтті комиттен.